Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын ілгерілетудің маңызы зор. Бұл әрі мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі саналады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Қазақстан халқына арналған Жолдауында агросалаға айрықша назар аударылуы да бекер емес. «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет», – деген еді Мемлекет басшысы. Осы орайда, он жылдан астам уақыттан бері ұйымдастырылып келе жатқан KazAgro/KazFarm көрмелері де еліміздегі шаруашылықтардың жаңа технологияға дендеуіне біршама үлес қосып келеді. Ал осы халықаралық ірі шараны ұйымдастырып жүрген жанның бірі – Шолпан Қожабаева. Биылғы көрме алдында іскер замандасымызбен біз де аз-кем пікірлескен едік.– Шолпан Нұрұлдақызы, алдымен KazAgro/KazFarm-2022 агроөнеркәсіптік көрмелерінің биылғы жаңалықтары туралы айтып берсеңіз.
– Жыл сайын көрмеге қатысушылар ауыл шаруашылығы техникасы мен агроөнеркәсіп саласындағы көптеген жаңа өнім мен инновацияны ұсынады. Биыл да ерекше оқиғалардың куәсі боламыз деген ойдамын. Айталық, ауыл шаруашылығы техникасы жаңалықтарының ішінде күнбағыс дәнінен қабықты бөлуге арналған жаңа машиналары назар аудартады. Сол сияқты, KAMAZ жаңа көліктерін – әртүрлі сусымалы құрылыс және өнеркәсіптік жүктерді тасымалдауға арналған автосамосвал және дәнді дақылдардың барлық түрлерін тасымалдауға арналған көлемі 30 текше метрлік астық самосвалын ұсынады.
Көрмелерге ілмекті тіс тырмаларын және сырғалы тырмаларды алып келмек. Сол сияқты, «Туман-3» өздігінен жүретін бүріккіш-таратқышты біздің ауыл шаруашылығымызға да аса қажет.
KazAgro/KazFarm көрмесі құрал-жабдықтарды көрсететін дәстүрлі стендтерден басқа, агроөнеркәсіпті дамытуға арналған заманауи цифрлық платформаларды да қамтиды. Мысалы, Tractor.app пайдаланушыларға біздің ел ішінде және шетелде дәлелденген ауылшаруашылық техникасын оңай алмасуға мүмкіндік беретін алғашқы ішкі маркетплейсті ұсынады. Agrostream биыл агрономға арналған жаңа модуль мен қосымшаны, агрономның жылжымалы күнделігінің бір түрі – AgroMap-ты көрсетпек.
Сондай-ақ қонақтар «Үздік сауыншы» байқауы мен бұқа ұрықтарының аукционы сияқты түрлі шараларға қатыса алады.
– Қазақстанда ауыл шаруашылығы саласын дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Осы орайда, сіз өткізіп жатқан көрмелер шағын және орта бизнеске пайдасын тигізе ме?
– Жоғарыда атап өткенімдей, көрмелер шаруашылықтарды түрлі аспектілерде дамытуға және кеңейтуге көмектеседі. Саланы дамыта отырып, шағын болсын, орта болсын, бизнес те соған сай дамиды. Біз өз кезегімізде отандық және халықаралық деңгейде танылған ең озық компанияларды импорттауға тырысамыз. Осылайша, фермерлер мен малшылар үшін ең жақсы техниканы енгізу арқылы өнімділік бірнеше есе артады, бұл ШОБ табысын одан әрі арттырады.
Бұл ретте біз аграрлық ғылымды дамытуға үлкен мән беруге күш саламыз, өйткені ғылым дамымай жаңа технология да, жаңа техника да болмайды. Біз аграрлы ел ретінде агроғылымға көбірек көңіл бөлуіміз керек. Соның аясында түрлі оқу орындарымен, ғылыми орталықтармен ынтымақтастық орнатуға тырысамыз. Болашақта осы саланы дамытатын өскелең ұрпаққа жол ашып, көрмелерімізге олардың өкілдерін көбірек қатысуына көңіл бөлуіміз керек.
– Жаңа сөзіңіздің арасында асылтұқымды бұқа мен қошқарлардың тұқымдарына аукцион өтетінін айтып қалдыңыз. Мұндай шараны өткізуге не себеп болды?
– Біріншіден, агробілім, агроғылым бір орында тұрмайды. Әрдайым өзгеріс, даму үстінде. Сонымен бірге әлем де өзгеріп жатыр, климат та өзгеріп жатыр, ғарышқа неше түрлі ғарыш кемелері мен ұшақтар ұшуда. Адамның да денсаулығы бұрынғыдай емес, 30-50 жыл бұрын бәрі басқаша еді. Сол сияқты, жануарлардың да, өсімдіктердің де вегетациясы өзгеріп жатыр. Осындай өзгерістер кезеңінде ғылым да қарыштап ілгерілеуде. Ал біз – аграрлық елміз, агросала да алға жылжуы керек. Көрмені де сол үшін ұйымдастырудамыз. Салаға кішкене болса да бір жаңалық енгізгіміз келеді. Дамыған елдердің өзгеше бір дүниесі болса, ол пайдалы болса, соны пайдаланғанды жөн санаймыз.
Ал қазақ әу бастан, ата-дәстүрімізге сай, мал шаруашылығымен айналысады. Осы салада да ғылым өзгеріп жатыр, біз де сол ғылымның артынан із басып үлгеруіміз керек. Әлемдік мал шаруашылығында қолдан ұрықтандыру деген тәсіл бар. Бұл бүкіл жер шарында, алдыңғы қатарлы елдерде қолданылады. Не үшін? Жаңа айтқанымдай, бүкіл өзгерістер жануарларға да әсерін тигізіп жатыр. Олардың да тұқымдары сиреп кеткен, жақсылары азайып кеткен.
Адамдармен салыстырғанымыз қалай болар екен, десе де бедеулік тек адамдарға тән емес, қазіргі таңда малдарға да байланысты. Қолдан жасалған ұрықтандыру нәтижесін бірден береді. Себебі биоматериалды ішінен іріктеп алады, сапалы, күшті тұқымнан бізге қажет мал таңдап алынады. Бұл орайда, тұқым алынатын малдың күтіміне, бабына, жағдайына баса назар аударылады. Осындай түліктен ғана тұқым алынады.
Қазақстанда енді мал шаруашылығының дами беретіні анық. Бұл тоқтайтын процесс емес. Егер әлемде осы жақсы тәсілді қолданып жатса, неге бізге де қолданбасқа. Сондықтан біз оны жарнамалауымыз керек. Сол себептен біз осы аукционды ұйымдастырып отырмыз. Бұл алғаш рет өтетін аукцион.
– Жалпы, Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының дамуына қандай баға бересіз?
– Тағы қайталап айтамын, ауыл шаруашылығы бір орында тұрып қалатын сала емес, әрдайым дамып, өркендеп отырады. Ал оған біз ілесіп үлгеріп жатырмыз ба, үлгермей жатырмыз ба – бұл басқа мәселе. Ең маңыздысы, біз көрме аясында саладағы соны жаңалықтардың барлығын қамтуға күш саламыз. Өзіміздің фермерлерге көрсетуге, бөлісуге күш саламыз. Олар үш күн бойы біздің жаңалықтарымызбен танысып, жақсысын алады, тәжірибе жинақтайды, әріптестерімен пікір алмасады.
Қалай десек те, ауыл шаруашылығы – өте ауыр сала. Біз ондағы қауырт жұмыстарды жеңілдеткіміз келеді. Жаңа техника, робот, технология, тәсіл... барлығын қамтысақ дейміз. Жастарды да осы салаға тартсақ деген мақсатымыз бар.
Бұл сөздеріме қарап, еліміз барлық жағынан артта қалған екен ғой деген ой тумасын. Осы саланың ішінде жүрген маман ретінде айтайын, Қазақстан ауыл шаруашылығы бойынша Орталық Азияда алдыңғы қатарда тұр. Мұны айтуымыз керек. ТМД елдері арасында да көш ілгеріміз. Кейбір позицияларда біз әлемде де алдыңға қатардамыз. Сондықтан тек ілгері ұмтыла беруіміз керек.
– Әңгімеңізге рақмет!