Алматыда халықаралық медиафорум өтті
Алматыда халықаралық медиафорум өтті
543
оқылды
Оңтүстік астанада «Түркітілдес журналистер қорының» ұйымдастырумен ІІ Түркітілдес журналистер медиафорумы өтті. Іс- шараның алғашқы күні «Әлеуметтік журналистика: БАҚ-тағы әлеуметтік мәселелер» тақырыбында семинар-тренинг ретінде өтті. Оған алыс- жақын елдерден келген ақпарат саласының білгірлері қатысып, өз білім тәжірибелерімен бөлісті. Олардың ішінде Италиядағы Шетелдік журналистер ассоциациясының президенті Ясма Чакыр, Анталия Журналистер одағының төрағасы Идрис Таш, Түркия Журналистер конфедерациясының Халықаралық қатынастар жөніндегі бас үйлестірушісі Мевлут Йени, өзбекстандық «Халық сузи» басылымының жауапты хатшысы Нұрлан Усмановтар бар.  width= Айтулы шараның екінші күні «Түркі әлемінің ақпараттық ынтымақтастығы» атты форумға ұласты. Ол жерде де Ұлыбритания, Италия, Түркия, Өзбекстан, Қырғыз Республикасы елдерінен келген қонақтар түркі дүниесіне ортақ ақпарат алмасу және оларды жариялау тұрғысындағы өз ойларын ортаға салды. Іс-шараға өз елімізден де «Ана тілі» басылымының Бас редакторы Қали Сәрсенбай, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің деканы Нұржан Қуантайұлы сияқты осы саланың белгілі майталман мамандарымен бірге танымал отандық медиаменеджерлер қатысты. Екі күнге созылған шара Түркітілдес журналистер қорының мұрындық болуымен және «Шеврон» компаниясының қаржылай қолдауымен ұйымдастырылған "Әлеумет - қоғам айнасы" байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен қорытындыланды.  width= Әлеуметтік тақырыптарды қозғаған шығармаларға белгіленген байқауда әділқазылар алқасының шешімімен 1-орын -  астаналық Әсел Жақсыбайға, екінші орын -  «Айқын» газетінің тілшісі Жадыра Мүсілімге, үшінші орын талдықорғандық журналист Данияр Болысбекұлына бұйырды. Сондай-ақ  Бағдәулет Айдағараев, Дастан Баширов, Айнагүл Шакупова мен Дәурен Махимовтар ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Айта кетейік, тура осындай медиафорум 2018 жылы Түркияның Стамбұл қаласында алғаш рет өткізілген болатын.