Халықаралық геосаяси жағдайдың шиеленісуі Қазақстанға оңай тиіп тұрған жоқ. Қазақ мұнайының 80 пайызы тасымалданатын Каспий құбыр желісі консорциумын Ресей жыл басынан бері төрт рет бұғаттап тастады. Мұндай қитұрқы әрекеттің алда әлі де қайталанбасына ешқандай кепілдік жоқ. Осыған орай ел билігі терістіктегі көршінің аумағын айналып өтетін баламалы дәліз ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының қуатын арттыруға шындап ден қоя бастады.Экспорттық дәлізді әртараптандыру
Дүние дүрлікпей тұрғанда, Қытай мен Еуропа одағы арасындағы құрлықтағы жүк тасымалының 95 пайызы транзитпен Қазақстан, Ресей және Беларусь аумағын басып өтетін. Сондай-ақ былтыр КҚК арқылы еліміз 53,1 миллион тонна мұнай тасымалдады. Оның үстіне, біздің импорттың 40 пайызы, экспорттың 29 пайызы Кәрі құрлыққа тиесілі екенін және мұның бәрі Ресей аумағымен өтетінін ескерсек, Батыс санкциясы салқынының бізге де тиіп жататыны түсінікті. Әлбетте, өркениет әлемі қазақ бизнесіне тікелей қысастық жасап отырған жоқ, алайда еуропалық порттар РФ-ны тіпті транзиттік кірістерден айыру үшін оның аумағынан өтетін басқа елдердің де тауарларын қабылдаудан жиі бас тарта бастады. Соның салдарынан отандық өнімдердің Ресей порттарынан әрі шыға алмай қалатын кездері көп. Ол жүк жөнелтушілерді үлкен шығынға батырады. Сондықтан Транскаспий халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) маңызы арта түсті.
7 шілдеде Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) жұмысы кезекті рет тоқтатылғаннан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-транзит әлеуетін дамытуға арналған жиында ТХКБ-ны жүзеге асыру үшін Үкіметке және тиісті мекемелерге бірқатар тапсырма берді.
– Транскаспий бағдары басым бағыт болып саналады. «ҚазМұнайГаз» АҚ-ға оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын, соның ішінде Теңіз жобасына инвесторларды қатыстыру мүмкіндігін пысықтауды тапсырамын. Үкімет «Самұрық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау – Кеңқияқ және Кеңқияқ – Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауы керек. Қазақстан теңіз арқылы тасымалдау әлеуетін толық пайдаланған емес. Қазір заман басқа. Порттарымыз Каспий теңізінің жетекші хабтарының біріне айналуы тиіс. Теңіз флотын нығайтып, Ақтау портында контейнерлік хаб құру қажет, – деді Президент.
Рас, Транскаспий бағыты тек мұнай тасымалдауға арналмаған әрі оның өткізгіштік қуаты анағұрлым аз. Сондай-ақ әзірге мұнайдың қанша бөлігі Каспий теңізімен Әзербайжанға, Грузияға, Түркияға және Еуропаға экспортталатыны белгісіз. Әйтсе де, қазіргідей қысылтаяң шақта ТХКБ-ның рөлі ерекше. Ол Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия, Түркия, Украина, Польша, Румыния секілді мемлекеттерді басып өтеді. Бұл бағытқа Еуропа елдері де қызығушылық танытып отыр. Бізге де бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Оның үстіне, теңіз жолымен Иранға көмірсутегін тасымалдау мүмкіндігі бар екенін ұмытпайық.
Жақында Транскаспий халықаралық көлік бағыты форумында ЕО Көлік комиссары, Еурокомиссия бас директораты, Еуропа сыртқы қызмет істері өкілдері Еуроодақтың Қазақстанмен және тасымал дәлізіне қатысушылармен көлік-транзиттік қатынасын тереңдете түсетінін мәлім етті. Ал Еуродепутат Богуслав Либерацки Брюссель Global Gateway стратегиясы аясында әріптестермен транзиттік байланыстарды нығайту үшін 300 млрд еуро бөлінетінін жеткізді. Ол транзиттік ағыстарды кеңейтіп, өңір елдерінің күннен-күнге өсіп келе жатқан сұраныстарын қанағаттандыра алатын болады.
Порттардың өткізу қуаты артады
Транскаспий желісі техникалық тұрғыдан күрделі мультимодальдық бағыт, мұнда тасымалдауға теңіз және теміржол көліктері қатыстырылады. Сондықтан бағдардың инфрақұрылымын жетілдіруге және сервисті дамытуға көп қаржы қажет. Бірақ шығынның қайтарымы да қомақты болмақ. Бұрын бағыт қуатының төрттен бірі ғана жұмыс істеп келсе, енді ол 95 пайыз жүктелген.
Рас, кейінгі уақытқа дейін Транскаспий бағытының әлеуеті толық ашылған жоқ. Кезінде Ақтау портында паром кешені салынып, оның өткізу қуатын арттыру үшін аумақта үш құрғақ жүк терминалы бой көтерді. Қазір оның инфрақұрылымы 21 млн тонна жүк өткізуге қабілетті. Сол себепті порттан кез келген тауарды, кез келген бағытқа тасымалдау мүмкіндігі бар.
– Ақтау және Құрық порттары арқылы қаңтар айында 14 мың тонна жүк тасылса, ақпан айында ол 1,5 есе өсіп, 22 мың тоннаға, наурызда 4 есе артып, 88 мың тоннаға, сәуірде тіпті 238 мың тоннаға жетті. Өздеріңіз көріп отырғандай, жүк көлемі жыл басынан бері ондаған есе ұлғайды. Егер былтыр Транскаспий желісі бойынша жүк айналымы 700 мың тоннаны құраса, биыл оның көлемін 10,5 млн тоннаға жеткізу жоспарланған, – дейді ТХКБ бас хатшысы Гайдар Әбдікерімов.
Оның айтуынша, Қазақстан, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдері алдағы бесжылдықта бұл дәліздің инфрақұрылымын кеңейту үшін 7,5 $ млрд инвестиция салуға уағдаласқан. Жаңа жобалар қазір жүзеге асырылып жатыр. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан республиканың транзиттік жолдарын дамытуға және әртараптандыруға, көлік инфрақұрылымын жетілдіруге 20 млрд $ инвестиция салуды жоспарланған.
Осыған орай Ақтау портының қуатын арттыруға және онда контейнер хабын қалыптастыруға қатысты тиісті шешімдер қабылданды. Жоба бойынша Қытайдан Еуропаға баратын жүктің бір бөлігін ТХКБ-на көшіру, Түркіменбасы – Ақтау – ҚХР контейнерлік желісін дамыту жоспарланған. Жоспар жүзеге асқан жағдайда контейнер тасымалы қазіргі 40 мың ДФЭ-ден 2025 жылы 133 мыңға жетеді деп топшыланған. Сол арқылы республиканы Орталық Азиядағы ірі көлік-логистикалық хабқа айналдыру көзделген.
Каспийде Қазақстанның өз сауда флоты жұмыс істейді. Оның құрамында 4 құрғақ жүк тасушы кеме бар. Ұлттық теңізде тасымалдаушы «Қазтеңізтрансфлот» АҚ жыл соңына дейін оның санын 6-ға жеткізуді ойластырып отыр. Жақын күндері жаңа желі арқылы Ақтау терминалын Әзербайжанның Говсана портымен жалғамақ. Әзербайжан өз тарапынан бағытты одан әрі дамыта отырып, Армения арқылы Түркияға өтетін Зангезур дәлізін іске қосатын болады. Құрылыс жұмыстары осы қарқынмен еш тежеусіз жүргізілетін болса, онда 3-5 жылдан кейін ТХКБ-ның өткізу қуаты айтарлықтай ұлғая түсетіні сөзсіз. Бұдан бөлек, Транскаспий дәлізінің қуаты жылына 10 млн тонна мұнай тиеуге қабілетті Грузияның Кулеви порты арқылы да күшейтілмекші. Сондай-ақ қазір түрлі түсті металдар мен темірді, көмірді Түркия мен Грузия порттары арқылы өткізу жайы да қарастырылып жатыр.
Айта кетейік, жерүсті көлігімен тасымалдау бағдарын күшейту экономиканың барлық саласына мультипликативтік әсер береді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегіне сүйенсек, еліміз барлық көлік дәлізін жаңғырту жұмыстарын 2030 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарлаған. Бұл шаралар экспорттық тасымал дәлізін әртараптандыруға мүмкіндік беретін болады.