Осы заманғы жастар түсінігіндегі құндылықтар да трансформацияға ұшырағандай. Айталық, бұрын құндылық деп бағалы заттар мен құнды қасиеттерді айтса, қазіргі жастардың басты құндылығы – ел көріп, әлем аралау. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Әйгерім Төлбасы да осы санатта. Ол небәрі 20 жасында 30 елді, 62 қаланы аралап үлгерген. Ең қызығы, Әйгерім саяхатының барлығын тиімді бағаға өзі ұйымдастырады. Ол әлемді аралау арқылы өмірге деген көзқарасы да өзгергенін айтты.– Ең алғаш қай елге, қашан саяхаттадыңыз? Жалпы, саяхатшы болу идеясы қалай келді?
– Алғаш рет шетелге 14 жасымда шықтым. Назарбаев зияткерлік мектебінде оқып жүргенде түрлі жобаға қатысып, белсенділігімен көзге түскен оқушылар Қазақстанның басқа қалаларына, шетелге білім алу үшін тегін жіберілетін еді. Саяхаттауға деген қызығушылық мектептің берген мүмкіндіктерінен басталды. Әртүрлі жобаның арқасында Қазақстанның бірнеше облысына саяхаттадым. Сол белсенділігім үшін 9-сыныпта мені Малайзияға 20 күнге тегін оқуға жіберетін болды. Ең алғаш ұшаққа да сол кезде отырдым. 2 күн ішінде жиналып, ата-анамсыз Малайзияға аттандым.
Малайзияда жаңа әлемді көргендей болдым. Мүлде басқа ел, табиғаты, тұрмыс-тіршілігі, мәдениеті мен адамдары да басқа. Бір елді көру арқылы бұл әлемнің қандай үлкен әрі қызыққа толы екеніне көзім жетіп, басқа елдерге де саяхаттағым келді. Осылайша, жүрегімде әлемді аралау деген арман пайда болды. Малайзиядан соң басқа елдерге қатты барғым келді, шетелге оқуға түсу жолдарын қарастыра бастадым. Мәскеу, Түркия, Гонконг сияқты дүниенің әр тұсынан білім грантын ұтып алсам да, бір қиындықтар туындап, бара алмай қалдым. Кейіннен Қазақстанға оқуға түстім.
– Қыруар қаражатсыз қалай тиімді саяхаттауға болады?
– Саяхаттау үшін миллиондаған ақша қажет деген ой біздің қоғамда қалыптасып қалған. Жасына, жынысына, әлеуметтік-материалдық статусына, интеллектуалды қабілеттеріне және басқаға қарамастан, кез келген адам саяхаттай алады. Ол үшін тек интернет қолдана алуы және әлем аралауға деген қызығушылық болуы қажет. Саяхаттауға кететін қаражат әр адамның жеке қалауына байланысты. Мысалы, Дубайға 100 мың теңгемен де, миллионмен де баруға болады. Өзім тиімді саяхаттауды таңдаймын. Себебі маған ең маңыздысы, жайлылық емес, жаңа елден алатын эмоциялар. Тиімді саяхаттау үшін комфорттан бас тартып, эмоцияға мән берілуі керек.
– Сізге ұнаған 3 ел?
– Әрбір елдің өзіндік ерекшелігі бар, бірақ маған ең қатты ұнағаны Америка Құрама Штаттары болды. Мен Америкада 4 ай жалғыз өмір сүріп көрдім. Сол кезде расында Америкада еркіндікті сездім. Неге америкалықтар жиі басқа елдерге саяхаттамайды десем, өздерінде бәрі бар екен. АҚШ-тың 8 штатында болдым. Әр штат жеке бір ел сияқты әсер қалдырды.
Сондай-ақ Еуропа елдерінен Дания мемлекеті ерекше әсер қалдырды. Статистикаға сәйкес, ол жерде әлемдегі ең бақытты адамдар тұрады. Олар қандай болады, не үшін бақытты деген сұраққа жауап алу үшін сол елге бардым. Расында, өте суық болса да, халқы жылы жүзді. Олардың өмірге деген көзқарасы мені таңғалдырды. Дания халқының өмір салты ерекше, жұмыс пен демалыс арасындағы тамаша тепе-теңдікті ұстанады. Олар өмірден ләззат алу үшін өмір сүреді. Сонысы маған қатты ұнады.
Ал үшінші елге Италияны жатқызғым келеді. Италиялықтардың өмір сүруге деген көзқарасы маған өзге ой салды. Олар Dolce Far Niente деген ұстаныммен өмір сүреді. Яғни, ештеңе жасамау және содан ләззат ала білу. Халық ешқайда асықпай, өз темпінде өмір сүреді. Тіпті, «ештеңе жасамау» деген жоспарды күніне қосады екен. Кейде бізге де осындай жай ғана өмір сүруден рақат алу сезімі жетіспейтін сияқты.
– Саяхатқа Қазақстанда көп ақша кете ме? Әлде шетелде ме?
– Саяхатқа Қазақстанда көп ақша кететіні бәріне мәлім. Соның ішінде көп қаражат әуе билеттеріне жұмсалады. Бізде бір қаладан екінші қалаға ұшып бару өте қымбат. Ал Еуропада бір елден екінші елге 10 мың теңгеге ұшуға болады. Ал қалған пункт бойынша, тамақтану, қонақүй Қазақстанда Еуропа елдерімен салыстырмалы түрде арзан.
– Бір сұхбатыңызда «турист пен саяхатшының арасында үлкен айырмашылық бар» депсіз. Сонда қандай?
– Турист пен саяхатшы арасында үлкен айырмашылық бар. Турист дайын турды сатып алып, 3 мезгіл тамағы бар қымбат қонақүйде демалатын адам деп те айтуға болады. Туристер экскурсияны сатып алып, белгілі бір маршрутпен қозғалады. Ал саяхатшы басқа елге саяхаттағанда сол жердің адамдарымен сөйлесіп, үйінде қонып, қалай өмір сүретінін толық көретін адам. Саяхатшы басқа елге тек оның әдемі табиғаты мен көрнекті жерлерін көруге ғана бармайды. Өзін сол елдің тұрғыны ретінде сезініп, елді зерттей біледі. Саяхаттау – бұл тек демалыс емес, өз-өзіңді ашу, тану процесі. Саяхаттау кезінде адамның мінезі қалыптасады. Кенеттен туындаған қиындықтарды шешу арқылы адамның өзіне деген сенімділігі артады. Қиын сәттерде эмоцияға берілмей, дұрыс шешім шығаратын деңгейге жетеді. Жиі саяхаттайтын адам материалдық өмірге байланбайды. Ол тек минимализмді жақсы көреді, керек емес дүниеден бас тарта біледі.
– Шетелде әртүрлі хосттардың үйінде болдыңыз. Жалпы, хостармен қалай байланысасыз? Олардың қонақжайлығы қандай?
– Иә, саяхатқа аз ақша жұмсау үшін сол елдің жергілікті тұрғындарының үйіне қонақ боламын да, тегін орналасамын. Бүкіл әлемнің саяхатшыларын байланыстыратын Couchsurfing деген мобильді қосымша бар. Бұл әлеуметтік желі сияқты. Онда әрбір қолданушының жеке парақшасы, ақпараттары болады. Осы қосымша арқылы басқа елден хост табамын. Ал хост деген – мені үйіне қонақ қылатын үй иесі. Олар өзіміздің қазақ халқы сияқты өте қонақжай келеді. Барлығын көрсетіп, түсіндіріп, тамағын ұсынып, әңгіме айтып, жағдайыңды жасайды.
– Еліміздегі туризмді дамыту үшін не істеу керек?
– Елімізде туризм саласы баяу қарқынмен дамып жатыр. Дегенмен анық байқалмаса да, елімізге шетелден келетін туристер жоқ емес. Ал Қазақстанның туризмін әлемдік деңгейге көтеруге толықтай мүмкіндік бар. Менің ойымша, туризмді дамыту үшін ең бірінші Қазақстаннан ұшатын және елге келетін ұшақтардың билет бағасын төмендету керек. Дәл осы тәсілді Грузия қолданып, қазір оларда туристер саны күннен-күнге артып келеді.
Екіншіден, баға саясатын қалыптастыру қажет. Біздің елде шетелдік адамды көрсе, такси жүргізушілерінен бастап артық ақша алып қалғысы келеді. Сол үшін халықтың туристерді қабылдауға деген көзқарасын өзгерту керек. Ол бірден орындалмаса да, халыққа маңыздылығын жеткізуіміз қажет.
Үшіншіден, еліміздегі керемет табиғат дестинациялары жайлы шетелдік туризм порталдарында жарнама жасау керек. Біздің елге көп келе бермейді, себебі мұнда не бар екенін білмейді. Ішкі туризмді дамыту үшін украиналық «Орел и решка» сияқты бағдарламаға ұқсас дүниені жасап шығару керек деп ойлаймын. Әр облысқа саяхат жасап, оны басқаларға көрсету арқылы адамдардың қызығушылығын арттыруға болады. Қазір мен өз парақшамда да дәл осы нәрсені жүргізіп жатырмын. Әрбір өңірде баруға болатын жерлер тізімін құрастырып, оқырмандарға ұсынамын.
Төртіншіден, халықтың қалтасына қарай бағаларды ұсыну керек. Бізде тек Көлсай-Қайыңдыға бару тиімді болғанымен, Шығыс Қазақстан облысындағы Марқакөл сияқты жерлерге турлар бағасы 50 мың теңгеден жоғары.
– Әңгімеңізге рақмет!