Оралдағы Достық үйінде Кәсіподақтар күніне арналған мерекелік жиын өтті. Іс-шараға қатысушыларды «Қызмет» Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Серік Сүлеймен мерекемен құттықтады.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында кәсіподақ мүшелеріне де үлкен міндет жүктеді. Маңызды құжатта ертеңгі күнге сенімді еселей түсетін елеулі өзгерістер жөнінде кеңінен айтылды. Бұл жолғы Жолдаудың ерекшелігі мынада – ол Жаңа Қазақстан құру жолындағы жаңарған Ата заңымыздың аясында жария болды. Көпшіліктің ойында, халықтың көкейінде жүрген көп мәселенің түйткілі осы Жолдауда өз шешімін тапты. Жолдауда айтылған басты мәселелердің ішінде айрықша айтып тоқталғым келетіні – Президент халықтың әл-ауқатын арттырудың басты факторы еңбекақыны нарықтағы жағдайға сай өсіру бағытындағы өзгерістер жайында айтқан болатын, – деді Серік Кенжебекұлы.Оның айтуынша, мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістерін енгізеді. Осы мәселеге Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының біраз жылдан бері қозғау салып жүргені белгілі. Мақсат – ең төменгі айлық мөлшерін орташа айлық шамасының 50 пайызына дейін кезең-кезеңімен өсіру. Сонымен қатар ел Президенті маңызды саяси құжатта қарапайым еңбек адамына үнемі құрмет көрсетіп, олардың әлеуметтік жағдайын нығайтуға атсалысуымыз керек екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының Жолдауы болашаққа сеніммен қарауға жол ашады. Жолдауда айтылған әлеуметтік-экономикалық бағыттағы барлық бастама кәсіподақ мүшелерінің көкейінен шықты. Еліміздегі қолға алынған реформалар мен тың бастамалар еліміздің дамуына, шағын және орта бизнестің экономикадағы тиімді үлесінің артуына, жұмыссыздықтың азаюына және жұртшылықтың пайдалы жұмыспен қамтылуына қомақты үлес қосады. Игі бастамалардың толықтай жүзеге асуы экономикамыздың барлық саласына серпін беріп, оң нәтижеге жеткізбек. Мұндай ортақ істен кәсіподақ ұйымдарының шеткері қала алмайтыны сөзсіз.
– Кәсіподақ – жұмысшылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін өздері құрған тұтас тұрлаулы әрі демократиялық ұйым, заңды тұлға, еңбек қатынастарының заңмен бекітілген тарабы. Сала қызметкерлерінің құқықтық жағынан қорғалуы, әлеуметтік тұрғыдан лайықты қамтамасыз етілуі, денсаулықтарын сақтау мен еңбек дауларының алдын алу, оларды шешу – біздің негізгі жұмысымыз. Бүгінде «Қызмет» облыстық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағындағы 318 бастауыш, 12 аудандық кәсіподақ ұйымына 6 781 адам тіркелді, – деді төраға.Бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс берушілермен ұжымдық шарт жасалып, еңбек департаментіне тіркеледі. Осы ұжымдық шарттарда еңбек қатынастары мен еңбек шарттарының орындалуы, жұмыс уақыты мен демалыс уақытының қадағалануы, еңбекақының уақтылы төленуі, сонымен қатар еңбек қауіпсіздігін қадағалау мәселелері қамтылады. БҚО еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Асылұлан Досжанов әріптестерін облыс әкімдігі атынан мерекемен құттықтап, кәсіподақ қызметіне табыс тіледі.
– Жұмыс беруші мен қызметшілер арасындағы қарым-қатынасты реттеп отыруда кәсіподақ ұйымдарының атқаратын рөлі зор. Кәсіподақтың қызметін заңмен реттеп, оның дау-дамайға араласуына, жұмысшының мүддесін қорғауына өкілдік беру – мемлекеттің міндеті. Елімізде еңбек қоғамын қалыптастыру үшін еңбектенуіміз керек. Сол жолда талмай еңбектеніп, атсалысып жүрген баршаңызға алғыс айтамыз, – деді А.Досжанов.Одан әрі Сырым аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы, аудандық мемлекеттік мекемелер қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Мұса Шалабаевқа, БҚО цифрлық технологиялар басқармасы әкімшілік бөлімінің басшысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Лилида Сайыноваға, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы персоналды басқару қызметі бөлімінің бас маманы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Лариса Кругловаға облыс әкімдігінің алғысхаты табыс етілді.
– 10 қазан – Кәсіподақтар күні мерекесі деп белгіленгеніне үш жылдың жүзі болды. Кәсіподақтар орталығы мен «Қызмет» облыстық мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары бірлесіп жұмыс істеп келеді. Биылғы қыркүйек айында өңірімізге ресми іссапармен ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин келген болатын. Төраға біздің атқарып жатқан жұмысымызға оң баға берді. 2020 жылы бес жылға арналған стратегиялық құжат қабылданды. Федерацияда 2021 жыл бастауыш ұйымдар, 2022 жыл әлеуметтік әріптестік жылы болып белгіленді. Сол әлеуметтік әріптестіктің арқасында кәсіподақтардың жұмысы әрі қарай жалғасады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Жолдауда: «Кәсіподақтар – азаматтық қоғамның ең үлкен бөлшегі» деп кәсіподақтың қоғам өміріндегі маңызды орнын атап көрсетті. Облысымызда 72 мың кәсіподақ мүшесі, 10 салалық, 14 локальдық, мыңнан астам кәсіподақ ұйымы бар. Бұл – үлкен күш. Осы күш-қайратымызды әлеуметтік-экономикалық құқықтарымызды нығайтуға жұмсауымыз қажет. Марапаттарыңыз құтты болсын! Жаңа Қазақстан құрудағы, қоғамды жаңарту бағытындағы қызметіміз оң болсын! – деді басқосуда БҚО кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова.Бұдан кейін орталық басшысы кәсіподақ белсенділеріне қоғамдық қызметтегі елеулі жетістіктері үшін аталмыш қоғамдық бірлестіктің орталық кеңесінің марапаттарын табыс етті. «Кәсіподақ қайраткері» медалімен Орал арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мекемесінің директоры Арман Дәулетов, Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының шаруашылық жөніндегі директордың орынбасары Беркінғали Дәулетов марапатталды. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы облыстық мамандандырылған олимпиада резерві балалар-жасөспірімдер мектебінің спорт әдіскері, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Ольга Сергеева, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ерікқали Бисақаев, Ақжайық ауданының әкімі, кәсіподақ ұйымының мүшесі Қалияр Айтмұхамбетов, облыс әкімдігінің әлеуметтік-саяси талдау және терроризмге қарсы комиссия жұмыс бөлімінің басшысы, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Талғат Нығметов те осы марапатқа ие болды. «Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподағының үздігі» төсбелгісімен Теректі ауданы әкімінің орынбасары, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Ержан Досмаков, Орал қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Исатай Жазықбаев, Бәйтерек ауданы әкімі аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету және қаржы шаруашылық жұмысы бөлімінің бас маман-есепшісі Иралья Мухина марапатталды. Сондай-ақ мерекелік іс-шара барысында кәсіподақ мүшелері мен ардагерлерді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаментінің басшысы Мұрат Байсалов құттықтап, ізгі тілегін айтты. Бір топ кәсіподақ белсендісі кәсіподақ қозғалысына елеулі үлес қосқандары үшін аталмыш қоғамдық бірлестіктің орталық кеңесінің Құрмет грамотасы мен алғысхаттарын алды. Салтанатты жиын барысында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары – «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов шырқаған «Жайығым – құтты мекенім», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанованың орындауындағы «Өмір қандай тамаша», Дархан Құлбабаев әуелеткен «Сыйластық» әндері құлақ құрышын қандырды. Мультиаспапшы Асылан Ғұмаровтың «Әр қазақ – жалғызым» атты төл туындысы тыңдарманның көңілін толқытты. Жиын шымылдығы Алтынбек Оразовтың орындауындағы «Атамекен» әнімен жабылды.