«Біздің ауыл ауызсудың зардабын өмір бойы тартып келеді. 2014 жылы 400 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылда жаңадан су айдау мұнарасы, су сору сорғысы басқа да құрылғылардың бәрі жаңадан қойылған. Қыруар қаржы шығындаған ауылдағы ағайынның көпшілігі өз есебінен суды үйіне тартып алған. Бірақ тозығы жеткен Нұра топтық су құбыры үнемі жарылып ауызсу келмей қалады. Облыстық әкімдік пен аудандық бюджет қоржынынан жыл сайын жамап-жасқап жөндеген болады. Бірақ ауызсу сол күйі бізге жетпей келеді. Бізге дейін құбыр бойында жатқан Қорғалжын, Егіндікөл ауданындағы ондаған ауыл да ауызсудың тапшылығын тартып отыр. Су аптасына бір-ақ рет жұма күндері беріледі. Соны талғажау етіп, үнемдеп, келер аптаға дейін жеткізіп ішуге тура келеді. Су болмағанда халық ыдысын су тасығыш көліктермен жеткізілетін тасымал суға тосуға мәжбүр. «Атбасар Су» коммуналдық шаруашылығынан су келмей қалады. Соңғы 2-3 апта тіпті болған жоқ. Көлікке жанармайлары да жоқ. Естуімізше, ол банкрот болғалы жатыр екен» дейді Атбасар ауданы Есенгелді ауылының тұрғыны, қауымдастық төрағасы Нұрбай Жүсіпов.Тозығы жеткен Нұра су құбырындағы жағдайды Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында да баян еткен. Министрдің айтуынша, биыл құбырдың 16 шақырымдық 9 апатты учаскесі жаңартылған. Құбыр 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартуды аяқтау жоспарланыпты. Анықталғанындай, орталықтандырылған үнемі үзіліп қалатын су құбыры мәселесін шешу облыстық және аудандық деңгейіндегі әкімдіктер мен «Атбасар Су» коммуналдық шаруашылығының құзырында болып шықты. Су келмеген тұста халықты сумен қамту үшін «Атбасар Су» ШЖҚ КММ-сі мен «Тілекей Агро» серіктестігі ауылға су тасуды ұйымдастыратын болған. Ал ол су ауылдан 12 шақырым қашықтықтағы табиғи құдық пен 45 шақырым жердегі Новомариновка ауылынан бір-ақ жеткізіледі. Құбыр жарылған жоқ Мәселе жөнінде Атбасар ауданы әкімдігінің де пікірін білмек болдық. Әкімдік көршілес аудандарда су құбырындағы соңғы жылы жиілеп кеткен жарылыстардан кейін суды аптасына бір рет беруге мәжбүр болғанын жеткізді.
«Ауылға су Нұра топтық су құбыры арқылы келеді. Құбыр ұңғымасы Қорғалжын ауданындағы Сабынды ауылында орналасқан. Құбыр Қорғалжын ауданы мен Егіндікөл ауылдарын басып өтеді. Аталған аудандар аумағында су құбыры трассасының 70-80 пайызының әбден тозығы жеткен. Сондықтан да құбыр үнемі жарылып, су берілуі тоқтап қалады. Ал Атбасар ауданы аумағындағы құбыр жаңартылған. Ешқандай жарылған жері жоқ. Есенгелді ауылы әкімінің айтуынша, ауылға 21 қыркүйекте құбыр арқылы 477 текше су жеткізілген. Көршілес аудандардың аумағында су құбыры жиі жарылғандықтан, апта сайын 100 текше мөлшерінде су беру кестесі жасалды. Бұл кестені ауылдың қауымдастығы бекіткен. Қазір ауылдағы су қоймасы резервуарында 250 текше су бар. Есептеп жұмсалса, айына 500 текше су кетеді. Оған қоса, су тасығыш көлікпен жеткізу де ұйымдастырылып отыр. Егіндікөл және Қорғалжын ауданы басшылығының айтуынша, қазір аталған аудандардың аумағындағы су құбырын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп жатыр», – дейді Атбасар ауданы әкімдігі.
P.S.
Сонымен, ауызсуды апта бойы күтетін ауылдағы ағайынға тамақ жібітірлік таза судың қашан үзілместен тұрақты берілетіні беймәлім. Оған дейін ыдыс сүйреген жұрттың тасымал суды талғажау етуден басқа амалы жоқ...