– Жоғары мәртебелі шейх Тәмим мырза, өзіңізбен Қазақстанда кездесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Менің шақыруымды қабыл алып, мемлекеттік сапармен Қазақстанға келгеніңіз үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін екіжақты қарым-қатынастың ең маңызды мәселелері бойынша тиісті уағдаластықтарға қол жеткіземіз. Біз үшін Қатар мемлекеті – Таяу Шығыстағы ең маңызды серіктес. Сондықтан қарым-қатынасымызды одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді саламыз, – деді Мемлекет басшысы.Қатар Әмірі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанға шақырғаны үшін алғыс айтып, қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылығын білдірді.
– Жоғары мәртебелі президент мырза, еліңізге мемлекеттік сапармен шақырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Екі ел арасында жақсы қарым-қатынас орнаған. Кейінгі жылдары әртүрлі саладағы байланыстарымыз қарқынды дамып келеді. Бүгінгі мемлекеттік сапар аясында маусым айында Дохада өткен экономикалық форум кезіндегі бірқатар уағдаластықтарды бүгін талқылаймыз. Бұл келісімдердің мақсаты – бірнеше салада ынтымақтастықты дамыту. Бүгін біз кеңейтілген құрамда министерлердің қатысуымен осы мәселелерді жан-жақты қарастырамыз. Сондай-ақ ертең өтетін Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің сәтті өтуіне тілектестік білдіремін, – деді Қатар әмірі.Қатар әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәниді «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі.