«Арқаның ән-күй мұрасы»: құлақтан кіріп, бойды алар...
«Арқаның ән-күй мұрасы»: құлақтан кіріп, бойды алар...
403
оқылды
Қасиетті халқымыздың рухани жәдігерліктерінің бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар. Бұл – қазақ әншілік өнердің ғасырлық даму тарихының бар екендігінің айғағы. Сондықтан Республика күнін мерекелеу аясында Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының ұйымдастыруымен «Арқаның ән-күй мұрасы» атты дәріс-концерт өтті. Кешке белгілі күйші, композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай, ҚР Мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Құмарбек Қалқатай, Клара Төленбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Айтбаев және Перизат Тұрарова, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаттары Дінисламбек Жайлаубай, Айзат Қарабек, «Дарын» жастар сыйлығының иегерлері Ардақ Елеусіз, Асқар Мұқият пен республикалық байқаулардың лауреаты Аман Сәдуов қатысты. Концерттік іс-шараның мақсаты – Арқаның дәстүрлі әншілік және күйшілік өнерінің дамуына атсалысу, музыкалық және поэзиялық бағыттың ерекшелігін халыққа тереңірек түсіндіру. Сонымен кеште концерттік ұжымның «Халық қазынасы» ұлттық өнер бөлімінің өнерпаздары Арқа өңірінің сал-серілері мен күйшілердің туындыларын ойнап елді тамсандыртты. – Күй десе көкірегі күмбірлемейтін қазақ жоқ. Бүгіні мен өткені сабақтаса жадында жаңғыратын болмысы бөлек қазақтың күй өнеріне деген жақындығы да өзгеше. Осы кеште Арқа еліне белгілі Ақан сері, Жаяу Мұса, Біржан сал секілді әлге белгілі күйшілердің күйлері шырқалды. Арқаның өнері деп жалпылама айтқанымен, оның түрі көп. Атап айтсақ, ән өнері, күй өнері, сыбызғы өнері күй өнері деп кете береді. Концертке келген ел тек ән мен күйге емес, қосымша тарихи деректерге де қанықты. Арқаның ән-күй мұрасы әр қазақтың шаңырағында болуы керек, –  дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбай. Бұдан бөлек жетіген, сыбызғы, шертер және адырна аспаптарымен айту өнері дәстүрлі ән-күй мектебінде кеңінен қалыптасқаны белгілі. Қазір заман талабына сай дәстүрлі ән өнері насихатталып, жан-жақты даму кезеңіне өтіп жатыр.