Италия ойшылы Н.Макиавеллидің «Патшаны нөкерлері жасайды» деген сөзі бар. Зерттеушілер байламынша, бұл билеушінің айналасындағы адамдар нақты міндеттерді шешу кезінде үлкен рөл атқаратынын, көшбасшы имиджі оның бұйрығын орындаушылардың кім екеніне байланысты екенін білдіреді.
Кеңес заманында тауар жетіспей, босап қалған дүкен сөрелері сияқты, қазіргі кезде Қазақстанда билікке деген сенім де «қат-дефицит дүниеге» айналып барады. Сондықтан болашақ атқарушы биліктің іргетасын қалап, берік ұстынын құрар басқарушылардың жаңа формациясын қалыптастыру мақсатында Мемлекет басшысының 2019 жылғы 27 тамыздағы «Президенттік жастар кадр резервінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығына сәйкес кадр резерві қалыптасты. 13 мыңдай үміткер ішінен іріктелген 300 адаммен биылғы 15 қаңтарда ел Президенті Қ.Тоқаев кездескені мәлім. Содан бері не өзгеріс болды? Резервтегілер мемлекеттік қызметтегі басшылық орындарға келді ме?
Бірден айталық, күрделі сынақтар тезінен өтіп, кадрлық резерв тізіміне енген 300 дарынды да білікті менеджердің әзірге бірде-бірі не министр, не облыс әкімі болған жоқ. Осының өзі біраз жайттан хабар бергендей.
Резерв те күте-күте қартайды
Жастардың кадрлық резервін қалыптастыру Қазақстан үшін таңсық бастама емес. Оған кіргендердің алды шау тартып қалды. 2008 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының ІІ форумында «жастар арасынан заманауи және тиімді басқарушылардың жаңа генерациясын қалыптастыру» міндеті қойылды. Артынша Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен бүкіл елімізді қамтыған кең ауқымды «Жастар кадрлық резерві» жобасы жүзеге асырылды.
2009-2012 жылдары осы жобаға 8 мыңнан астам жас қазақстандық өтініш тапсырыпты. Одан небәрі 308 адам ашық конкурс іріктеуінен, тестілеуден, кәсіби біліктілігін бағалаудан лайықты өтіп, әртүрлі ұйымға тағылымдамаға жіберілді. Сондай-ақ оларға арнап меморгандар, кәсіпкерлік, ғылыми, қоғамдық ұйымдардың және ақпарат құралдарының жетекші өкілдерімен сан алуан кездесулер ұйымдастырылды. 2013 жылы кадрлық резерв жобасы жаңа форматта ары қарай жалғасты.
Олар қайда? Қатысушыларға сөз берелік. Бауыржан Аймұханбет – 2012 жылғы «Қазақстанның жастар кадрлық резервінің» жеңімпазы. Биылғы 15 қаңтарда Мемлекет басшысы жаңа «Президенттік жастар кадр резерві» жеңімпаздарымен кездескенде, ұнжырғасы түсіп, тұнжыраған. Содан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасына хат жазады.
«Кеше жаңалықтардан кадрлық резервке кірген 300 жас туралы репортажды көріп қалдым. Осыдан сұрақ туады: өткен жылдардағы кадрлық резервистердің жағдайы не болады? Біз де қатаң іріктеуді бастан кештік, екі кезеңді оқытудан өттік. Енді не істейміз?» – дейді Б.Аймұханбет. Дәл осындай сауал өзге резервшілерді де толғандырады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова бұл өтініштер қаралғанын жеткізді. Ол бұдан бұрын «Б» корпусының кадрлық резерві қалыптасқанын растады.
«Іріктеуден өткендердің әкімшілік мемқызметтің кадрлық резервінде болу мерзімі тек бір жылға ғана созылды. Осы мерзімде резервист біліктілік талаптарына сәйкес келсе, қандай да бір лауазымға тағайындалатын. Алайда 2016 жылғы 1 қаңтарда «Б» корпусының кадрлық резерві институты жойылды. Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметке конкурс негізінде тұруға болады», – дейді Анар Жайылғанова.
34 шақырымдық Ла-Маншты жүзіп өткен алғашқы қазақ, белгілі заңгер Ержан Есімханов өз тәжірибесіне сүйеніп, резерв атаулыдан бір нәтиже шығарына күмәнданады. Ол 1998 жылғы жастар резервінде болғанын, сол кезде елордадағы жалғыз бес жұлдызды «Интерконтиненталь» қонақүйінде өткен құрылтайға қатысқанын еске түсірді.
«Жиында біздің жаңа басқарушылар резервіне кіргеніміз, елді жарқын келешекке бастайтынымыз жайында керемет сөздер айтылды. Жас адамға өзінің мемлекетке керек екенін сезінуден асқан мәртебе жоқ, қатты жігерлендік. Содан бері жиырма екі жылдай уақыт өтті. Сол екі жүздей жастың кейбірі шынында мемлекеттік лауазымға орналасты. Әрине, резервке кіргенінің емес, өз бетімен тер төгуі, біліктілік танытуы, қажетті адамдармен қарым-қатынас жасай білуі арқасында. Біразы бизнестен нәпақа тапты. Көпшілігі елден көшіп кетті. Айналада бәрі өзгерді. Өзгермегені: мемлекет сол бұрынғыдай өзіне таныс, өзгеге жұмбақ «кадрлық резервті» құруын жалғастыруда», – дейді ол.
Е.Есімханов Қазақстанды бақуатты болашаққа жетелер жас, ақылды әрі адал азаматтар мемқызметке келуі үшін меритократия өркен жаюы тиіс деген пікірде: «Билікте отыз-қырық шақты ғана тұлға жыл өткен сайын бір лауазымнан екіншісіне секіреді. Кеше министр, бүгін әкім. Бүгін әкім, ертең елші. Ертең елші, арғы күні қайтадан министр. Осылай шетсіз-шексіз кете береді. Олар өмірден кетсе, артында балалары өсіп келеді. Бұл жағдай өзгермесе, жас та жігерлі басқарушылардың бірде-бір резерві ешкімге де қажет емес», – дейді сарапшы.
Билікке кімдер келді, қарашы?
Президенттің өзі резервшілерге назар аударуды сұрағасын, биліктегі басшылар тапсырманы орындауға тұра ұмтылды. Әсіресе, әкімдер белсенді. «Президенттік жастар кадр резервінің» 7 өкілі Нұр-Сұлтан әкімдігінде басшылық лауазымға тағайындалды. Атап айтсақ, Жүсіп Жұмағұлов пен Нұрлыбек Балықбаев – әкім аппараты басшысының орынбасары атанды. Нұрлыбек осыған дейін Энергетика министрлігінің ресми өкілі болды.
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы қызметін атқарып келген Дәулет Кәрібек – әкімдіктің Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, ал Ерлан Сыздыков – Отын-энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары қызметіне орналасты. Жеке сектордан келген Әнуар Бижан Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы бөлімінің басшысы болды. Халықаралық қаржы ұйымында жұмыс тәжірибесі бар Дина Даниярова Astana Invest басқарма төрағасының кеңесшісі, ал Bolashaq қауымдастығының атқарушы директоры Лаура Демесінова Astana әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне алынды. Бұдан бөлек, елорда әкімдігіндегі бұдан төмендеу деңгейдегі бос лауазымдар 10 резервиске ұсынылған.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың өкімімен Президенттік резервтің өкілдері қала аудандарына әкім болды. Нақтылай кетсек, Азамат Қалдыбеков – Алатау ауданының әкімі, ал Бақытжан Ақжаров – Түрксіб ауданының әкімі болып тағайындалды. А.Қалдыбеков бұған дейін Алматы жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары, ал Б.Ақжаров Алматы тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы болған.
Резервшілер «Бәйтерек» холдингінде де басшылық лауазымға орналасты: Ернар Мыңжанов Baiterek Venture Fund АҚ инвестициялық департаментінің директоры лауазымына кірісті. Осының алдында ол холдингтің жобалық қаржыландыру және МЖӘ департаментінің жоба жетекшісі болыпты. Ал «Қазақстанның Даму Банкі» операциялық тәуекелдер басқармасының басшысы Ерболат Даданбаев QazTech Ventures АҚ департаментінің директорына дейін жоғарылады.
Резервист Ардақ Өтепов – Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары, Ержан Тоқтағұлов – Қостанай облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы, Самат Рамазанов – Түркістан облысы жер қатынастары басқармасының басшысы. Мұндай мысалдарды тізе беруге болады. Кей жерде тіпті тағайындау да қажет болмаған. Мысалы, Павлодар облысы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Ертіс ауданының әкімі Аян Байсекин және басқа да әкімқаралар мен орталықтағы шенеуніктер резервке кірді.
Сөйтіп, билік жастардың кадрлық резерві – қайтарымы шамалы кезекті жоба емес екенін, оған іріктелген мамандар жерде қалмайтынын, орын табатынын дәлелдеуге күш салуда. Енді резервшілер де үмітті ақтағаны, озық дамыған ел бағытындағы жүрісімізге серпін бергені маңызды. Әйтпесе, татар халқының мына бір мәтелінің кері келмесін: угез жиксэн – пошыкма! Өгіз жеккен екенсің, одан арғымақтың шабысын күту әбестік.
Айхан ШӘРІП