«Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі алдыңғы аймен салыстырғанда 10,5%-ға ұлғайып, бір айда 11,3 миллиард АҚШ долларын құрады. Соның ішінде KASE арқылы сатылған биржалық сауда-саттық көлемі – 2,2 млрд доллар (2022 жылғы шілдеден 9,1%-ға төмендеді), ал биржадан тыс валюта нарығындағы операциялардың көлемі – 9,2 млрд доллар болды (бірден 16,4%-ға өсті). Биржадан тыс нарықтағы операциялардың жалпы көлемінде бір еншілес банктің үлесі 82,8% немесе 7,6 млрд долларды құрады, бұл олардың меншікті капиталды валюталық тәуекелдерден хеджирлеуімен байланысты», – деп хабарлады Ұлттық банк.Яғни, банк те Америка валютасын көбірек сатып алып, қор жасап жатыр. Одан халық та қалысар емес. Ұлттық банктің ақпаратына жүгінсек, 2022 жылғы тамызда халық 192,6 миллиард теңге сомаға қолма-қол шетел валютасын сатып алыпты. Тарата кетсек, қазақстандықтар 147,9 млрд теңгеге – АҚШ долларын (сатылған барлық шетелдік валютаның 76,8%-ы), 40,2 млрд теңгеге – еуроны (үлесі 20,9%), 4,5 млрд теңгеге – Ресей рублін (2,3%) сатып алды. Осы орайда халық шілде айына қарағанда, тамызда долларды 1,8 есе көп алған. Еуро саудасы 11%-ға өсті. Халықтың шетел валютасын сатып алуды еселеп арттырғанын статистика дәлелдейді: қазақстандықтар 2022 жылғы маусымда – 91 млрд теңгесіне, шілдеде – 125 млрд теңгесіне, тамызда – 192,6 млрд теңгеге шетелдік валюта сатып алыпты. Жыл басынан бері доллардағы депозиттер 609 млрд теңгеге ұлғайды. Ал теңгедегі жинақтар керісінше, 223 миллиардқа құлдырады. Жалпы, депозиттердің долларлануы, яғни доллардағы жинақтардың үлесі былтырғы 39%-дан биыл 45%-ға дейін өскен. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылары өз ұсынымдарын жариялады. Олар ағымдағы ахуалда Қазақстан экономикасында долларизация процесі күшеюі ықтимал екеніне назар аудартты.
«Егер бұл қысым шамадан тыс жоғары болса, адамдар теңгеге деген сенімін жоғалтуы мүмкін. Нәтижесінде, халық теңгедегі авуар-активтерін долларға конвертациялауға ұмтылады. Бұл өз кезегінде долларланудың жаңа толқынын тудырады. Онда ол айырбастау бағамы және инфляция арасындағы теріс үрдістерге түрткі болуы мүмкін», – деп сақтандырды ХВҚ Қазақстан бойынша миссиясының басшысы Николя Бланше.ХВҚ Қазақстанның Ұлттық банкіне жоғарғы инфляцияға және теңгеге деген сенімнің жоғалуына жол бермеу үшін базалық ставканы көтеруге кеңес берді. Қазір бұл көрсеткіш 14,5%-ға тең. Ал инфляция 17,7%-ға шығындады. Ұлттық банк әзірге қалың ойға батуда: егер базалық ставканы көтере берсе, банктер беретін несие де күрт қымбаттап, бизнес дамуы үшін қаражаттан қағылып, экономикаға соққы болады. Дағдарыс ушығуы ғажап емес. Егер көтермесе, теңге қосымша қолдау, тіректен қағылады. Экономикадағы ақша массасы артады. Бағалар ары қарай құнсызданып, инфляция жаңа өрістерге шығуы ықтимал. Ұлттық банк базалық ставка бойынша шешім қабылдайтын күнін тағы да ысырып, 26 қазанға белгіледі. Алайда сол күні бұл мөлшерлемені жоғарылататынын не түсіретінін айтпай отыр. Дүрбелеңге негіз бар ма? Мамандардың бір бөлігі долларланудың 45 пайызға дейін өсуін сонша қорқынышты емес деп бағалады. Мысалы, 2018 жылы бұл көрсеткіш 49,4% болыпты. Ұлттық банктің талдауында бір қызықты құбылыс сипатталған. Депозиттердің долларизациясы салым көлеміне тікелей байланысты екен: жинақ неғұрлым мол болса, долларлануы да соғұрлым жоғары болады. 1 млн теңгеге дейінгі көлемдегі депозиттердің 15%-ы ғана долларда сақталады. Ал 50 миллион теңгеден асатын депозиттердің 80%-дан артығы долларға көшірілген. Қарапайым адамдар жинағын теңгеде ұстайды, байлар Атлант мұхитының ар жағындағы алпауыттың ақшасына көбірек сенім артатын сияқты. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова «ұлттық валюта бірқатар сыртқы факторлардың қысымының астында қалып тұрғанын» жасырмады. Оның пікірінше, бірінші фактор – посткеңестік кеңістіктегі геосаяси қақтығыстардың, яғни Ресей және Украина арасындағы қарулы жанжалдың эскалациясы. Бұл біраз инвесторды, нарық қатысушыларын біздің аймақтан үркітті. Мұның сыртында, өткен қыркүйек бойы әлемде монетарлық жағдайларды қатайту жалғасын тапты. Мәселен, АҚШ Федералдық резерв жүйесі (FRS) төл ставкасын «агрессивті түрде ары қарай көтеретінін» білдірді. Шынында, өткен айдың екінші жартысында АҚШ реттеушісі негізгі ставканы қатарынан үшінші рет 75 базистік тармаққа көтеру туралы шешім қабылдады. Бұл ретте FRS басшысы Джером Пауэлл мұндай шектеулі ақша-кредит саясаты ұзақ уақытқа созылатынын ескертті. Онжылдықта алғаш рет АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының кірістілігінің 4%-дан асуы және АҚШ FRS-нің қатаң риторикасы АҚШ доллары бағамының жаһан бойынша одан ары нығаюына ықпал етті. Яғни, әлемде бүгінде доллар қымбаттауда. Соның әсерінен, Ұлыбританияның фунты мен Жапонияның иенасына дейін күрт құнсызданды. Бұл екі ел жаңа тарихында бұрын соңды болмаған тосын қадамға барды: нарыққа валюталық интервенция жасады. Ол аз болғандай, қазақстандық басты экспорттық тауар – мұнай арзандады. Әйткенмен, Ұлттық банк оптимизмін сақтап отыр.
– Теріс факторлардың әсеріне қарамастан, қазақстандық валюта нарығы теңгерімді қалпын сақтады. Ұлттық банк интервенцияларды жүзеге асырған жоқ. Теңге-доллар жұбы бойынша биржалық сауда-саттық көлемі қыркүйекте тамыздағыдан біршама қысқарды. Квазимемлекеттік сектор долларын ішкі нарықта сатып, валюта нарығына қолдау көрсетті. Ұлттық компаниялар мен холдингтер 583,5 млн доллар табысын валюта нарығында теңгеге айырбастады. Қыркүйекте Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді аудару үшін 85,1 млн доллар сатылып, теңгеге айналдырылды, – деді Ә.Молдабекова.Finance.kz агенттігінің сарапшылары да долларизацияға қатысты бос дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ деп тұспалдады.
«Әрине, халық өз жинағының бір бөлігін шетелдік валютаға ауыстырып жатыр. Депозиттердің долларлануы өсті. Бұдан америкалық валюта басымдық ала бастағандай сезім қалыптасуы мүмкін. Сонымен бірге 50 миллион теңгеден аз депозиттердің долларлану деңгейі тарихи минимумда – 15% межесінде тұр. Сондай-ақ халықтың доллар алу қарқыны бүгінде шамалы бәсеңдеді. Жұрт алдымен 2020 жылғы мамырда пандемия басталғанда, енді 2022 жылғы 24 ақпанда соғыс басталғанда, айырбастау бекеттеріне жүгірді. Яғни, бұл тұрақты емес, маусымдық сипаттағы құбылыс», – деп болжады Finance сарапшылары.
P.S. Сарапшылар азаматтарды өз жинағын теңге мен шетелдік валютада бөліп ұстауды ұсынады. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының сарапшысы Зарина Скрипченконың айтуынша, АҚШ Федералдық резерв жүйесі ставкаларды агрессивті түрде қатайтуын жалғастырады. Яғни, әлемде доллар ары қарай қымбаттайды. FRS-тің Dot Plot жаңа диаграммасындағы болжамға сәйкес, жыл соңына қарай ставка 4,25-4,5%-ға дейін көтерілуі мүмкін. Бұған дейінгі болжам 3,25-3,5% болатын. Эксперттер доллардың жаһандық нығаюы «АҚШ қатаң ақша-кредит саясатын белсенді жүргізуді доғарғанға дейін тоқтамайды» деп жорамалдап отыр.