Ауыл мектептеріндегі кейбір компьютерлердің жеткізілгеніне жиырма жылдан асқан. Бүгіндері шетелде ондай компьютерлер мониторымен бірге музейге қойылған шығар, ал бізде мектепте әлі тұр. «Ғұмырында» интернетке қосылмаған ол компьютерлерді саптан шығару ешкімнің ойына келмегені таңғалдырады. Ал мектепті интернетпен қамтудың ахуалы аянышты халде. Себебі компьютерді интернетке қосу қымбатқа түсіп тұр, екіншіден, мектеп басшыларының ақпараттық технология тілін түсінбеуі де бұл іске қолбайлау екен. Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында айтылды. Министр Асхат Аймағамбетов өзіне дейінгі министрлер сияқты ауыл-аймақтағы мектептің бәрі интернетке қосылды деп көсемсімеді, мәселені ашып айтты. Айтып қоймай, мектептерге интернет қызметін қосатын провайдерлерді сынға алды. Себебі мектепке интернет қызметін қосатын провайдердің тарифі өте қымбат екен. «Біз сатып алып жатқан сол қызметтің сапасы төмен. 10 Мбит дегенімен, өлшесек, ол өлшемге жетпейді. Оны әр мектептің басшысы қадағалап, тиісті жұмысты жүргізіп, керек болса шағымданып, сотқа беруі керек. Бірақ өкінішке қарай, ондай жұмыс жоқ», – дейді министр. Ал біздіңше, провайдердің үстінен шағымдану үшін мектеп басшысы ақпараттық жүйеден хабардар болуы керек. Ал бүгінгі таңда ауылдағы мектеп директорлары басқаны айтпағанда, антивирус бағдарламасын жаңартып тұру қажет екенінен бейхабар. Осылайша, бұл салаға қомақты қаржы бөлінгенімен, нәтиже болмай жатыр. Сондықтан министр бір ғана провайдермен жұмыс жүргізбей, қайсысы сапалы қызмет көрсетеді – соның қызметін пайдалануды ұсынды. Министрдің айтуынша, интернет қызметін жеке тұлғалар бір бағамен, мектеп басқа бағамен алады. Мысалы, Microsoft компаниясы мектептерге кем дегенде 70 пайыз төмендетілген тарифпен қызмет көрсетсе, басқа мекемелерге коммерциялық тариф ұсынады. Министр мемлекетте де осындай саясат болуы керек деп санайды. Отырыста мектептегі компьютерлердің ескіріп бара жатқаны да сөз болды. Статистикаға жүгінсек, мектептерде компьютер жеткілікті. Бірақ олардың саны бар да, сапасы жоқ. Өйткені компьютердің көбі ескірген. 2000-2005 жылдары алынған компьютерлер де бар. «Бірақ оларды саптан шығарып тастамайды. Неге? Себебі бізге статистика мен көрсеткіш керек. Сондықтан заң бойынша бес жылдан бері қолданылып жүрген компьютерлерден басқасын, яғни ескілерін статистикаға қоспауымыз керек» деген А.Аймағамбетов мектептерге Wi-fi қосу жұмысын да бақылауға алуды тапсырды, өйткені бұл жұмыс та баяу жүргізіліп жатыр. Ал біз цифрлы елге айналғымыз келеді... Айдана БЕГІМ