Әз ұямыз – Азияның қауіпсіздігі, бейбітшілігі мен бақуатты өмірі ең алдымен азиялық елдерге байланысты. Ешкім де сырттан келіп, құрлығымызға құт қондырып, бақ тудырып бермейді. Қазақстан қауіпсіздік, экономикалық және гуманитарлық ықпалдастық саласында Азия қауымдастығының күш біріктіруіне белсенді атсалысып келеді. Осы орайда апта бойы Астана төрін дүрмекке бөлеп, әлемдік ақпарат айдынын дүр сілкіндіріп жатқан ірі саммиттер Азия елдері арасындағы ынтымақтастық пен диалогты кеңейтуге жаңа серпін береді деген сенім бар.
Сарапшылар қазақ елінің бас қаласындағы саммиттерді аймағымыздың саяси дамуы мен экономикалық өркендеуіне қатысты тарихи оқиғаға балады. Осы аптаның сейсенбісінен бері елордамызға континенттің әр бұрышынан жоғары мәртебелі меймандар келе бастады. Қазақстан Президенті қадірменді қонақтарының көбімен – мемлекеттер және үкіметтер басшыларымен екіжақты кездесулер өткізіп, елдеріміз арасында саяси серіктестікті, экономикалық ынтымақтастықты және қызу сауда-саттықты ары қарай өрістетудің қамын жасады.
Кеше Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті өтті. Азиялық ұлы құрылтайды құптап, құрмет көрсетіп, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш бейнеүндеу жасады. Жиында Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Иран Президенті Ибрахим Раиси, Қырғыз Республикасы Президенті Садыр Жапаров, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф, Палестина Президенті Махмуд Аббас, Ресей басшысы Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, ҚХР Төрағасының орынбасары Ван Цишань, Вьетнам вице-президенті Во Тхи Ань Суан, сондай-ақ Беларусь басшысы А.Лукашенко сөз сөйледі.
Ал бүгін, 14 қазанда Қазақстан лидері Қ.Тоқаевтың төрағалығымен ТМД мемлекеттері басшылары Кеңесінің отырысы болады. Олар апта бұрын, 7 қазанда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында бас қосқан, бірақ ол жай ғана бейресми жүздесу болды, ешқандай шешім қабылданбады. Ал Астанадағы саммит ресми құрылтай саналады және елдер арасындағы бірқатар мәселе бойынша уағдаластықтар бекуі мүмкін. Осы күні елордада «Орталық Азия – Ресей» саммиті де ұйымдастырылады.
Осылайша, қашанда жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтаушысы болып келген Қазақстан «бұрын-соңды болмаған геосаяси шиеленіс пен әлемдік экономикадағы күшейе түскен дағдарыс жағдайында», қазіргі буын мен болашақ ұрпақ игілігі үшін қауіпсіз, орнықты және дамыған әлем құруға күш салып жатыр. Осы жолда жаһан жұртшылығын, бірінші кезекте Азия қоғамдастығын топтастыруда.
«Қазақстан сенімді түрде бүкіл Еуразиялық өңірдің бір көшбасшысына айналуда. Оның маңызды дипломатиялық хабқа, бүгінгі күрделі әлемдегі сарабдалдық пен тыныштықтың аралына айналары сөзсіз. Астанада 50-ден аса елдің ресми делегациясы, 11 мемлекет басшысы жиналды. Олар бірнеше саммитте бас қосып, қазіргі әлемнің көкейкесті мәселелерін талқыға салды», – деген пікір білдірді «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитанов.
Қазіргі заманғы әлемде Азияның орны ерекше, рөлі дара. Мысалы, қалыптасқан жағдай бүкіл Еуропаның қауіпсіздігі, оның ішінде азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздігі Азияға тәуелді екенін көрсетті. Яғни, Азия Батыс әлеміне өз ерік-жігерін, ықтиярын, мүддесін таңа алатын жағдайда. Энергетикалық дағдарысқа киліккен Еуропа Қазақстан, Түркия, Әзербайжан секілді түркі әлемінің жетекші елдерінің қадірін түсінді, төрін ұсынды, ең жақын әрі маңызды стратегиялық серіктесі деп бағалады.
Байырғы заманнан бері Азия адамзат өркениетінің дамуына зор үлес қосты. Медицина, математика, сәулет және басқа да ғылым мен ілім Азиядан таралды. Қазақстан Президенті айтқандай, мыңдаған жыл бойы біздің макроөңірдегі мемлекеттер бүкіл адамзаттың қоғамдық, мәдени, технологиялық дамуының негізгі қозғаушы күші болды. Қасым-Жомарт Тоқаев ХХІ ғасыр Азия ғасыры болады деген болжам бүгінде шындыққа айналғанын жариялады. Азия номиналды ЖІӨ мен сауда мүмкіндігі бойынша әлемдік экономикалық көшбасшы ретінде мойындалды. Аймақ айтарлықтай адами және табиғи ресурстарға ие. Әлемдегі ең ірі 30 қаланың 21-і Азияда орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың қажетіне жұмсалатын 30 триллион доллардың тек 1 триллионы батыс экономикасына тиесілі болмақ.
Қазақстан Стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық зерттеулер бөлімінің басшысы Айдар Құрмашевтің тұжырымдауынша, бұл саммиттер Қазақстанның халықаралық қауіпсіздіктің ұйытқысына, татулық пен тұрақтылықтың ұстынына, бейбітшіліктің берекелі белдеуіне айналғанын паш етті. Әйтпесе, бағы тайып, құты қашқан елге осынша көп лидер жиылмас еді. Жалпы, 1992 жыл жарияланған АӨСШК Қазақстанның бүкіл тарихындағы барынша елеулі әрі табысты сыртқы саяси бастамалардың бірі саналады.
– АӨСКШ қамтитын салалар көп қырлы. Арасында негізгісі 5 бағыт, бұлар – әскери-саяси қатынастар, жаңа сын-тегеуріндермен күрес, экономикалық ынтымақтастық, экологиялық сала, адами өлшемдер. Президентіміз айтқандай, былтыр АӨСШК-тің сенім шараларының каталогы қайта қаралып, өзектіленді. Оған эпидемиологиялық қауіпсіздік, денсаулық сақтау, ақпараттық және коммуникациялық технологиялар қауіпсіздігі сияқты ынтымақтастықтың жаңа басым бағыттары енді. Мұның бәрі Қазақстан мүддесіне сәйкес келеді. Бұл тәуелсіздігімізді, мемлекеттілігімізді, ел қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді. Біз АӨСШК сияқты алаңдар арқылы ұлттық мүддемізге сай мәселелерді халықаралық аренада ілгерілете аламыз, – деді А.Құрмашев.
Оның түсіндіруінше, саммитте қатысушы елдер Қазақстанның 2022-2024 жылдары жаңа мерзімге төрағалық ету туралы өтінішін қолдады. Осы екі жылда Азия Кеңесін институционалдық дамыту мәселелері пысықталады. Ал бұл мүлдем басқа деңгей. Сонда жай бас қосып қоймай, ортақ нақты шешімдер қабылдауға жол ашылады.
Саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұловтың айтуынша, қазір континентімізде ірі саммит өткізе алатын елдер де көп қалмады. 50 елдің шешім қабылдауға қатысатын ресми өкілдерін, соның ішінде 11 мемлекеттің басшысын бір жерге жинай алудың өзі мәртебе.
«Тоқаевтың басты бір тұлғалық қасиеті – білікті, тісқаққан дипломат екендігі: ол осы тұста дипломатиялық әлеуеті мен активін молынан жүзеге асыра алатынын байқатып отыр. Мысалы, Украина Еуропаның іргесінде отыр, сондықтан ол сыртқы агрессорға қарсы қуатты қолдау ала алды. Ал әлемге белгісіз болғандықтан, елеусіз ғана өзге алпауыттарға жұтылып кеткен елдер өте көп. Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның саммиттер өткізіп, әлемде салмағы бар көшбасшыларды жинай алуы еліміздің тәуелсіздігіне бір кепілдік болады. Президент жыл басынан бері әлемдік лидерлермен қаншама кездесу өткізді. Сонда державалар көшбасшылары Қазақстанның тәуелсіздігі мен жерінің бүтіндігін қолдайтындарын мәлімдеді. Бұл бекер емес, дәл осы мәселе Қазақстан көшбасшысын алаңдататынын түсінгендіктен олар тиісті мәлімдеме жасады», – деді саясаттанушы.
Бүгінде жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатыр. Қазақстан онда көш соңында салпақтаған, жол жиегінде жалтақтаған аутсайдер рөлін атқармайтынын, жаһандық процестердің белсенді қатысушысы, оң бетбұрыстардың табанды жақтаушысы болатынын қазірден аңғартты.
Қазіргі қақтығыстардың бір себебі – мемлекеттер арасында өзара сенімнің болмауында, бір-біріне жаулық пиғылмен қарауында. Ушыға түскен жаһандық проблемалар мен шиеленістер жаһан жұртын жаппай қамтитын өркениеттер текетіресіне ұласуы ықтимал. Мемлекет басшысы Азия континенті «геосаяси айқастың басты майданына айнала бастағанына» алаңдады. Сондықтан саммиттер шақыру арқылы Қазақстан бүкіл әлемде, ең алдымен құтты мекен құрлығымызда қауіпсіздік, тұрақтылық пен өркениетті даму ұстындарын нығайтуды мақсат тұтады. Ал ХХ ғасырда мемлекеттер арасындағы кез келген мәселені тек өзара сенім негізінде сындарлы шешуге болады.