Апатты үйлер азайып келеді
Апатты үйлер азайып келеді
546
оқылды
Бірер жыл бұрын ғана Астанадағы ескі тұрғын үйлер көзге шыққан сүйелдей қаланың сәнін кетіріп тұратын. Бүгінде бас қаладағы қауіпті үйлердің саны азайып, көрікті бұзатын баспаналарға күрделі жөндеу жүргізіліп келеді. Елордада апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуды көздейтін тұрғын үй қорын жаңарту жобасы әлі де жалғасын табуда. Айталық, тек соңғы төрт жылда осындай 38 үйдің тұрғындары жаңа абаттандырылған тұрғын үйлерге көшірілді. Есте болса, апатты үйлерді сүру жұ­мыстары 2013 жылы «Қолжетімді бас­пана-2020» бағдарламасы аясында бас­талған болатын. Ал 2016 жылы қа­был­данған «Нұрлы жер» бағдарламасына сәй­кес, қаладағы апатты үйлерді бұзу бо­йынша қанатқақты жоба іске асырылды. Сөйтіп әлеуметтік маңызды жоба апатты үйлерде тұратын азаматтардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, елорданың заманауи келбетін өзгертуге бағытталды. Қала әкімімен кездесуде тұрғындар тарапынан ескі үйлердің апатты жағдайы туралы жиі айтылады. Сол үшін әкімдіктің жауапты басшылары қауіпті тұрғын үй кешендерін жөндеу бойынша жұмыстарды тұрақты жүргізеді. Құлап жатқан плиталар, жанғыш төсемдер, апатты жағдайдағы жеделсатылары бар үйлердің тұрғындар­ы­ның өтініш-тілегі әрқашан ескерілуде. Мысалы, бұдан бұрын «Территория ком­форта – 2» көппәтерлі тұрғын үй кешені кездесулер барысында тұрғындар үйде тұ­рудан үрей­ленетінін айтқан. Айтула­рын­ша, желді күні балаларын далаға шығару қауіп ту­дыр­ған. Себебі, үйді қаптап тұрған пли­та­лар жиі құлайтын. Көп кешікпей халықтың базынасы ескеріліп, бұл көп­пәтерлі тұрғын үй кешенінде ауқымды жұмыстар жүргізілді. Қасбеті толық ауыс­тырылып, керамогранит плиталар алынып тасталды. Сондай-ақ жылытқыштар, қа­батаралық, өрт жағдайына арналған есік­тер толығымен ауыстырылды. Өз кезегінде жайлы үйге кірген тұрғындар қала әкім­дігіне риза­шылығын айтып, қауіпсіз ау­лада қаннен-қаперсіз асыр салуға мүм­кін­дік берген мемлекетке алғысын білдірді.
Ендігі жерде тұрғын үй қорын жаңарту жобасын іске асыру туралы баяндаған Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бұзу бөлімінің басшысы Төлеген Ахметов алдағы жоспарларымен бөлісті. Оның айтуынша, 2013-2017 жыл­дар аралығында өткен алғашқы кезеңде 228 апатты үй бұзылып, 3 400-ден астам отбасы жаңа абаттандырылған тұрғын үйге көшірілген. Ал 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңге есептелген екінші кезеңін іске асыру шеңберінде 56 апатты үйдің тұрғындарын 1082 пәтерге көшіру жос­пар­ланыпты. «Мәселен, 2018 жылы 86 пәтер, 2019 жылы – 197 пәтер, 2020 жылы – 209 пәтер, 2021 жылы – 257 пәтер тұрғындарын көшіру жүзеге асырылды. Апатты үйлердің тұрғындары Абылайхан даңғылы мен Қарасай батыр көшесі бойындағы аз қабатты тұрғын үй кешеніне көшірілді. Қазір оларды физикалық бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2018-2021 жылдары бар­лығы 749 пәтерлік 38 үйдің тұрғындары қо­ныс аударды. Биыл 333 пәтерлік 18 апат­ты үйді көшіруді жоспарлап отырмыз», – дейді Төлеген Ахметов. Сонымен бірге ал­дағы жылдың жоспарымен бөліскен ол: «Қа­ла аудандары әкімдерінің аппарат­та­рымен бірлесіп бұзу жоспары ары қарай жалғасын табады. Жоспарға сәйкес, үшін­ші кезеңде – 2023-2027 жылдарға ар­нал­ған 903 пәтерге 59 үй қосылады», – деді.
Апатты үйлерді азайту – алдағы күннің маңызды міндеті. Себебі, тозығы жеткен тұр­ғын үй қаланың көркіне ғана нұқсан кел­тірмейді. Сондай-ақ тұрғындардың өмі­ріне де қауіпті. Сол себепті Мемлекет басшысы тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін тапсырма берген. Бүгінде жүктелген міндет жоспар бойынша жүзеге асырылып, тұрғын үй кешендерін жөндеу, лифттерді ауыстыру, жеңілдетілген әлеуметтік тұрғын үй салу, ұзаққа созылған құрылыстарды аяқтау бойынша жұмыс тиімді нәтиже беріп отыр. Шаһардың сәні кіріп, жұрттың да жүзі қуанышқа толып келеді.