Тұрғын ота үстелінен тұрғанына 4 айдың жүзі болғанын айтады.
«Жар таңдаудан қателеспеу деген осы шығар»: Ләйла Сұлтанқызы ота жасатқан ер адамның оқиғасын айтып берді
Фото: instagram.com/sultankyzy
14,431
оқылды

Ләйлә Сұлтанқызы Астанада өзімен бірге сенбілікке шыққан тұрғынның бастан өткен оқиғасын айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Тележүргізуші оқиғаны бастан кешкен ер адамды Instagram желісіндегі парақшасында таныстырды. Оған әйелі бір бүйрегін берген екен. 

«Осы іс-шараға көмектесуге келген жігітпен таныстырсам деп отырмын. Есімі Бекболат. Осыған дейін әріптесім Ерқанат Көпжасар сюжет әзірлеп, деректі фильм түсірген екен. Бұл кісіге келіншегі бір бүйрегін берген», - дейді Ләйлә Сұлтанқызы. 

Тұрғын ота үстелінен тұрғанына 4 айдың жүзі болғанын айтады. Ер адам денсаулығы сыр бергенде туыстардың қарсылығына қарамай көмектескен жұбайына алғыс білдірді.

«Келіншегімнің есімі – Сәбира. Қазір үш қызымыз бар. Мұны екінің бірі істей бермейді. Келіншегімнің ісі – нағыз ерлік. Әйеліме өмір бойы риза болып өтемін. Әке-шешесіне осындай қызды тәрбиелеп, менің тағдырыма жолықтырғанына алғыс айтамын. Жар таңдаудан қателеспеу деген осы шығар», - дейді Бекболат. 

Ол донор таппай ұзақ жүргенін айтады. Оған әйелінің бүйрегі 86 пайыз сәйкес келген. 

«...Донор таппай, ұзақ жүрдік. Келіншегім негізі 2020 жылы осы ауруды естіген кезде бүйрегін беруге келіскен. Бірақ үлкендер «Бір отбасынан екі мүгедек болмасын» деген ниетпен қарсылық танытқан еді. Бұл ауру бір жағынан емделгенімен, екінші жағынан шаршатады. Осы уақытқа дейін жүрегім ауырып, екі рет ауруханаға жатып шықтым. Содан келіншегім үлкендерді тыңдамай, бүйрегін беру туралы шешім қабылдады», - дейді Бекболат есімді тұрғын.