Жамбыл облысында Білім басқармасы мұғалімдерге «Еркелету сағатын» өткізуді тапсырған
Жамбыл облысында Білім басқармасы мұғалімдерге «Еркелету сағатын» өткізуді тапсырған
© azh.kz
589
оқылды
Бүгін әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Білім басқармасының аудандық және қалалық білім бөлімдеріне жолдаған хаты тарады. «Өте шұғыл» деп белгіленген хатта «Еркелету сағаты» атты жаңа термин туралы айтылған, - деп хабарлайды Azattyq Ruhy. Дәлірек айтсақ, Жамбыл облысының Білім басқармасы өзіне бағынышты білім бөлімдері мен мекеме басшыларына «Еркелету сағатын» бақылауға алу туралы хат жолдаған.
«Жамбыл облысы әкімінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, әр оқушының күнделікті жай-күйін бақылауға байланысты ақпараттық хаттың жолданғанын мәлімдей отырып, сонымен бірге, әр отбасында ата-ана немесе балалардың заңды өкілдерінің кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында «Еркелету сағатын» міндетті түрде өткізуін бақылауға алу қажеттігін хабарлайды», - деп жазылған желіде тараған хатта.
Бұған наразы болған ұстаздар мен желі қолданушылары мұғалімдердің де кешкі уақытта өз балаларына көңіл бөлу керектігін, жұмыстан тыс уақытта педагогтарға артық жүк салынбасын деген министрдің сөздерін келтіріп, наразылық танытқан. Azattyq Ruhy тілшісі «Еркелету сағатына» қатысты мән-жайды анықтау үшін Жамбыл облысы Білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангозовқа телефон шалды. Білім басқармасының басшысы «хатты дұрыс жазбаған қызметкерге қатысты тексеру бастап кеткенін» хабарлады.
«Желіде тараған құжат дұрыс емес. Ол хатты жазған қызметкерге қатысты қызметтік тексеру тағайындадым. Өйткені, хаттың мағынасын дұрыс құрастырмаған. Негізі мәселе мынада: Оқу-ағарту министрлігінің бекіткен арнайы тұжырымдамасы бар. Тұжырымдаманың сегіз бағыты бар. Сол сегіз бағыттың төртінші бағыты отбасылық тәрбиеге арналған. Сол төртінші бағыт бойынша біз ата-аналармен жұмыс істейміз. Бірақ, ол дегеніміз сабақтан тыс уақытта сынып жетекшілері ата-аналармен байланысып, олардың не істегенін тексереді деген сөз емес. Яғни, педагогтарға артық жұмыс жүктеу деген мақсат жоқ», - деді облыстық білім басқармасының басшысы.
Оның айтуынша, бұл бағыт аясында ата-аналарға баласына көңіл бөлу, оның көңіл күйін біліп, онымен сөйлесу туралы мәселе айтылған.
«Өзіңіз білесіз ғой, қазір қылмыс пен құқық бұзу фактілері көбейді, суицид, басқа да жағымсыз жағдайлар болып жатыр. Осылардың алдын алу мақсатында балалардың тәлім-тәрбиесін жақсарту, олардың қабілетін дұрыс жаққа бағыттау, ата-анасымен тығыз байланыс орнату мақсатында жасалатын акция. Сондықтан, бұны осылай түсіну керек. Яғни, бұл жерде сынып жетекшісіне міндетті түрде кешкі сағат 20:00-21:00 аралығында ата-аналардан видео жина деген міндет қойылған жоқ. Ал, желіде тараған хаттағы «видео жинау» туралы тапсырмаға келсек, кейбір жақсы видеоларды өзгелерге үлгі ретінде пайдалану үшін ғана жинауға болады», - дейді ол.
Басқарма басшысы бүкіл жауапкершілікті хатты жазған қызметкерге аудара салғанымен, хатқа басқарма басшысының орынбасары қол қойып, мөр басқан. Демек, басшылық алдына келген хаттың мәтінін оқымай қол қоя беретін болғаны ма? Шенеунік ол туралы жақ ашқан жоқ.