Зіл көрсетпе, зілзала
Зіл көрсетпе, зілзала
© коллаж: Әсел Балтақызы
884
оқылды
Қазақстан халқының жартысы алда жер сілкінуі мүм­кін аумақта тұрып жатыр. Онда экономика мен өнер­кәсіптік әлеуеттің 40 пайызы шоғырланған. Қор­қы­ныш­тысы сол, ғалымдар бүгінде Жер планетасының қыр­тыстарында сейсмикалық процестердің жандану кезеңі ба­сталғанын ескертті. Ал ТЖМ Қазақстанның бұған да­йын еместігін білдірді. Бұл сала тоқыраған. Нақты қай жерде жер сілкінетіні белгісіз, бірер өңірден басқасында заманауи бақылау стансалары жоқтың қасы. Сондықтан мемлекет салада түбегейлі реформаларды қолға алмақ. Осыдан 11 жыл бұрын, 2011 жы­лы 21 ақпанда Атырау жұртшылы­ғын шошынтқан оқиға болды: Теңіз кен орны маңында жер сілкінді. Еуропалық сейсмология орталы­ғының дерегінше, сілкініс 4 балды құрады. Соның өзін «Теңізшевройл» жұмысшылары қатты сезген. Сіл­кіну зорайғанда, тереңнен мұ­най өндіретін кешендер, құбырлар және басқасы жарылып, алапат атап бо­латын еді. Мамандар зілзала Теңіз кен орнын қарқынды игерумен ті­келей байланысты деді. 2010 жылға қарай онда жер қойнауынан 25,9 миллион тонна мұнай алынған. Қазір бұл көрсеткіш 50 миллион тоннадан асып кетсе керек. Елді үрейлендіргені – Атырау өңірі сейсмикалық қауіпсіз аймаққа жатқызылып келді. Бірақ бұл өңірде бұған дейін де жер тербелген. Онда өңір неге зілзала қаупі жоқ өңірлер тізімінде тұрған? Мұның мәнісін геологиялық-минералогиялық ғы­лымдардың докторы, белгілі ғалым Әлқуат Нұрмағамбетов түсіндірді.
«Өкінішке қарай, осы күнге де­йін бұл аймақта арнайы сейсмоло­гиялық зерттеулер жүргізілмеген­діктен, ошағы Атырау жерінде орналасқан жер сілкіністері тіркеуге алынбаған. Сол себепті Атырау өңі­рі сейсмикалық қауіпсіз аймаққа жатты. Бұл – өңірде жер сілкіну қаупінің төмендігінен емес, аймақ­тың сейсмологиялық тұрғыдан зерттелмеуінен және сейсмоло­гиялық деректердің жоқтығынан болды. Теңіз кен орны аумағында болған техногендік жер сілкіністері жайындағы деректер де көп емес. Сейсмология институтының дере­гінше, 2004-2005 жылдары кен орны маңында жұмыс істеген сейсми­калық жүйе бірнеше әлсіз техно­гендік жер сілкіністерін тіркепті. Алайда кейінгі жылдары тиісті қаржы бөлінбей, бұл бақылау жүйесі жабылып тынды», – деді ғалым.
Ғалымдар пікірімен Төтенше жағдайлар министрлігінің (ТЖМ) мамандары келіседі: тиісті зерттеу және бақылау болмаған­дықтан, кейбір өңір қауіпсіз ай­маққа жат­қызыла салынған. Ендігі мақсат – салаға тиісті қаражат бөліп, әр өңірге қатысты зерттеу жүргізу, ол аумақтардың сейсми­калық қауіп­сіздігін растау, қан­шалықты қауіп барын анықтау. Станса түгіл, картаға да қаржысы жоқ Ең құрығанда, жалпы және егжей-тегжейлі сейсмикалық аудан­дастыру карталарын, сондай-ақ Сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталарын жасау қажет. Соңғы карталар әрбір өнеркәсіптік орталыққа, мегаполистерге арнап, жеке-жеке жасалады. Қолданыстағы Сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталарының көбі сонау 1983 жылы түзілді. Дұрысы, әрбір 10–15 жылда жаңартылып тұруы тиіс. 1970 жылдары сол карталарды құрас­тыруға қатысқан Ә.Нұрмағамбе­товтің айтуынша, олар тектоника­лық жарылған жерлердің аймақта­рын бөліп көрсетіп, белгілі бір жер телімдерінде құрылыс жүргізуге шектеулер енгізді. Ал 90-шы жыл­дарда ол шектеулердің бәрі алып тасталған. Сейсмологтардың ес­керт­пелеріне еш назар аудармас­тан, осы аумақтардағы қалаларда (ал бұл 400-ден астам қала мен елді мекен) қарқынды түрде құрылыстар бой көтеруде. Сейсмикалық қауіпсіздікті қам­тамасыз ету мәселелері Қазақстанда өткір тұрғанын Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жасырмады. Әрине, сейсмикалық қауіпті аймақ­тардағы қалаларда жаңа ғимараттар салынбасын, олар дамымасын деген тыйым жоқ. Шектеу ол аудандардағы құрылыстарды жер сілкінісіне төтеп беретіндей, төзімді етіп салуға қа­тысты болып отыр. Немесе, ол жер­дегі ғимарат қосымша сейсмикалық күшейтілуі тиіс. Бұл талапты сақтап отырғаны шамалы. Талап бойынша әр қала үшін оны сейсмикалық шағын аудандарға бөлу карталары жасалады, ал ғи­мараттар мен құрылыстар осы кар­таларға сәйкес жобаланып, тұр­ғызылуы шарт. Тұрғындарының саны 30 мыңнан асатын әрбір қала және сейсмикалық қауіптілігі 6 балл және одан жоғары аудандарда орналасқан аумақтар үшін «Сейс­микалық шағын аудандарға бөлу карталары» жасалуы қажет. Жа­салмады. Себебі қаражат жоқ.
«Қазіргі басты бір проблема сол, осы карталарды жасау іс-шаралары республикалық бюджеттен жеткі­лікті қаржыландырылмайды. Заң­намада карталарды әзірлеуге атса­лысу құзыреті болмағандықтан жергілікті әкімдіктер қанша қаласа да, сейсмикалық аудандарға бөлу карталарын әзірлеуді қаржыландыра алмайды», – деді министр.
Бұл мәселені шешу үшін қол­даныстағы заңнамаға түзетулер ен­гізу ұсынылды. Осы мақсатта «Кей­бір заңнамалық актілерге аза­маттық қорғау мәселелері бойын­ша өзгерістер мен толықтырулар енгі­зу туралы» жаңа заң жобасы әзірлен­ді. Құжат қабылданса, «Ег­жей-тегжейлі сейсмикалық аудан­дастыру, сейсмикалық шағын ау­дандастыру карталарын әзірлеу және сейсмологиялық бақылау жүйелерін дамыту» мәселелері жете қаржыландырылмақ. Бұл түзету соған жергілікті әкімдіктердің қаржы бөлуіне мүмкіндік береді. Мамандардың алаңдауы негізсіз емес Ғалымдар мен мамандардың қауіп қылатын жөні бар. Салыс­тырсақ, соғыс салдарынан жерінің 20 пайызға жуығынан және эко­номикасының сол шамалас бөлі­гінен айырылып қалған Украина қатты күйзеліп, G7 елдерінен қо­сымша 50 млрд доллар көмек сұ­рауға мәжбүр болды. Бетін аулақ қылсын, бірақ Қазақстан терри­ториясында ауқымды зілзалалар болса, олар ел халқының жартысы, 400-ден астам қала мен елді мекен, бүкіл өнеркәсіптік әлеуеттің 40 пайызы шоғырланған аумақты қамтуы ықтимал. Бұл – ТЖМ ресми бағалауы. Осы аумақтар сейсми­к­алық қауіпті саналады. Бірақ шы­найы ауқымы одан да зор болуы ғажап емес.
«Сейсмикалық қауіпсіздік проб­лемаларын шұғыл шешу қажет. Өйткені XXI ғасыр басында жер қойнауындағы сейсмикалық про­цес­тердің жандануының кезекті кезеңі басталды. Қазір Алматы, Шым­кент қалалары, Алматы, Шы­ғыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары 7 және одан жоғары балдық жер сілкіну қаупі бар аумақтарға жатады. Алайда сейсмикалық қаупі жоғары терри­ториялар бұрынғыдан едәуір артты. Бұған қоса, сейсмикалық қауіпті бағалаудың мүлдем жаңа тәсілде­мелері енгізілді. Оның үстіне, сейс­мологиялық мәліметтердің тап­шы­лығы кесірінен белгісіздік сақта­луда. Сондықтан әр өңірдің сейс­микалық ахуалын нақтылаудың ауқымды жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындады», – деп түсін­дірді ТЖМ.
Саланы былық жайлағанын мы­надан байқауға болады: рес­пуб­ликада сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерімен «Сейсмология институты» ЖШС және «Сейсмикалық тәжірибелік-әдістемелік экспедиция» ЖШС (СТӘЭ) айналысады. Олар әр ве­домствоның қарауына «лақты­ры­лып», қақпақылданумен болды. Соңғы 20 жыл ішінде бұл екі ұйым меншік формасын бірнеше рет ауыстырды. Мемлекеттік органның тікелей қарауынан шығарылып, «Геологиялық-географиялық зерт­теулер орталығы» РМК, «Жер ту­ралы ғылымдар, металлургия және кен­ байыту орталығы» РМК, «Па­расат» холдингіне, Сәтбаев атын­дағы Қазақ ұлттық техникалық зерт­теу университетіне берілді. 2019 жылы БҒМ Ғылым комитетінің қарамағына табысталды. Ақыры, Үкімет 2021 жылғы 1 қыркүйектегі қаулысымен институт пен экспе­дицияны Білім және ғылым ми­нистрлігінен алып, ТЖМ қарама­ғына берді. Енді жаңа реформа аясында олар тағы да қайта құрылымданады. ТЖМ «Мемлекеттік меншіктің кей­бір мәселелері туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын сарап­шылар талқылауына шығарды. Ол қабылданса, «Сейсмология инсти­туты» ЖШС мен «Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспед­и­ция» ЖШС-ін біріктіру арқылы мемлекетке 100 пайыз тиесілі бо­латын жаңа ұйым құрылмақ. Ол «Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталы­ғы» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі деп аталады. 20 өңірдің тек  7-уі бақылауда ТЖМ бұл серіктестіктердің қызметіне талдау жүргізді.
«Қаулы жобасы сейсмология саласындағы 2 ұйымды біріктіруді көздейді. Бұл сейсмологиялық, геофизикалық, гидрогеохимиялық және басқа бақылаулардың бі­рыңғай деректер банкін қалыптас­тыруға ықпал етеді. Өлшеу, бақылау сапасы айтарлықтай жақсарады. Әкімшілік аппарат қысқартылады, бюрократия азайып, мониторингті басқару тиімділігі артады. «СТӘЭ» қызметкерлері үшін біліктігін арттыру, гранттық және нысаналы қаржыландыру бағдарламалары аясында ғылыми зерттеулерге қа­тысу мүмкіндіктері пайда болады. Бірыңғай басқару, тиімді құрылым және қалыптасатын кері байланыс негізінде қос ғылыми, өндірістік бөлімдердің бірлесе жұмыс істеуі Қазақстан азаматтарының қауіп­сіздігін қамтамасыз етіп, сейсмо­логиялық зерттеулердің сапасын арттыруға септігін тигізеді», – деді министр Ю.Ильин.
Жалпы, озық дамыған елдерде сейсмологиялық институттар мен жер сілкіністерін бақылау, есепке алу қызметтері бір ұйымға бірік­тірілген. АҚШ-та – Америка геоло­гиялық қызметі, Германияда – Жер туралы ғылыми институты (GFZ), Еуропалық одақта – Еуропалық Жерорта теңізі сейсмологиялық қызметі, Қытайда – ҚХР Ғылым академиясының сейсмология және геофизика институты бар. Әйткенмен, қос ұйымды бірік­тірумен мәселе шешілмейді. Зіл­залаларды бақылау, болжамдау бекеттерінің онсыз да аз саны то­зып, жабылу салдарынан тіпті азаюда. Қолданыстағыларының жабдығы ескірген. Желіні соңғы жаңғырту 20 жыл бұрын: 2000-2003 жылдары жүргізілген.
«Қазіргі жүйенің кемшілігі сол, елдің бүкіл сейсмикалық белсенді және әлсіз сейсмикалық аумағы сейсмологиялық стансалармен толық қамтылмаған. Сейсмикалық бақылауды жүргізетін «СТӘЭ» ЖШС-нің 63 стансасы ғана бар, оның 6-ы таяуда істен шықты. Стансалар тек Алматы қаласы мен 6 облыстың аумағында орналасқан: Алматы облысында – 35 станса, Алматыда – 16, Жамбыл, Түркістан облыстарында – 4-еуден, ШҚО-да – 2, Қарағанды және Қостанай облыстарында – 1-уден. Бүгінде сейсмикалық қауіпті аймақта 2 мегаполис (Алматы, Шымкент) және 10 облыс (Ақтөбе, Алматы, Атырау, ШҚО, Жамбыл, БҚО, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан) орын тепкен деп есеп­теледі. Әйтсе де, табиғи қазба бай­лықтары белсенді өндіріліп жатқан елдің батыс және орталық өңір­лерінің техногендік жер сілкіну қаупі зерттелмеген», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Мамандардың есептеуінше, Қазақстанның бүкіл террито­рия­сында қосымша 187 сейсмостанса орнату талап етіледі. Оның бағ­дарламалық қамтылымын жаңар­туға зәрулік бар. Қаржы да тапшы. Сейсмикалық салаға 2021 жылы – небәрі 461 млн, 2022 жылы – бар-жоғы 463 млн теңге бөлінді. Бұл 900 мың доллар тұратын қымбат бір көліктің құны ғана. Қазақ елін ғаламат апаттан қорғап қалудың қамын қазірден жасаған жөн. Ол үшін қаржыландыруды арттыру өмірлік маңызды.