Қазақ газеттері 1990 жылдың 25 қазанындағы Декларация жайлы не жазды?
«1990 жылдың 25 қазан күнгі 18 сағат 55 минөтті есімізге сақтайық. Қазақстан парламенті осы сәтте республика көпұлтты халқының мүддесіне қызмет ететін егемендік туралы тарихи Декларацияны қабылдады». Осы тарихи уақиғаның ертеңінде жарыққа шыққан «Социалистік Қазақстан» газеті нөміріндегі бұл жолдар аталмыш құжаттың қалың бұқараға қандай үлкен қуаныш әкелгенін және әзер дегенде жеткен асыл мұраты болғанын айқындап тұрғандай. Жалпы, мұндай көңіл күйді бұдан өзге «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Казахстанская правда» газеттерінің де сол кездегі сандарын парақтап отырып анық сездік... «Бізді қазақ халқы теріс түсінуі мүмкін...» Негізі, егемендік туралы Декларация қабылданбас бұрын, газеттерге болашақ құжаттың қандай маңызы барын түсіндіретін материалдар жарияланыпты. Мысалы, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 19 қазан күнгі нөмірі мен «Лениншіл жас» газетінің 20 қазан күнгі санында Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 16 қазанда республика Жоғарғы Советінің кешкі мәжілісінде айтқан Декларация жөніндегі пікірі берілген екен. Онда аталмыш құжаттың баламалы нұсқасы да болып, оның да депутаттар талқысына түскені айтылған.«Егемендік жөніндегі декларацияның баламалы нұсқасының пайда болуын дұрыс деп есептеген жөн. Егер ол болмаса, әдеттегідей бір ғана жобаны талқылауға тура келер еді. Осы нұсқаны әзірлеуге қатысқан әртүрлі ұлттарға жататын депутаттар ең алдымен тұрақтылықтың сақталуына және көпұлтты қоғамымызды топтастыруға алаңдаушылық білдірді. Біздің бәріміз парламенттік жұмыстағы плюрализмге бой үйретуге тиіспіз – бұл тек оны байыта түседі», – дейді президент өз сөзінде.Әлгі баламалы нұсқаны ұсынған «Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобы Декларация жобасындағы «ұлттық», «қазақ» сөздеріне шүйліккен. Бұл мәселеге қатысты ойын Н. Назарбаев былай жеткізген:
«Декларациядан тек республикадағы ұлттық мемлекеттілік туралы мәселені ғана емес, сонымен бірге жалпы қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісуге болмайды. Бізді қазақ халқы теріс түсінуі мүмкін, өйткені бұл жағдайда ол ССРО-ның басқа ұлттарымен терезесі тең емес жағдайға қойылмақшы. Одақтас республикалардың осындай декларацияларының кез келгенін алсаңыздар да, барлығында да ұлттық мемлекеттілік туралы ереже бар. Республика территориясында қазақ халқы санының басым болмауының негізінде ғана осы тезисті біздің құжатымыздан алып тастау саяси тұрғыдан дұрыс емес. Өзінің бүкіл тарихында интернационализм идеяларына адалдығын дәлелдеген қазақ халқы, айталық, кез келген басқа халық сияқты, осындай көзқарасқа лайық па», – дейді ол Жоғарғы Совет мәжілісінде сөйлеген сөзінде.«Ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға қайшы келмейді» «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 26 қазандағы нөмірінде тілшілер Г. Еңсепова мен Ә. Әлібековтің «Егемендік ел үміті еді» атты материалы жарыққа шығыпты. Онда СҚ тілшілері республиканың егемендік алудағы бағдарының жобасы туралы бірнеше депутаттың пікірін сұрапты. Солардың бірі Алтыншаш Жағанова:
«Демократиялық Қазақстан» депутаттар тобының Декларацияның негізгі жобасындағы ойларды тек қана қазақ ұлтының мүддесін көздеу деп түсінуі жанымызға батады. Негізгі жобаны талқылау кезінде кейбір депутаттардың қызуқандылықпен еркін сөйлеп, тіптен қазақ халқының намысына тиетін пікірлер білдіргені – тым асқақтаушылық», – десе, Сұлтан Сартаев: «Демократиялық Қазақстан» тобындағы депутаттар, сондай-ақ республикамыздың кейбір жұртшылығы «ұлттық республика дегенді жойып, азаматтық қоғам құрайық» деген пікір айтады. Ал оларға мен әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, мынаны айтқым келеді: сіздер ойлағандай ұлттық мемлекет азаматтық қоғамға, яғни праволық мемлекетке қайшы келмейді. Мәселен, Англия – праволық мемлекет. Алайда ол ағылшындардың ұлттық мемлекеті. Сондай-ақ Франция, Испания, Жапония, тағы да басқа көптеген ұлттық негіздегі праволық мемлекеттерді мысалға келтіруге болады. Біз де осы мемлекеттердің үлгісінде өзіміздің егеменді, ұлттық республикамызды дамытамыз, гүлдендіреміз. Декларациядағы қазақ деген сөзден қорқатын ештеңе жоқ. Қазақ ұлты, сонау ерте дәуірден тілі, діні қалыптасқан, кіндік қаны тамған өз ата мекені бар халық қой. Енді келіп оны мүлде сызып тастау мүмкін емес», – деген пікір айтады.Декларацияға қандай бап енгізілмеді? Декларацияның жобасы ел арасында да, депутаттар арасында да қызу талқыға түскен. Соның жемісі дейміз бе, жобаның кейбір шикі баптары ресми құжатқа енгізілген жоқ. Бұл жайында «Лениншіл жас» газетінің 1990 жылғы 30 қазандағы санында жарияланған депутат, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Салық Зиманов «Ерекше маңызды құжат» (бұл мақала орыс тілінде «Казахстанская правда» газетінің 1990 жылғы 28 қазанындағы санында да жарияланған) мақаласында қозғайды. Автордың айтуынша, жобаның 8-бабындағы «Қазақ ССР-інде қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі ресми тіл болып табылады» деген бөлігі Декларацияға енгізілмей, талқылаудан алынып тасталған.
«Бұл бөліктің Декларация жобасына енгізілуі дұрыс емес еді. Мұның өзі тек оның 1989 жылғы қыркүйектің 22-сінде қабылданған Республиканың Тіл туралы заңына мазмұны жағынан қарама-қайшы келгендігінен ғана емес. Бұл заң бойынша, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ал орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі деп танылған болатын. Ең басты нәрсе мынаған байланысты: бұл ережені өзгертіп, жаңа ережені қабылдай отырып, заң шығарушы орган қазақ тілін тез арада құрып кетуге күні бұрын әдейі душар етер еді. Қазақ және орыс тілдері праволық тұрғыдан тең. Бірақ олар өзінің іс жүзіндегі жағдайы бойынша тең емес және тең болуы мүмкін емес. Біріншісі, ғылыми-техникалық саладан белсенді түрде ығыстырылып отырған. Республикадағы ресми іс жүргізу саласынан толық-дерлік ығыстырылған жергілікті, аймақтық тіл болып табылады, екіншісі – ғылым, білім беру және дүниежүзілік цивилизация тілі. Осыған байланысты бұл тілдер тең статусы бола тұра, қатарлас қозғалыс процесінде бірін-бірі «жігерлендіре» алмайды. Бұл біз велосипедшіні ғарыш кемесімен қатар қойып, оларды еркін «жарысқа» қосқанмен бірдей. Қазақ тілі мұндай жағдайда сөзсіз құнсызданып, құрып кетуге душар болмақ», – деп жазады С. Зиманов.Тілшілерді риза қылған депутат Айтпақшы, аталмыш құжатты талқылау барысында кейбір депутаттардың өзге ұлт өкілі бола тұра, қазаққа жаны аши сөз сөйлегенін газет тілшілері іші жылып отырып жазыпты. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1990 жылғы 27 қазандағы нөмірінде тілшілер Г.Еңсепова мен Ә.Әлібеков «Елдігіміздің басты белгісі» атты мақаласында мынадай дерек бар:
«Депутат А.Княгинин Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты ірі халықаралық ұйымдарда Қазақстанның атынан қазақ халқы өкілінің өкілеттігі танылатын болсын деген ұсыныс айтты. «Мұны Қазақстанда тұратын өзге ұлттық топтар өкілдері түсініп қабылдайды деген ойдамын», – деді ол. «Себебі, аталған халықаралық ұйымда, айталық, украин халқының өкілеттігін Украина, ал белорус халқының өкілеттігін Белоруссия танытады ғой.Оған сессия мінберінде сол күні сағаттар бойы түрегеп түрып, Декларация жобасының әр бабы жөнінде депутаттарға түсінік берген, осы мәселеге байланысты құрылған комиссияның төрағасы С.Зиманов былай деп жауап қайтарды: «БҰҰ-да жекелеген ұлттар емес, мемлекеттер ғана өкілеттік ете алады»...
Халықаралық право тұрғысынан алғанда депутат А.Княгинин ұсынысының өтпей қалуы заңды. Бірақ шынын айту керек, өзге ұлт-тар жөнінде осындай қамқорлық пен жанашарлық таныта сөйлеген депутаттар әрдайым бәрімізді риза-лық сезіміне бөлейді», – дейді СҚ тілшілері.«Парламенттегі бос орындар қынжылтты» Декларация қабылданар шақта депутаттардың қаншалықты белсенді және батыл болғаны да тілшілер көзінен таса қалмаған секілді. Мысалы, «Қазақ әдебиеті» газетінің 1990 жылғы 26 қазанындағы санында тілші К.Табеев Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің ІІ сессиясы жайлы былай деп жазады:
«...Сессияның бесінші күні мәжіліске барлық 357 депутаттың 251-і ғана қатысқанын айта кетуді жөн көрдік. Еліміздің елдігі, халқымыздың еркіндігі сынға түскен осынау қиын сәтте ел сенімін арқалаған сол бір азаматтардың парламентте бос тұрған орындарын көргенде, іштей көңіліміз жүдеу тартқанын да несін жасырайық? Ертең тіліміздің тіл болуы, еліміздің ел болуы кейде бір-екі дауыспен-ақ шешіліп кететінін ойласақ, жүрек шіркін аттай тулап, көңілге күдік ұялайды», – деп қынжылады автор.Журналистердің көзіне жылы ұшыраған, олардың ризашылығына бөленген депутаттар да БАҚ-та ес-керусіз қалмапты. «Лениншіл жас» газетінің 1990 жылғы 26 қазанындағы санында «Парламент парасаты» атты мақала жарияланған. Онда:
«Он екінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің екінші сессиясында депутаттар Ә. Кекілбаев, С. Сартаев, С. Сухов, И. Байдәулетов, К. Айтаханов, С. Зиманов, М. Тінікеев, С.Субботиндер және басқалар, біздің ойымызша, пікірталастарға батыл қосылып, өз позициясын алға тартудан тайсалмайтын, білікті де беделді депутаттар екенін байқатты», – делінген.Ал, жалпы, тілшілер қауымының маңызды құжат талқыланар сәтте қандай күйді бастан кешкенін «Лениншіл жас» газетінің қызметкері Ғалымжан Мелдешев:
«Үлкен мәжіліс залының айналмалы балконы баспасөз өкілдерінің «меншігінде». Мұнда бүкіл зал көз алдыңда, ерекше бір тынысты сезесің, бәрі алақаныңа сыйып кетердей. Ел үлкен үмітпен күткен егемендік мәселесі талқыланғалы жатқанда ешкім де бей-жай қалмаса керек. Баспасөз орталығында орнатылған қос телевизордан бас алмай көз қадап отырған әріптестер сол балконға ұмтылды», – деп жазады.
P.S. «Ел тілегі құпталды. Көксегенімізге қол жетті. Дегенмен, мұнымен іс біткен жоқ. Атқарар қыруар шаруа енді келді. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын уақыттың дәп өзі – осы. Егемендік – еселі, ерен еңбекке шақырады. Егемендік – нақты тірліктерді талап етеді. Егемендік – енжарлыққа, келеңсіздікке төзбейді. Егемендік – жарқын келешеккке жол сілтейді. ЕГЕМЕНДІГІҢ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ЕЛІМ!». Бұл да – Мелдешевтің мақаласынан үзінді. Бірақ бір тілшінің емес, сол шақтағы бар халықтың қуанышын, мүддесін, толқынысын да осы жолдардан табуға болатын сияқты.