Биыл көрнекті қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, драматург Дулат Исабеков сексеннің сеңгіріне аяқ басты. Осыған орай, Алматы қаласында дәстүрге айналған II халықаралық «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалі басталды. Фестивальге қазақ театрларынан бөлек, Түркия, Грузия, Аустралия театрлары да қатысып жатыр. Мерейтойлық фестивальдің ашылу салтанаты Almaty Theatre ғимаратында өтті. Ең әуелі Дулат Исабеков отбасымен, одан кейін алыс-жақыннан келген театр әртістері қызыл кілеммен жүрді. Мерекелік шараға жиналған жұрттың қарасы да қалың болды. Ұлт зиялылары мен қаламгерлер, БАҚ өкілдері мен жазушы оқырмандары осы кеште бас қосты. Баспасөз конференциясында бірінші болып сөз алған Евразия шығармашылық Гильдиясының вице-төрағасы, Hertfordshire Press UK баспагері Марат Ахмеджанов Лондонда жарық көрген жазушының қос кітабын таныстырды.
– Бұған дейін Альфред Нобельдің Отанында Дулат ағамыздың кітабы басылып, оған «Гауһартас», «Сүйекші», «Дермене», «Өкпек жолаушы», «Біз соғысты көрген жоқпыз» атты бес повесі және бірнеше әңгімесі енген еді. Жинақты швед академигі, Нобель сыйлығының лауреаты Бенгт Самуэльсон аударған. Туынды Швециялық сыншылардың жоғары бағасын да алды. Енді биыл «Бонапарттың үйленуі» атты кітабы, халықаралық сыншылардың пікірімен басылып отыр. Кітаптың тұсаукесері желтоқсан айында өтеді, – деді Марат Ахмеджанов.Оның айтуынша, жылдың соңында Аустралияның Мельбурн театры танымал «Бөрте» қойылымын қояды. Режиссері – Ворен Вилс. Ол осы фестивальге арнайы келіп қатысуда.
– Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Композитор, режиссер ретінде мені әрқашан талантты адамдармен жұмыс істеу шабыттандырады. Дулат Исабековпен бірігіп жасаған жұмысымыз ерекше әсер сыйлады. Бұл менің шығыс халқы жайлы алғашқы жобам. 2020 жылы спектакльді қоюға кірістім. Алайда пандемияның салдарынан премьера ұзаққа созылып кетті. Марат маған Бөрте туралы алғаш айтқан кезде мен өзіме тарихи жаңалық аштым. Әр қойылымның өз уақыты болады. Меніңше қазір, Аустралияға Бөрте сияқты туынды керек. Себебі қазір әлем әйелдерге назар аударып, Аустралия билігіне де әйелдер келіп жатыр. Бөрте образы әйелдің қайсарлығын көрсетеді, – дейді Ворен Вилс.Иә, Дулат Исабеков әлемдік аренадағы жазушы. Себебі драматургтың пьесаларына еуропалық театрлар қызығып отыр. «Бөрте» пьесасын Вена, Цюрих, Брюссель театрлары сахналауға дайындықты бастап кеткен. Ал Түркиялықтар Дулат Исабековке арнап арнайы журнал шығарыпты. Ол журналда жазушының шығармашылығы, өмірі жайлы әріптестері мен түркиялық әдебиетшілердің пікірі берілген.
– Мен Дулат Исабековтің шығармашылығын зерттеп, аударып келе жатқан қарапайым адаммын. Осы уақытқа дейін бірнеше әңгімесін аударып, оны театрда сахналап та жатырмыз. Құдай қаласа, 2-3 айдың ішінде жазушының 7 хикаяты 2 кітап болып басылып шығады. Бұл біз үшін, Түркияның оқырмандары үшін жағымды жаңалық болып есептеледі. Себебі, қазақ әдебиеті Түркияда көп таныла қойған жоқ. Тіпті, ірі жазушылардың шығармалары түрік тіліне аударылмады. Біз Дулат ағаның шығармаларының Түркияда танымал болатынын сеніммен айта аламыз. Себебі, қазірдің өзінде кітапқа деген сұраныс көбейген. Бұл дегеніміз, Дулат Исабеков Түркияда ең көп оқылатын шетел жазушысының бірі болып халық жадында сақталады деген сөз», – дейді PhD, ғалым, аудармашы Ашур Өздемир.Бұрын-соңды қазақ қаламгерлері арасында халықаралық деңгейде театр фестивалін өткізгендер болмады. Ал бұл фестивальға алыс-жақын шетелдерден үш театр: Эрзурум театры (Түркия Республикасы) «Өкпек жолаушы», И. Мачабели атындағы Цхинвали кәсіби мемлекеттік драма театры (Грузия) «Актриса» спектаклімен және Мельбурн театры (Аустралия) «Бөрте», Қазақстаннан үш театр: М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры «Жүз жылдық махаббат», Мемлекеттік Құдыс Құжамьяров атындағы ұйғыр музыкалық комедия театры «Мұрагерлер» және Түркістан музыкалық драма театры «Бөрте» спектакльдерімен қатысып, бақтарын сынамақ.
– Фестивальге бұдан да көп театрлар қатыспақ болды. Алайда, қаражаттың аздығына байланысты 6 театрға ғана рұқсат берілді. Шетелдің біраз театры, біздің театрларымыз ілінбей қалды. Біз осы жолы Аустралияның өнерпаздары қазақ қызының бейнесі Бөртені қалай қояды деген қызығушылық танытып отырмыз. Осыдан біраз уақыт бұрын олар мені премьераға шақырған, алайда денсаулығыма байланысты бармаған едім. Олар қазақ қызына қатты қызығушылық танытып отыр, себебі қазіргі таңда Еуропаның сахналарында ер адамның бейнесі көбейіп кетті. Сонымен қатар, біз Шыңғысханды білеміз, ал Бөртені таныстыру бізге, әлем елдеріне де сенсация болды. Олар атын өзгертіп, «Борте – импортация мира» деп сахналап жатыр. Қазақ қызының ержүрек, қайсарлығы, бірбеткейлігі еуропалықтар үшін ерекше құбылысқа айналған жайы бар, – дейді жазушы Дулат Исабеков.Дегенмен жазушы: «мерейтойлық маусымды мақтан үшін емес, жасаған аз ғана еңбегімді халық көріп, бағасын берсе деп өткіземін», – дейді. Халықаралық «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалі алғаш рет 2012 жылы Дулат Исабековтің 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен болатын. Театр фестиваліне бір автордың шығармашылығы бойынша қойған Түркия, Болгария, Башкортостан, Тәжікстан, Ресей (Омбы және Санкт-Петербург театрлары) сияқты мемлекеттердің театрлары мен республикалық театрлардан бас-аяғы 12 театр қатысты. Қазақ әдебиеті мен драматургиясының асыл қазынасына айналған Дулат Исабековтің туындылары бойынша өткен фестиваль еліміздің мәдени, рухани өмірінде ойып тұрып орнын алған мерекелік шара ретінде есте қалғаны белгілі. [caption id="attachment_222488" align="aligncenter" > © фото: Күлайна Оразбекқызы[/caption] «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» театр фестивалінің мақсаты – еліміздің рухани кеңістігіндегі халықаралық мәдени байланысты нығайту, қазақ драматургиясын және Қазақстан театрларының өнерін насихаттау, ерекше режиссерлық шешімдер мен идеяларға қолдау көрсету, драматург-театр – көрермен арасындағы қарым-қатынасты дамыту. Айта кету керек, II халықаралық «ИСАБЕКОВ ӘЛЕМІ» атты театр фестивалінің шымылдығы Түркістан музыкалық драма театрының репертуарындағы «Бөрте» тарихи драмасымен ашылды. Ал алдағы күндері қара шаңырақ, Мұхтар Әуезов атындағы театр ғимаратында драматургтың басқа да шығармалары қойылады. Келіп көремін деушілерге театр есігі ашық!