ОПЕК-тің шешімімен мұнай экспорттаушы елдер қараша айынан бастап шикізат өндірісін тәулігіне 2 миллион баррельге қысқартпақшы. Мұндай міндеттеме Қазақстанға да қойылды, ол енді тәулігіне 78 мың баррель кем өндіретін болды. Бұл шешімнің ішкі нарықта жанар-жағармай бағасын қымбаттатып жіберетіні өз алдына, энергетикалық отынның жетіспеушілігіне әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазақстан жылына 86 миллион тонна мұнай өндіреді, оның 17 млн тоннасы ішкі нарықта қалады да, қалғаны экспортталады. Әйтсе де, республикада өндірілетін мұнайдың тек 26 пайызы ғана отандық компаниялардың үлесінде. Қалған төрттен үш бөлігі шетелдік субъектілерге тиесілі. Қазір ел аумағында мұнайгаз өндірісі саласында 15 мемлекеттен 80-нен астам компания жұмыс істейді. Мемлекет Теңізшевройл, Солтүстік Каспий операциялық компаниясы, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг сияқты ірі шетелдік компаниялардан басқаларын өндірген өнімінің 30-70 пайызын ішкі нарыққа сатылуын міндеттейді. Әлбетте оның бағасы экспортталатын тауар құнымен салыстырғанда әлдеқайда арзан болғандықтан ол шетелдіктер үшін тиімсіз. Алайда бұл отандық мұнай өңдеу зауыттарының шикізатсыз қалдырмау және ішкі нарықты жанар-жағармаймен қамтамасыз ету үшін қажет. Шектеуден ши шықпасын ОПЕК+тің халықаралық жағдайға байланысты «қара алтынның» өндірісін біресе шектеп, біресе ұлғайтып отыруына көз үйренген. Әйтсе де, бұл жолғы шектеу бұған дейін бекітіп жүрген көлемдерден әлдеқайда асып түсті. Мұнайшылар сол арқылы шикізат бағасын қазіргі қалпында ұстап тұруды, мүмкін болса тіпті одан да қымбаттатып жіберуді көздейді. Өйткені өнім жетіспеген сайын оның құны арта түсетіні белгілі. Бірақ мұнай өндірісін қысқартудың басты себебі бұл да болмауы ықтимал. Өйткені әлемде қазіргідей геосаяси жағдай күннен күнге ушығып бара жатқанда және оның бір ұшы нақ осы көмірсутегімен байланысты болғандықтан, мұндай қадамның артында саясаттың жатқанын аңғару қиын емес. Сарапшылар ОПЕК+тің шешімі әлемдік экономиканың дамуын тежейтіндігін айтады. Ал АҚШ Ақ үйінің ресми өкілі Джон Кирби ОПЕК+-ті басқарып отырған Сауд Арабиясын «моральдық және әскери тұрғыдан Ресейді қолдау» деп айыптады. Сондай-ақ шектеу инфляцияны өршітіп жібере ме деп қауіптенеді. Басқасы басқа, мұнай өндірісін шектеу Джо Байден үшін аса бір қысылтаяң шаққа тап келді. Тұтынушылық бағалардың, оның ішінде бензин құнының қымбаттауы қараша айында өтетін Өкілдер палатасы сайлауында оның Демократиялық партиясына кесір болып тиетіні сөзсіз. АҚШ президенті сол себепті өндірісті шектемеу туралы Парсы шығанағындағы бірқатар елдерге қолқа салып та көрген. Дегенмен әзірге одан нәтиже шыққан жоқ. Ал бізді мұнай өндірісінің шектеуі Қазақстан экономикасына қалай әсері ететіндігі алаңдатады.
«Кейінгі айларда ОПЕК+ке қатысушы-мемлекеттер бекітілген квотаның өзін орындай алмай жүр. Мәселен, Нигерия өз квотасынан тәулігіне 700 мың баррель кем береді. Ресей тәулігіне 1,2 миллион баррельді аз өндіреді. Қашаған мен Каспий құбыр желісі консорциумындағы апаттардан кейін Қазақстан да бекітілген көлемінен көп қалыс қалып келеді. Сөйтіп, ОПЕК+ бүгіннің өзінде міндеттемені орындамай отыр. Өндіріс көлемі шамамен тәулігіне 3,5 миллион баррельге төмендеген. Яғни, ОПЕК+ бұл шешімі арқылы нарықта қалыптасқан үрдісті тек заңдастырған болды», – дейді Қазақстан мұнайсервис компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұлов.Оның айтуынша, бұл жағдай бензин нарығына айтарлықтай ықпал ете алмайтын көрінеді. Өйткені қазіргі кезде көптеген елдердің экономикасы тұралап жатыр, сол себепті мұнайға аса үлкен сұраныс жоқ. Бүгінде мұнайдан гөрі газға сұраныс артқан. Қазір әлемдік нарықта бірінші орынға газ шықты, мұнай одан кейінгі орында тұр. Сондықтан ОПЕК+тің шикізат өндірісін шектеуі қолданыстағы бензин бағаға әсер етпеуі тиіс. Мәселен, осыдан екі жыл бұрын нарықтағы ең танымал Brent маркасының баррелі қазіргі шамадан екі есе төмен болатын. Қазір оның құны 80-90 доллар дәлізі аралығында құбылады, тіпті 100 доллардан асқан кезі де болған. Экономика осы бағаға бейімделді, енді оның екі жыл бұрынғы 40 долларға түсуін ешкім қаламайды. Дизель отыны қымбаттауы мүмкін Баға өзгермегенімен, ОПЕК+тің шешімімен Қазақстан енді шикі мұнай өндірісін тәулігіне 78 мың баррельге қысқартуға мәжбүр. Бұл біздің ел үшін өте қомақты көлем әрі қымбатшылықтан әбден зәрезап болған жұрт одан еш жақсылық күтпейді. Мұнай өндіру кемісе, ол ел ішінде бензин тапшылығы туындатып, кейін көпшілік тұтынатын барлық тауарлардың жаппай қымбатташылығына ұрындыра ма деп қорқады. Бірақ сарапшылар бұдан бензин емес, ең бірінші дизель отыны қымбаттауы мүмкін деген жорамалдарын алға тартады.
«Автомобилистер аса алаңдамаса да болады, өйткені оның бағасы жарты жылға бекітіліп қойылған. Алайда қысқы дизель отынының жағдайы не болатындығы түсініксіз. Өйткені біз дизельді әдетте шетелден импорттаймыз. Қазір курс бағамының айырмашылығына байланысты енді ол қазақстандықтар үшін анағұрылым қымбатқа түсейін деп тұр. Бұл жағдай жанармайды үлкен мөлшерде қотарып сатып алушылар мен автоқұю стансаларына да оңайға тимесі анық», – дейді Нұрлан Жұмағұлов.Одан бөлек, Үкімет сәуір айында дизель отыны акцизін көтеруі арқылы қымбатшылықтың туындауына өзі себепкер болып отырған сияқты. Әйтпесе, мемлекеттің импорттық өнімге тәуелді екеніне қарамастан, онсыз да жетпей жатқан солярканың акциз бағасын қымбаттатуын қалай түсінуге болады? Өйткені акцизге қосылған әрбір теңге тұтынатын өнімнің түпкілікті құнында көрініс табады. Өнім өндірісі мен импорт тауарларға акцизді көтеру ішкі нарықтағы бағаның өсуіне әкеліп соқтырады. Рас, наурыз-сәуір айларында рубль доллар мен теңгеге шаққанда қатты құлдырап, рубль 4 теңгеге дейін төмендеді. Үімет акциздің құнын көтеру туралы шешімін соған байланысты шығарған болар. Бірақ қазір жағдай басқаша, рубль 8 теңгеге жетті. Сондықтан қазақстандықтар қараша тумай, қымбатшылыққа ұрынбай тұрғанда қысқы дизель отынының қорын жинап алуға қам жасай бергені дұрыс. Ал бензин бағасы әзірше бұрынғысынша қалыпта. Әйтсе де әлемдік мұнай нарығындағы толқу әлі тыншыған жоқ әрі ОПЕК+тің шектеуі әлі күшіне енгенбеген. Сондай-ақ желтоқсан айында мұнай экспорттаушы елдер ұйымының басқосуы өтеді. Міне, мұнай нарығындағы жағдай осы отырыста қабылданған шешімдерге байланысты болмақ. Сөз соңы. Қазақстанда кейінгі он жылдарда жаңа кен орындары ашылған жоқ. Сондай-ақ мемлекеттің мұхитқа шығатын жолы болмағандықтан, бізде көмірсутегін тасымалдау құны қымбат. Мысалы, қазақ мұнайы Еуропаға Қара теңіз порты арқылы шығарылады. Одан басқа жалпы ұзындығы 1650 шақырым болатын Каспий құбыр желісі консорциумы бар. Мұнай өндіруші өнімін теңізге жеткізу үшін құбыр операторына әр тоннасы үшін 38 доллар төлейді. Оның үстіне, салық үстемесінің жоғарылығы, ішкі нарықта қатаң бағаның бекітілуі «қара алтынның» өзіндік құнына теріс әсер етеді. Бұл факторлар әлеуетті инвесторларды мұнайгаз саласына инвестиция салудан қашқақтатады. Кейінгі 10 жылда тіпті қытайлықтардың өзі Қазақстанның мұнайгаз саласына ақша салуды доғарған. Оларды тек дайын өнім ғана қызықтырады. Мұндай жағдайда ОПЕК+тің ғаламдық мұнай нарығын реттеуінің еліміздің ішкі жағдайына да әсері үлкен болмақ.