Қостанай Балалар үйінде тәрбиеленген Татьяна Водолазкина кәмелет жасқа жеткенше «тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай» асыраған мемлекетіне дән риза екенін айтады. Сол берген тәлім-тәрбиесі үшін өскенде тәртіп сақшысы болып, адамдардың құқын қорғауды армандаған ол Ішкі істер министрлігі академиясына оқуға түскен. Әйткенмен, казарма қабырғасына келгеннен кейін мемлекеттің мейірімі таусылыпты. Осылайша, өзгелердің құқығын қорғауды мақсат еткен ол өзінің құқығын қорғаудың тым қымбатқа түсетінін кеш түсінген.
Қостанай академиясының түлегі Татьяна Водолазкинаның жайынан жұрттың дені жақсы таныс. Тек оқу орнына тікелей жауапты министрлік ғана меңіреу секілді. Әйтпегенде, елдегі ІІМ академияларындағы жетім курсанттардың азаматтық оқу орнындағы өзі тағдырлас студенттердің алатын әлеуметтік көмегі арман ғана екені айтылмады емес, айтылды. Тіпті, бірнеше рет бұқаралық ақпарат құралында жазылды. Негізінде, «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы» 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 қаулыға сәйкес, жетім балаларға берілетін әлеуметтік көмектің көздері мен түрлері, мөлшеріне дейін ЖОО-ның барлығында бірдей жүзеге асуы тиіс. Ол азаматтық және ведомстволық оқу орны болса бұл қаулы барлығына ортақ. Ал «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шілдедегі №319 заңының 47-бабының 11-тармағында да олардың толық мемлекет қамқорлығында ұсталатыны көрсетілген. Бұл бойынша, азаматтық оқу орнында оқитын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған білім алушыларға каникул кезеңінде білім беру ұйымдары мен мемлекеттік органдардың қаражаты есебінен олар тәрбиеленген ұйымдар мен отбасыларға жол жүруін, тәуліктік шығыстарды заңнамада белгіленген тәртіппен қаржыландыруға міндеттелген. Сондай-ақ каникул кезінде ұйымдастырылған демалыс орындарына бармайтындарға тамақтануға арналған тәуліктік норма құнының шегінде қолма-қол ақша бөлінеді. Бұдан бөлек, олардың маусымдық киімдері: пальтодан бастап қолғаптарына дейін мемлекеттен. Ал ІІМ академиясының курсанттарына 40 мыңның көлемінде стипендия беріледі. Ай сайынғы берілетін стипендиясы жазғы 30, қыстағы 15 күндік демалысында ішіп-жегені, киер киіміне жетуі тиіс. Мысалы, өзге елге кеткен Татьянаның Ресейдегі стипендиясы – 65 мың. Бірақ ақшаның 25 мыңы жалдамалы пәтерге, 5 мыңы интернет үшін (қашықтықтан оқыту тұрақты, жоғары жылдамдықты интернеттің болуын талап етілген) жұмсалған. Қалған 35 мың азық-түлікке есептеледі. Алайда тамақтың бағасы күн сайын өсіп жатқанын есепке алсаң, бұл да жетпейді. Жеке гигиена заттары жарты айға ғана жетсе, қысқы киім сатып алуға мүмкіндігі болмаған.
Осы мәселені бір кісідей білетін запастағы полиция генерал-майоры, профессор Мирлан Қызыловтың өзі де талай рет жағдайды баяндап, министрлікке хат жазады. Бірақ зейнет жасына жеткенше құқық қорғау қызметкерін тәрбиелеп, осы саланың отымен кіріп, күлімен шыққан ардагердің айтары министрдің құлағына жетер емес. Мүмкін жеткен де шығар, тек министрлікке әке-шеше мейірімін көрмей өскен жетімнің жайынан гөрі жүзеге аспайтын жобаларды дайындау әлдеқайда тиімді ме екен.
Сырғытпа жауаппен созып келеді
Туғаннан тағдырдың сынағына түскен Татьяна – тұлдыр жетім. Қостанай академиясына түскендегі жинаған балл көрсеткішінің жоғарылығы ескеріліп, Ішкі істер министрлігі оны Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің арасындағы келісім негізінде Ресейдің Краснодар университетіне оқуға жіберіпті. Алайда қолына бір жапырақ жолдамасын ұстатқан министрлік жетімнен тезірек құтылғанға қуанған ба, өзге елде өмір сүрудің қажеттілігін қаперге алмаған. Олай дейтініміз, ресейлік оқу орнында оқитын жетім қызды өз елі ойламай тұрғанда, басқа мемлекет басынан сипай қоймайтыны түсінікті. Ресей жағы да қалтарыста қалған қызға бір тиын да әлеуметтік көмек бермепті. Себебі бұл туралы екіжақты келісімде көрсетілмеген. Сонда дейсің де, ел ішінде жүріп қарыс адым жердегі аймаққа сапарлайтын сала басшылары ары-бері жолын, қонатын жерімен қоса ішіп-жегеніне дейін бюджеттен ақша бөлдіретінін білмей қалғаны ма? Өзінен басқа сенері жоқ жастың жат жұртта қалай жан бағарын бағамдамаған?
[caption id="attachment_222499" align="aligncenter" width="1492"]
Запастағы полиция полковнигі Елеужан Серімов те сала басшыларының салғырттығы Балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың арман-тілегін аяқасты етіп отырғанын жеткізді. «Әскери қызметкер Отанға адал болуға ант берген соң, әрбір адамның құқығы мен бостандығының қорғалуына мүдделі болу керек. Өкінішке қарай, біздегі басшылардың бекітілген бұйрыққа бүлк етпеуінің өзі құқық қорғау саласының қадағалаусыз қалғанын көрсетпей ме? Әйтпесе, есі дұрыс елдің Ішкі істер министрі бес жыл бойы көтеріліп келе жатқан жетімдердің жайын осы уақытта бюджеттің жыл сайынғы жоспарына енгізіп, жетімдердің көз жасын құрғататын уақыт болды», – дейді ол.Әлеуетті құрылымдарға тиесілі оқу орындарында ата-ана қамқорлығынсыз қалған Татьяна секілді білім алушылар аз емес. Дана қазақ «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деп әлсіздерге сүйеу, жетім-жесірге қамқор бола білген. Өкініштісі, Құдайдың аманатына қиянат жасаудың күнә екенін білетін құзырлы органның басшылары жетімді жылатып, ақысын жеуден де арланбайтынына қайран қаласың.