Ойқарағайдың көмірі неге қымбат?
Ойқарағайдың көмірі неге қымбат?
© коллаж: Елдар Қаба
409
оқылды
Алматы облысының Қонаев қаласынан 300-400 шақырым қашықта ор­на­ласқан Райымбек, Кеген ау­дан­ы тұрғындары биыл да қатты отыннан қиналатын сияқ­ты. Қос ауданға ортақ өңірде орналасқан «Ойқарағай» көмір кенішіне үміт артқандар көмірдің қымбат болып тұрғанын айтады. Райымбек ауданындағы кеніштен қазылатын қатты отынның құны жер­гілікті тұрғындарға жеткенше екі есеге өсіп кететін көрінеді. Өткен жылдары күздің соңғы айлары мен қыстың басында сол кездегі Алматы облысында көмір жетіспеушілігіне байланысты жағдай тым күрделеніп, Алматы қаласы маңындағы аудандар мен Талдықорғанның теміржол тұйықтарында отын базасындағы кезек бірнеше шақы­рымға созылатын. Алыс ауылдардан келген жүк көліктері ке­зектің жетуін, отын қоймаларына кө­мір­дің түсуін апталап сарғая күткенін, ке­зек үшін кішігірім қақтығыстардың тір­келгеніне тұрғындар куә. Биыл облыстың екіге бөлінуіне бай­ланысты қатты отынмен қамтамасыз ету күрделеніп кете ме деген едік. Әзірге жағ­дай былтырға қарағанда тәуірлеу. Ал­маты облысындағылар тұрғындар мен бюд­жеттік мекемелер қыста қалтырап, қат­ты және сұйық отын іздеп тентіреп кетпеуін басты назарда ұстап, тұрақты қадағалауға алған. Алматы об­лыс­­тық Энергетика және тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы басқар­масы бас­­шысының орынбасары Данияр Нұр­ма­­нов бюджеттік мекемелерге қатты және сұйық отын тасымалдау жұмыстары биыл­ шілде айында басталғанын ай­тады. Мекемелерге барлығы 15,9 миллион литр сұйық отын жеткізу жоспарланса, бү­гін­де соның 47 пайызы жеткізілген. Сонымен бірге 6 мың тонна қатты отын­ның 57 пайызы әкелінген. Жылыту мау­сымы басталғанға дейін елді мекендердегі жеке сектор тұрғындары 761 мың тонна көмірмен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған байланысты қазір аймақтағы тұ­йық­тарға 223 мың тонна қатты отын жет­­кізілген. Тұйықтарға тәулігіне 37 ва­гон көмір түсіріліп жатыр. Бірақ «жағдай керемет, дайындық ой­дағыдай» деп айтуға келмейді. Еңбекші­қазақ, Талғар, Іле аудандары мен Қонаев қаласындағы тұрғындарды қатты отын-мен қамтамасыз ету деңгейі төмен. Мұндай кемшіліктер денсаулық сақтау саласы нысандарында да кездеседі. Осы саладағы жылыту қазандықтарын сұйық және қатты отынмен қамтамасыз етуде де сылбырлық бар. Газдандыру да мәз емес. Аудан, қала әкімдіктерінің дерек­теріне сәйкес, қоймалар мен тұйықтар­дағы көмірдің орташа бағасы тоннасына13 мың мен 17 мың теңге аралығында. Ал «Ойқарағай» кенішінен Кеген және Райымбек ауданы­ның елді мекендеріне 14-15 мың теңгеден жеткізуде-мыс... Алайда облыстағы ең шалғай әрі қысы қатал аймақ – Райымбек ауданында тұратындар «Ойқарағай» кеніші өздерінде орналасқанымен, қазірдің өзінде көмір­дің 1 тоннасының бағасы 16 мың теңгеден асып кеткенін, күн суыған сайын қымбат­тай беретінін айтады. Қатты отынның жеткізілгендегі құны аудан орталығынан 70 шақырымда ғана орналасқан кеніштің басында босатылатын қатты отынның ба­ғасынан екі есеге көп. Соған сай екі ор­тада тағы да делдалдар пайда болып, қарапайым жұртты тонап жатқаны анық. Ауданның атқамінерлері жергілікті жер­ден шығатын көмірді кеніштің баға­сымен алғандардың отынын жеңілдікпен жеткізіп беруді ұйымдастырса болар еді. Бірақ соны ойлайтын, ұйымдастыратын жан болмай тұрғандай. Былтыр қыста жергілікті көмірдің бағасы тоннасына 18 мың теңгеге жеткен. Қыс қатты болғанда үйді жылы ұстау үшін 10 тонна отын жаға­тын отбасылар былтыр 180 мың теңгені тек қана көмірге төлеген. Шалғай ауыл­дағы көпбалалы шаңырақтар үшін бұл қаржы тым қомақты екені даусыз. Бала-ша­ғаны әрең асырап отырғандардың жанай­қайын түсінуге тырысқан жөн.
«Көмір жыл сайын қымбаттайды. Былтыр қыс суық болды. Жеті баланың аузынан жырып, 180 мың теңгеге 10 тонна көмір алдық. Қарызға баттық. Отынды алыстан, басқа облыстан тасып жатса бір сәрі. Өз ауданымыздан әкеледі ғой... » – дейді аудан тұрғыны Нұрбибі Қадырбек.
Көмір өндіруші компанияның дирек­торы Ләззат Ботабекованың айтуынша, кеніште шығарылатын көмір Райымбек пен Кеген аудандарына сатылады, аздап Алматы қаласына жеткізіледі. Кәсіпорын сұранысқа қарай жұмыс істейді. Көмірдің босатылу бағасы – 8,5 мың теңге. Қазір баға 2023 жылғы көктемге дейін сақтала­ды. Министрлікпен және монополияға қарсы комитетпен келісіліп, бекітілген. Сатып алушыларға отынды өткізіп беру бағасын белгілеу тасымалдаушы­лардың қолында. Олар көмірді тұрғын­дарға жеткізу барысында жолға кететін шығынды жабу үшін осындай қадамға барып отырғанын айтып ақталады. Ал тұрғындар болса, «көмірдің кеніштен босатылуының бағасы 4 мың теңгеден аспауы керек. Мұнда отынды шахтадан қазбайды, ашық әдіспен алады. Сонымен бірге 1000 шақырымдағы Қарағандыдан емес, ары кеткенде 80 шақырымнан та­сып отыр. Бағадағы әділетсіздік бақы­райып көрініп тұр» деп өз уәждерін көл­де­нең тартады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің хабарлауынша, бұл жол ауданның балансында емес. Елді мекендер арқылы өтетін жолды фермер­лер, шекарашылар мен көмір тасушылар ғана пайдаланады. Жолдың сапасы өте нашар екені рас. Қазіргі кезде оны аудан­ның балансына алуға қажетті құжаттар дайындалып жатыр. Содан кейін барып, жөндеуге болады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы