Қазақстанда атом электр стансасын бірнеше елден құралған топ салатын болды. Отандық тұңғыш АЭС құрылысын халықаралық консорциумға беру туралы шешім қабылданыпты. Дегенмен отандық бірқатар энергетик ол атом стансасын жобалауды ресейлік «Росатомға» бер деп табандап, Үкіметке ашық хат жазды. Бұл тұрғыда келесі жылдың ортасына дейін күрес жалғасатынға ұқсайды. Бұған қоса, АЭС құны қымбаттауы ықтимал. Сарапшылар айналадағы күрделі геосаяси ахуалға байланысты АЭС ғимараты төбесінен атом бомбасын тастаса да, шыдауы шарт деп отыр.«Атом аралы» қайда?
«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның алғашқы алып атом стансасын осы салада жетекші саналатын бірнеше елдің компанияларынан тұратын халықаралық консорциумге табыстауға ұйғарылғанын жариялады. Бұл – елде бұрыннан қолданылып келе жатқан дәстүрлі тәсіл. Күрделі, ірі жобалар осылай жүзеге асырылды. Қарашығанақ, Қашаған кен орындарында, 5 мың метр тұңғиықтағы жер қыртыстарында, қуатты қысыммен жатқан ауыр мұнайды игеру үшін халықаралық консорциумдар құрылды.
А.Сәтқалиев АЭС салуды ары ысырып, кешіктіре беруге болмайтынын, 2030 жылға қарай қуат тапшылығы туындап, жаңа әрі ірі энергия көзіне қажеттілік пайда болатынын ескертті. Жалпы, энергетика саласының мамандары бұл жобаны «Балқаш АЭС-і» деп атап жүр. Бұл оның әлемде теңдесі жоқ бірегей (оның суы екіге бөлінген: бір жағы ащы, екінші жағы тұщы) Балқаш көлі жағалауында бой көтеретінін аңғартса керек.
Осының алдында Энергетика министрі Болат Ақшолақов атом электр стансасын салу үшін Балқаш қолайлы деп танылғанын әңгімеледі. Бірақ Курчатов ауданындағы Ертіс өзені бойындағы алаң да зерделеніп жатқан көрінеді. Ұлттық әл-ауқат қорының басшысы әзірге атом стансасының қай жерде орнайтыны түпкілікті айқындалмағанын хабарлады.
– Үкімет АЭС құрылысына арналған алаңды толыққанды анықтауға жақын қалды. Ол алаң ресми айқындалған соң құрылыс вендорын, яғни реакторды жеткізушіні, станса салатын мердігерді анықтау рәсімдері де аяқталады. Бұған дейін сарапшылар тобы сапарлап, Түркия, Венгрия, Франция, Оңтүстік Корея, Қытайда салынып жатқан жаңа АЭС-тердің құрылыс алаңында болып қайтты. Нәтижесінде, бұл құрылысты сөзсіз, халықаралық консорциум жүзеге асырғаны жөн деген байлам жасалды. Яғни, бір ел бүкіл стансаны өзі салып, өзі жабдықтайтын тәжірибеден бас тартылды. Оның орнына біз әрқайсысынан ең үздік технологияларын алатын боламыз, – деді А.Сәтқалиев.
Бұрынғы жылдары Ресей, Жапония және Франция технологияларының бірі таңдалатыны айтылып жүрді. Алайда 2011 жылғы 11 наурызда жер сілкінісі және содан туындаған цунами кесірінен Жапонияның Фукусима-1 АЭС-інде алапат радиациялық апат болды. Бұл Ядролық оқиғалардың халықаралық шкаласының ең жоғарғы 7-деңгейіне жатқызылды. «Күншығыс елінің» Фукусима префектурасының үлкен бөлігі радиациямен қатты ластанды. Содан кейін әлемде көп ел, соның ішінде Қазақстан да атом стансасын салу ниетінен қайтты. Үш жыл бұрын Қазақстан билігі бұл жобаға қайта оралды. Бұл жолы Жапония аталмады.
«Үздіктің» озығы керек
«Самұрық-Қазына» қоры басшысының нақтылауынша, Үкімет пен мамандар «ядролық аралды» жасауда Ресей, Оңтүстік Корея және Франция ұсынатын технологияларды ең тиімді деп таныпты. Солардың арасынан бірі таңдалады. Бірақ ядролық реактор көбірек маңызды.
«Энергетикалық жабдыққа тоқталсақ, электр қуатын генерациялайтын қондырғылар өндірісінде, біздің ойымызша, ең үздік технологияны америкалық General Electric пен кореялық өндірушілер шығарады. Ал қосымша, көмекші жабдықтарды – автоматиканы, есепке алу жүйелерін, сорғы жабдықтарын және басқасын шығаратын өндірушілер көп. Негізінен, еуропалық: Франция, Германия, Siemens және басқасы», – дейді Алмасадам Сәтқалиев.
Яғни, бұл жерде Ресейден не алуға болатыны түсініксіз. Оның үстіне қазір «Росатом» шетелдік, әсіресе батыстық компаниялармен серіктестік құрмайды. Қысқасы, алпауыттардың күшін бір АЭС алаңына төгу оңайға түспейтін сияқты.
АЭС сияқты алып энергетикалық объектіні салу кезінде техникалық қадағалаудың биік дәрежеде болғаны маңызды. Әйтпесе, құрылыс сапасы нашар болып, іс насырға шабуы мүмкін. «Самұрық-Қазына» басқарма төрағасының айтуынша, құрылыстың сапасын қатаң бақылауды қамтамасыз ету саласында көшбасшы саналатын бірқатар мемлекет бар. Олар да негізінен, еуропалық. А.Сәтқалиев бұл тұрғыда тағы француздарды бөле-жара атады.
Ол АЭС құрылысы кезінде қауіпсіздікке қатысты қандай талаптар қойылатынын баяндады. Оның мәліметінше, қауіпсіздік мәселелері бастапқы кезеңде өзара келісіледі. Соның негізінде талаптар бекітіледі. Қор басшысы қандай компания ең жоғарғы қауіпсіздік шарттарын ұсынса, мердігерлерді іріктеу кезінде соның жеңімпаз атану мүмкіндігі жоғары екеніне екпін түсірді. Жалпы, МАГАТЭ ұйымы Фукусима-1 апатынан кейін атом стансаларына қойылатын жаңа талаптарды пысықтаған. Ол белсенді және пассивті қорғаныш элементтерінің болуын талап етеді. Мәселен, стансаның қабырға, корпусы ірі ұшақтың құлауы кезінде болатын алапат соққы мен жарылысқа төтеп бере алуы тиіс. Дұрысы, ядролық соққыға төзгені абзал. Мұның сыртында 10 балдан жоғары жер сілкінісіне шыдауы керек. Себебі бүкіл Жер шарында сейсмикалық белсенділік кезеңі басталды.
А.Сәтқаливтің түсіндіруінше, әрбір жеткізуші өз жабдығының қауіпсіздігі мен ақаусыздығы үшін өзі жауап береді. Бірқатар вендор бәсекелесін шаң қаптыру үшін қосымша опциялар ұсыныпты: мәселен, АЭС үнемі шығаратын ядролық қауіпті қалдықтарды шетелге әкетіп, утилизациялау, қажетті кадрларды даярлау, персоналды ұсыну сияқты қызметтер көрсетпек. Француздар, корейлер және қытайлар стансаның ядролық қалдықтарын утилизациялау – Қазақстанның өз проблемасы болатынын жеткізіпті. Яғни, ел Үкіметі оны өзі тасымалдап, өзі көміп, қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етеді. Ал «Росатом» ол қалдықтарды өзі Ресейге әкетіп, сонда утилизациялайтынын білдірді.
Алып жобаны кім қаржыландырады?
АЭС құрылысының алгоритміне қатысты алдын ала ақпарат та жария етілді: алдымен, Қазақстан тұңғыш АЭС-ін салатын компаниялардың тізімін, пулын айқындайды. Содан кейін олардың әрқайсысымен келісім бекітіледі. Онда құрылыстағы қазақстандық мазмұнға қатысты міндетті талаптар белгіленеді: оның үлесі қандай бола алатынын мердігерлер айқындайды. Келесі сатыда компаниялар стансаны жобалауға кіріседі.
Алдағы бірнеше ай ішінде компаниялар пулы түпкілікті таңдалады. 2023 жылдың басында Үкімет атом электр стансасының бір блогының қуаты қандай болатынын, оның қай жерде бой көтеретінін түбегейлі анықтап, құрылысы, қаржыландыруы және өзге де мәселелері бойынша ақырғы шешімді қабылдайды екен. Сол 2023 жылы стансаны жобалау, алаңын дайындау, инженерлік іздестіру жұмыстары басталады. Ал құрылыс жобалау жұмыстары аяқталған соң бастау алмақ.
Қазақстан инженер-энергетиктері одағының бас директоры, Қазақстан мен ТМД еңбек сіңірген энергетигі Марат Дұлқайыров Энергетика министрлігінің деректеріне жүгініп, елде қуат тапшылығы сақталып отырғанына назар аудартты. Мысалы, алдағы қысқы маусымда электр қуатын тұтыну бойынша ең жоғарғы жүктеме 17 629 МВт-қа жетеді деп күтілуде. Бұл ретте елде 19 526 МВт қуат көзі бар. Алайда министрлік ресми түрде 1645 МВт тапшылық болады деп белгіледі. Өйткені қуат көздерінің бәрі бірдей, әсіресе жаңғыратын қуат көздері тұрақты жұмыс істемейді. Жұмыс істеп тұрғанынан сынған кезі көп. 2035 жылы Қазақстанда жүйедегі жүктеме максимумы 22 714 МВт-қа дейін шығандайды. Сондықтан елді қуатпен толыққанды әрі тұрақты қамту үшін қуаттылық 27 829 МВт-қа дейін арттырылуы тиіс. Соның өзінде энергия тапшылығы жойылмайды: тек 730 МВт көлеміне дейін кемиді. Әрине, егер қуат көздерін 27,8 МВт-ға жеткізе алса. Осы мақсатта Үкімет біріншіден, жаңғыратын энергия көздерінің үлесін 30 пайызға дейін арттыруды, екіншіден, АЭС салуды, үшіншіден, газ ресурсынан өндірілетін қуатты ұлғайтуды жоспарлады.
Энергетик, техника ғылымдарының кандидаты, «Айқын тариф» қауымдастығының төралқа төрағасы Петр Своик атом стансасы өндіретін тоқ қымбат болатынын меңзеді. Ол жобаға міндетті түрде қарыз тартылатынын ескертті. Ал оны тариф арқылы қайтаруға тура келеді. Салдарынан, капиталды шығындар да, несие сомасы мен сыйақысы да бизнес пен халықтың иығына түсуі мүмкін. Қазір электр қуатының көтерме нарықтағы орташа бағасы – 1 кВт-сағат үшін 9 теңге.
«Қарапайым есептеулер көрсеткендей, тіпті ең төменгі нормативтерді алғанның өзінде, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық, басшылардың «үлесі» құрылыс материалдарының қымбаттауы сияқты факторларды ескермегенде, капиталды салымдар 35 млрд доллардан арзанға түспейді. Осы соманы тарифке салсақ, тек қана қуат генерациясының шығыны 1 кВт-сағат электр құнын 12-15 теңгеге арттырады. Стансадан жан-жаққа тарайтын электр сымдары мен мұнаралары желісін тұрғызып, дамыту да тарифке осынша қосымша шығын қосады. Мұның бәрі – тек капиталды шығындар ғана. Оның эксплуатациялық шығындары да тарифке салығын салады. Басқаша айтқанда, халық пен бизнес үшін тарифтерді екі еседей қымбаттатуға тура келмек. Мұның экономикалық және саяси салдарлары болуы мүмкін», – деді П.Своик.
Сондықтан ол мемлекет АЭС-тің біраз шығынын өтеуге мәжбүр болатынын білдірді.
Бүгінде қоғамдық талқылауға шығарылған 2023-2025 жылдардағы республикалық бюджет жобасында АЭС құрылысына қаржы қарастырылмаған. Келесі жылы мердігерлер мен жоба құны анықталса, бюджет қайта қаралуы ықтимал.
Энергетик сарапшы Үкіметке Балқаш АЭС-нің әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын алғашқы 2 блогын – 2030 жылы, ал тағы 2 блогын – 2035 жылдан кешіктірмей іске қосуды ұсынып отыр. Бұдан бөлек, ол БЖЗҚ-да қордаланған 13,5 трлн теңге зейнетақы жинағын Балқаш АЭС-інің бірінші кезегін қаржыландыруға жұмсауды ұсынды.