Денсаулық сақтау министрлігі тұжырымдамасында 11 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде 3 есе өскен. Бұл – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуі. «Қазақстанда электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану қарқыны жоғары. Ол барлық жерде жастарға қолжетімді бағада сатылады. Әрбір азық-түлік дүкенінде сатылатын вейптердің бағасы 2000 теңгеден аспайды. Ол жастар үшін қолжетімді. Вейпті 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға заңмен тыйым салынады. Алайда кодекстің қолданыстағы нормасы темекі өнімдеріне тыйым салу және темекі өнімдерін ашық көрсету бөлігінде орындалмайды және оны кәсіпкерлер елемейді. ДДҰ-ның Қазақстандағы зерттеуіне сенсек, 11 жастан 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жылда 3 есе өсті. Атап айтқанда, «ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы оларды қолданып көргенін мойындады» деп жазылған тұжырымдамада. Министрлік мәселенің шешімі ретінде жасөспірімдер мен балаларға электронды темекі сатуға, тұтынуға және вейп айналымына шектеу қоятын норманы жетілдіруді ұсынды.
А. ЖОЛДАС