Вейптің байыбына бармай жүр
Вейптің байыбына бармай жүр
441
оқылды
Вейп жастар арасында тренд­ке айналды. Электронды шылым шегуге әуес ұрпақ өзін «вейпер» атап, тіпті қауым құрып, бұл әде­тін субмәдениет ретінде қалып­тастырып әлек. Өкініштісі сол, жастар вейптің зияны жоқ еке­ніне сенеді және онысына түрлі дәлел келтіреді. Ал мамандар не дейді? Вейп – электронды темекі, пішіні әртүрлі болуы мүмкін. Vaping (ағылшын тілінен аударғанда «булану» деген мағы­на береді) – электронды шылым шегу процесі. Жастар зиянсыз дейді
Азамат – 17 жаста, ол мектеп қабыр­ғасында жүріп шылым шегуді бастаған. Темекінің себебінен өкпесі сыр бере бас­таған бозбала вейпке көшкелі денсаулығы жақсарғанын айтады. «8-сынып оқып жүргенде темекі шегетін досым ұсынды, қызық көріп, бастаған едім, былтырға дейін әуес болдым. Бірде лифт істемей қалып, 4-қабаттағы үйіме жаяу көтерілуге тура келді, сонда ентігіп, жүрегім қысып, үш-төрт рет аялдап, пәтерге зорға жеттім. Дәрігер «темекіні қою керек» деді. Сол уақыттан бері біртіндеп электронды шы­лымға көштім. Бастапқыда екеуін алмас­тырып жүргем, соңғы алты айда тек вейп тартамын. Қазір алқынбаймын, денсау­лығым жақсы. Тіпті, ара-тұра турникке тартылып, спортпен айналысып жүрмін. Өйткені, вейптің ағзаға зияны жоқ. Аста­нада вейп дүкендер көп, онда вейптің түр-түрін таңдап алуға болады. Айына шамамен 15 мың теңге жұмсаймын. Те­мекіден арзан», – дейді ол.
21 жастағы Аяла есімді бойжеткен колледжде жүріп темекі тартып үйренген. Ол да вейптің зиянсыз екеніне кәміл сенеді: «Достарымның арасында шылым шекпейтін адам кемде-кем еді. Сол қа­тарға мен де қосылдым. Көп ұзамай әкем сезіп қойып, сазайымды берді. Бір айдай темекіге жоламай жүрдім де, содан соң шыдамай қайта әуеніме бастым. Тағы бірнеше рет әкеме ұсталып, ұрыс естідім. Бірақ темекіні тастай алмадым. Жастар арасында вейп тарай бастағанда ата-анама барып, осындай зиянсыз балама бар еке­нін айттым. Әкем басында қарсы болға­нымен, кейін келісті. Вейп дүкенге бірге барып, сол жердегі сатушылардан кеңес алып, өзі сатып алып берді. Вейптің құра­мында никотин, табак жоқ. Ол темекі сияқты тұтанбайды, жанбайды. Түрлі тәтті дәмдеуіштерге толы қайнаған бу ғана».
Руфат – 16 жаста, 1,5 жылдан бері вейппен дос. Сыныптасының туған күніне барып, досының вейпін тартып көрген. «Досымның туған күнінде бәріміз Арафат әкелген құрылғының қызығын көрдік. Дәмі күшті болды, тәтті сағыз шайнаған сияқты боласың. Сұрастырып білсем, бағасы 3-4 мың теңге тұрады екен. Содан соң өзіме де сатып алдым. Қалтамда жүрсе, тартамын. Кейде достарым алып кетеді. Айына 2-3 вейп сатып аламын. Түріне, дәміне қарай 8-10 мың теңге жұмсаймын. Ата-анама көрсетпеймін, мектепте кей мұғалімдер ұрысатын, ал кейбірі үнде­мейтін. Вейптің жағымсыз иісі, дәмі жоқ. Сондықтан зиянсыз деп ойлаймын», – дейді Руфат.
Вейп мәдениетке бет бұрамыз ба?
Өкінішке қарай, вейп шегетін жастар мұның зиянсыз екеніне бек сенімді. Соңғы онжылдықта салауатты өмір салтын на­сихат қылатын ұйымдар зиянды әдеттер­ді жоюдың әдісі ретінде зияны төмен бала­ма ұсынуды құп көреді. Яғни, ғалым­дар белгілі бір әдеттен бірден бас тарту адам психологиясына ауыр, сондықтан орнына зияны әлдеқайда төмен балама ұсыну ұтымды деп санайды. Мәселен, темекіге зияны төмен балама ретінде на­рыққа түтінсіз девайстар шықты. Алайда мұндай құрылғылардың адам ағзасына қауіпсіз екенін растайтын, яки дәлелдейтін ғылыми мәлімет жоқтың қасы. Бүгінде тұтанбайтын, жанбайтын балама құрал­дардың никотинді, зиянды заттарды бөлу ықтималы төмен екенін ғылым дә­лелдеді. Дамыған мемлекеттердің ден­саулық сақтау жүйесі түтінсіз құралдардың те­мекіге қарағанда зияны төмен екенін мо­йындады. Мәселен, Жапонияда элек­тронды шылымдар сатылымға шыққаннан бастап 4 жылдың ішінде темекі сатылымы 34% азайған. Ұлыбританияның денсаулық сақтау жүйесі де темекіге тәуелді азамат­тарға электронды шылым ұсынады. Бұл елдегі қоғамдық ұйымдар «темекіге балама құралдарды дәрігерлер рецептпен бо­сатсын» деген бастама көтерген.
«Астана Vape» вейп дүкенінің сату­шысы Андрей Костюк те вейп – темекіге зиянсыз балама деп санайды.
«Электронды шылым су қайнатқыш сияқты жұмыс істейді: батареядан электр қуатын беріп, шиыршықты қыздырады, ал құрамы тағамдық хош иістендіргіш­терден тұратын сұйықтық буға айналады. Сондықтан оның адам ағзасына зияны жоқ. Бүгінде мектеп оқушысының ашық­тан-ашық вейп шегетініне наразы жұрт көп, алайда жастардың басым көпшілігі мектеп жасынан тығылып темекі шегетінін бірі білсе, енді бірі білмейді. Вейп-мә­дениет елімізде соңғы үш жылда қалыптаса бастады. Мәдениет дейтін себебім, вей­пинг – тек электронды шылым шегу емес, оның түрін, дәмін ажырату, темекіге тәуелді жастарды вейпке үгіттеу және тағы басқа. Еуропа, тіпті ТМД елдерінде бұл құбылыс бұрыннан бар. АҚШ немесе Еуропа мемлекеттерінде екі аттасаң, вейп дүкендерді табасың. Бұл орындарға кез келген адам келіп, вейп, оның түрлері мен дәмі туралы ақпарат ала алады. Өйткені вейпинг темекіге зиянсыз балама ретінде кең насихат алған. Қазақстанда да осы үрдісті қалыптастырғымыз келеді, яғни вейпингті салауатты өмір салтын ұстана­тын адамдарды біріктіретін жеке-дара субмәдениет ретінде дамытуды көздейміз. Бүгінде вейпингке арналған интернет қауымдастықтардың қатары көбейді. Олар нарыққа жаңадан шыққан вейп құрыл­ғыларды талдайды, мод, атомайзер, на­мот­каның не екенін түсіндіреді. Сондай-ақ темекіге тәуелді жастарды вейп тартуға үгіттейтін сайттар бар», – дейді сатушы.
Десе де, нарықтағы тұтанбайтын жаб­дықтың барлығын зиянсыз дей алмаймыз. Электронды құралдардың адам ағзасына қауіпті, тіпті темекіден де зиянды болуы мүмкін екенін айтатын зерттеулер бар. Өйткені нарықта түрлі-түрлі электронды темекілер бар және олардың құрамы әртүрлі. Оның барлығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мәселен, АҚШ-та Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау бас­қармасы (FDA) темекі және оның тара­луын бақылау стандарттары туралы келі­сім шеңберінде электронды темекілердің сатылуына рұқсат береді. Сәйкесінше, тек сертификаты бар түтінсіз құралдар на­рыққа шығады. Дәрігер Айгерім Омаршанова да те­мекіге балама түтінсіз құралдардың құра­мы белгісіз болғандықтан, оның зиянын жоққа шығаруға болмайтынын айтады.
«Темекі құрамындағы тұншықтырғыш газ, канцерогенді шайыр сияқты 6 мыңнан астам химиялық зат адам ағзасына зиян. Ал шылымға балама құрылғылар жан­байтын болғандықтан, оның темекінің өзіне қарағанда зияны төмен. Әйтсе де, құрамында никотині бар электронды шылымдар бәрібір тәуелді етеді әрі ағзаға қауіпті. Неміс ғалымдары құрамында никотині бар электронды темекі шеге­тіндердің липоидті пневмониямен жиі ауыратынын дәлелдеген. Вейптің дәмі мен хош иісін шығару үшін пайдаланылатын түрлі қоспада май компоненттері болады, ол үнемі өкпеге түсе берсе, пневмонияны асқындырады. Сондықтан ағзаны зиянды заттардан қорғау үшін темекі атаулыдан бас тарту керек. Себебі шылым зиян, ал оған балама тұтанбайтын құралдардың құрамы белгісіз», – дейді дәрігер.
 

ТҮЙІН: Сатушы Андрей вейп-құралдарды Қытайдан тапсырыспен алады (өндіруші ел Қытай деп көрсетілгенімен, кейде олардың нақты мекен жайы немесе сайты болмай жатады) Мұндағы вейптердің көбінің құ­ра­мында хош иісті қоспа, глицерин, Е 1520 – пропиленгликоль бар, кей түріне никотин қосылған. Андрей де, еліміздегі құзырлы орындарда мұндағы электронды жабдық­тардың құрамын арнайы тексеріп, ондағы мәліметтің рас-өтірігін зерттеп жатқан жоқ. Өйткені тиісті стандарттау және сертифи­каттау тетігі жүйеленбеген, жөнге қо­йыл­маған. Сәйкесінше, вейпер жастар вейп­тің дәмін тәтті сағызға балап, ал сату­шылар субмәдениет қалыптастырамын деп мәз.