Семсер қолда, таразы қайда?
Семсер қолда, таразы қайда?
450
оқылды
Әділ соттың нышанын бейнелейтін әйел мүсінін көрген шығарсыздар. Бір қолында таразы, бір қолында семсер ұстап тұрады. Бірақ қазіргі судьялар тек семсермен қаруланған секілді. Рас қой, ақ пен қараның аражігін ажыратуға бас қатырмаса, таразының не қажеті бар? Сенбейсіз бе? Статистикаға зер салайық. Былтыр ауыр қылмыс бо­йынша 7 083 іс қаралып, 189-ына ақтау үкімі шығарылыпты. Бұл – жаңағы санның небәрі 2,7 пайызы ғана. Аса ауыр қыл­мыс­тар санатында да осыған ұқсас көрсеткіш байқалады: 2019 жылы айыпталған 1 203 адам­ның тек 21-і сот залынан босатылған (1,7 пайыз). Өркениетті әлемде жағдай өзгеше. Мысалы, Еуропа елде­рінде ақтау үкімдерінің үлесі 20 пайыздың ар жақ, бер жағында. Германияда, тіпті 40 пайызға жетеғабыл деседі. АҚШ бұл ба­ғытта Кәрі құрлықтан сәл артта, бірақ бізден әлдеқайда озық. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейміз, «Аққа Құдай жақ» дейміз, ендеше неге бізде күдіктілер көп жағдайда сотталып кете барады? Кезінде Сенат Төрағасы (ол кезде Сенат депутаты) Дариға Назарбаева да алдына келген айыптыны қамауға дайын тұра­тын судьяларды сынаған еді. – Маған келіп түсетін ша­ғым­дардың көбі – судьяның біржақты үкім шығаратыны жайлы. Яғни, дәлел-дәйектер жеткіліксіз болса да, күдіктіні түрмеге жабады екен. Тіпті, судьяның тек прокурордың сө­зіне құлақ түріп, адвокатты тың­дағысы келмейтіні жайлы арыз көп, – деген еді депутат. Жоғарғы сот төрағасы Жа­қып Асанов бұл фактіні терістей алмаған. – Қылмыстық іс судьяның қо­лына түскен кезде-ақ біржақ­ты пікір қалыптасатыны рас. Сөйтіп, сот осы ойдан шыға ал­май, үкім шығара салады. Сон­дықтан мәселені шешу үшін, судьяға қылмыстық істі бір­ден ұстата салмай, алдымен айыптау актісін беруді жоспар­лап отырмыз. Сөйтіп, екі тарап­ты тек процесс барысында тың­дап, іске нүкте қойса дұрыс бо­лады, – деген бас судья. Жақып Асанов 2020 жылы сот төрелігі саласында сапалық өзгерістер жасалатынын және алдағы 2 жыл ішінде ақтау үкімдері 6 есе артатынын айтады. Жалпы, сот дегенде көз алдымызға не елестейді? Судья балғасын тарсылдатып, халықты тыныштыққа шақырады; ад­вокат пен тергеуші қызыл­ке­ңірдек болып дауласады; куә­герлер ант-су ішіп, екі тараптың сұрақтарына кезек-кезек жауап береді; істің ақ-қарасы анық­талған соң сақшылар күдіктіні қолын қайырып алып кетеді немесе сот залынан босатып жі­береді. Алайда біздегі ахуал басқаша. Бізде бастан-аяқ тер­геуші – өзі би, өзі қожа. Мате­риалдарды өзі жинайды, дерек­терді айғақ ретінде өзі таниды, өзі күдіктенеді, Қылмыстық ко­декстің бабын өзі белгілейді, соңғы шешімді қабылдап, айып­тау актісін өзі шығарады немесе қылмыстық істі өзі тоқтатады. Сарапшылардың пайымынша, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 30 мемлекеттің бірде-бірінде мұн­дай жүйе жоқ. Судья, прокурор мен тергеушінің құзыреті бө­лінген. Осы орайда, заңгер Сер­гей Уткиннің мына пікірі кө­ңілге қонады. – Бірде мен әлдебір сот оты­рысына қатыстым. Судья та­нысым еді. «Күдіктінің кінәсі жоқ қой. Ақтау керек» деймін оған. Ол қорқады. «Білемін. Бірақ мен бүгін оны ақтасам, ертең өз басыма бәле болуы мүмкін» деп тайсақтайды. Тү­сінікті ғой, полиция, проку­ра­тура, сот – бір жүйенің адамдары. Судья – сол жүйенің кішкентай тетігі ғана. Олар өзара ымыра­ласып жұмыс істейді, – дейді құқық қорғаушы. Сөзінің жаны бар. Негізі тер­геу, прокуратура мен сот арасын­да мүдделер қақтығысы болғаны абзал. Судья тергеушінің қыз­метіне сын көзбен қараса, ад­во­кат тергеу жұмысындағы кемші­ліктерді іздеуге тиіс. Судья бұл на­­разылықты ескеріп, заңға қай­­шы әрекеттің жолын кесуге міндетті. Теория бойынша тер­геушілер мен прокурорлар судья­­ға ренжуі керек. Бізге мұн­дай талас-тартыстың ауылы алыс сияқты. Демек, бұл жерде соттың тәуелсіздігі аса маңызды. Қазақ­стан сот жүйесінің тәуел­сіздігі жөнінен әлемде 71-орын­да тұр екен. Құқық үстемдігінің индек­сінде 65-орындамыз. Жақ­сы көрсеткіш деуге ұяласың, жаман көрсеткіш деуге намыс­танасың. Айтпақшы, Қазақстанда төменгі сатыдағы судьяның қан­дайда бір шешімі жоғарғы са­тыда бұзылса, әлгі судьяның мәселесі майшаммен қаралады. Ал шетелде олай емес. Заңға және ішкі түйсігіне сүйеніп, әділ шешім қабылдаған судьяны ешкімнің жауапқа тартуға қақысы жоқ. Сонымен, соттың мақсаты – адамды бостандықтан айыру емес, құқығын қорғау. Әр үкім­нің астарында адам өмірі жа­тады. Басына алмағайып күн туып, тағдыры тәлкекке түскен жазықсыз жандар судьядан араша күтеді. Полиция қателесіп немесе қасақана бұрмалаған айыбынан ақтауды сұрап, әділ­дікке жетуден үміттенеді. Үміті ақтала ма? Әй, қайдам... Өйткені Қазақстандағы ақтау үкімдерінің көрсеткішін көрдіңіздер – көзге су тамызғандай ғана. 2019 жылы 29 судья теріс себеппен жұмыстан босаты­лыпты: 15-і этиканы аяққа тап­тағаны үшін, 7-і заңды өрескел бұзғаны үшін, 7-і лауазымына сай келмегені үшін қызметімен қоштасқан. Алайда бар мәселе жекелеген судьяларда емес, қа­лыптасқан жүйеде екені бесе­неден белгілі. Әрине, біз қылмыскердің жазадан сытылғанын емес, жа­зықсыз жанның нақақтан-нақақ сотталмағанын қалаймыз. Конс­титуцияда «Мемлекеттің ең қым­бат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған.    width=Еркебұлан НҰРЕКЕШ