Еңбекпен шыңдалған тұлға

Еңбекпен шыңдалған тұлға

Қай мемлекетте болмасын, елдің экономикалық қа­уіп­сіздігінің негізін өндірісшілер құрайды. Осы іргетастың беріктігі өнеркәсіптік кәсіпорындарды басқаратын адам­дардың санына емес, сапасына байланысты. Қазақ­станда осындай азаматтардың бірі – «АЗМК (АКҚЗ) Group» директорлар кеңесі төрағасының кеңесшісі Ахметжан Бәкрімұлы Шардинов. Осы айтулы күндері зауыт ұжы­мы, әріптестері, достары, от­басы оны 75 жылдық мерейтойымен құт­тықтап, құрмет көрсетуде. Ах­мет­жан Бәкрімұлының қызметі тә­уелсіз Қазақстан тарихының жар­қын беттерінен орын алды. Со­лай бола тұра, ол еңбегі сіңген даң­қына бөленіп жүрген жоқ, адамдар мен мемлекетіміздің игілігі жолын­дағы қызметін жалғастырып келеді. Ахметжан Бәкрімұлы еліміздің гүлденуіне сөзімен емес, ісімен үлес қосып келе жатқан жан. Оның бас­шылығымен Алматы көпір құры­лымдары зауыты жол құрылысы саласындағы инвестициялық жо­баларды ойдағыдай жүзеге асыра­тын көпсалалы холдингке айналды. Табысты дамуының арқасында хол­динг соңғы жылдары мемлекетке 5 млрд теңгеден астам салық ау­дарды. Ал өндірісті жаңғыртуға жұмсаған меншікті қаражаты 2 млрд теңгені құрады. Тәуелсіздік жылдары АЗМК (холдингтің бас компаниясы) Қа­зақстанның өңірлеріне де, көрші мемлекеттерге де өз өнімін жеткізе отырып, бүкіл достастыққа таны­мал болды. Мақтануға тұрарлық жетіс­тіктер көп, бірақ өзі 30 жыл­дан ас­там уақыт бойы басқарған Алматы көпір құрылымдары зауы­тының (АКҚЗ) үлкен ұжымы қайта құру ке­зеңінің қиын-қыстау жыл­да­рында өндірісті және кәсіп­орынның осы күнгі даңқын те­мір­бетоннан құй­ғандай етіп биікке көтерген ең­бек ұжымын толық сақ­тап қалғаны Ахметжан Бәк­рім­ұлы Шардиновтың ең жоғары ж­е­тістігі деп санайды. Кеңес Одағы әлемнің геосаяси картасынан жоғалып, Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналған кезде зауыт үшін, еліміздің барлық құры­лыс индустриясы үшін қиыншы­лығы мол күндер келіп жетті. Сол жылдары Ахметжан Шардиновты зауыттың директоры етіп ұжым таңдады, сол кезде кәсіпорындар шаруашылық есепке көшіріліп жат­қан болатын. Бірақ Ахметжан Бә­к­рім­ұлын бұндай тағдырдың тартуы қуанта қойған жоқ. «Сайлауда же­ңіске жеткенімде, ерекше қуаныш бола қойған жоқ», – деп Ахметжан Шардинов естеліктерімен бөлісті. – Керісінше, жауапкершіліктің орасан зор ауыртпалығын сезіндім. Адамдар маған сенді, өз болашағын және зауыттың болашағын сеніп тапсырды. Менің бірінші кезектегі міндетім – зауыт пен мамандарды сақтау, қиын-қыстау кезеңді бастан өткеру екенін түсіндім. Өйткені Кеңес Одағы кезінде көпірлердің, өткелдердің және т.б. 80%-дан астамы біздің зауыттың құры­лым­дарынан салынған болатын, яғни әлеуетті өткізу нарығы бар болды. Алайда тапсырыс берушілердің қайта келуі үшін уақыт қажет еді. Әрине, оңай болған жоқ, бірақ Шардиновтардың сөздік қорында «жоқ» және «мүмкін емес» деген сөздер болмайды деп тәрбиелеген ата-анама мың алғыс. Бәрі мүмкін – тек жұмыс істеу керек, – дейді ол. Сол қиын жылдары зауыт ­ұжы­мы өз дирек­торының айна­ласына топтас­ты. Ұжымды, жұмыс істейтін ма­ман­­дардың көпшілігін сақтап қалды. Ахметжан Бәкрімұлы Шардинов 1947 жылы қазанның жиырмасында Алматы облысындағы Жаркент қаласында дүниеге келген. Мектепті бітіргеннен кейін, 1963 жылы Ал­маты қаласындағы политехника­лық техникумға, одан кейін Өс­кемен құрылыс-жол институтына оқуға түседі. Еңбек жолы Панфилов жүгері-ұсақтау зауытында басталды, онда ол электрослесарь болып жұмыс істеді. Кеңес армиясы қата­рындағы қызметтен оралғаннан кейін, Алматы темірбетон бұ­йым­дары мен қысымдық құбырлар зауытына слесарь болып жұмысқа орналасты. Көп ұзамай Ахметжан Шардинов бастамашыл және адал ниетті қызметкер ретінде «Ас­фальтбетон» кәсіпорнына технолог болып жұмысқа шақырылды, содан кейін өндірістік цехтың бастығы лауазымына тағайындалды. Тіпті, 1981 жылы 8 жылдық еңбек қыз­метінен кейін өзін кәсіби және тамаша ұйымдастырушы ретінде танытқан Ахметжан Шардинов 33 жасында Қапшағай жол-құрылыс материалдары комбинатының директоры болып тағайындалды, ол оны тез арада алдыңғы қатарлы кәсіпорынға айналдырды. 1985 жы­лы енді тәжірибелі маман ретінде үлкен өндірісті толыққанды жұмыс істету үшін Алматы тас өңдеу за­уытының директоры қызметіне та­ғайындалды. 1990 жылы Алматы кө­пір құрылымдары зауытының ұжы­мы оны төрт үміткердің ішінен бас­шы етіп таңдап, кәсіпорынды сеніп тапсырды. Ахметжан Бәкрімұлының стра­тегиялық ойлау, қызметінде озық жүру қабілетінің арқасында зауыт еліміздің көлік стратегиясында Үкімет белгілеген мақсаттар мен мін­деттерге уақтылы дайындалды. Жолдар мен көпірлердің ауқымды құрылысы басталды. АЗМК – өндіріс пен ғылым қа­тар жүретін кәсіпорын, ал заманауи зертхананың болуы оның жалғыз дәлелі емес. Тек 2011-2015 жылдар аралығында зауытта жол құрылысы мәселелері бойынша алты ғылыми-практикалық конференция мен семинар өткізілді. Барлық іс-шараға практиктер ғана емес, сонымен қатар ғалымдар, жобалаушылар, тіпті бейіндік мамандықтардың сту­денттері де қатысты. Кәсіпорын өз жұмысында инно­вациялар мен жаңғыртуға ай­рықша үміт артты. Жаңғырту не­ғұрлым жедел жүргізілсе, иннова­цияларға соғұрлым көп мүмкіндік­тер пайда болады. Мысалы, жаң­ғыр­тудың бірінші кезеңі зауытқа «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» ха­лықаралық көлік жобасына қа­тысуға мүмкіндік берді. Өз қара­жатын ғылыми зерттеулерге ин­вестициялау есебінен Қазақстан үшін мүлдем жаңа өнім – көпір құрылысы кезінде қаражаттың ша­мамен 15%-ын үнемдеуге мүмкіндік беретін 42 м көпір арқалығы жасап шығарылды. Дәл осы инновациялық жобаны әзірлегені үшін 2015 жылы Ұлттық инженерлік академия Ах­метжан Бәкрімұлы Шардиновты «Жылдың үздік инженері» деп ата­ды. Айта кететін болсақ, мұндай өнім­ді әлі күнге дейін ТМД елде­рі­нің ешқайсысы жасап шығармайды. АЗМК үздіксіз даму стратегия­сының бірі – тәлімгерлік. Сон­дық­тан бүгінде топ-менеджерлердің көп­­теген жетекші позицияларында жас кадрлар жұмыс істейді. 90-шы жыл­дары зауыт өз мамандарын жо­ғалт­пай, сақтап қалғандықтан, осын­­­дай батыл қадам жасауға мүм­кін­дік туып отыр, өйткені олар – бү­гінде ұрпақтар сабақтастығын жал­ғастыра отырып, зауыт жас­тарының тәлімгерлері. Ахметжан Бәкрімұлы – зауыт тағдырына бей-жай қара­майтын ынталы адам, про­грессивті технологияларды енгізу­дің баста­­ма­шысы, холдингтің шы­найы пі­кір­лестердің ұжымы болып қалып­тасуына көп күш жұмсаған тұлға. Ахметжан Бәкрімұлы Шарди­новтың бойында екі өте құнды, бірақ сирек кездесетін қасиет – адамдарды бағалай білу және бас­қалардың проблемаларына нем­құ­райды қа­рамау. Бірінші қасиетінің арқасында, қай жерде жұмыс істесе де, әрқашан айналасына өзі сияқты ортақ іске жан-тәнімен берілген ниеттес адам­дар жиналады. Ал оны елдің қо­ғам­дық-саяси өмірінің көрнекті қай­раткері еткен екінші қасиеті болды. Екі мыңыншы жылдардың ба­сында ол Қазақстан ұйғырла­рының республикалық мәдени ор­талығы­ның филиалдарын құру бо­йынша үлкен жасампаз жұмыс жүр­гізді. Ахметжан Бәкрімұлы Шар­динов­тың Қазақстан халқының келісімі мен достығын нығайту ісіндегі қызметі назардан тыс қалған жоқ, ол 2010 жылы Мемлекет бас­шы­сының Өкімімен Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­басары болып тағайындалды. Екі рет Алматы тұрғындары оны биліктегі өз өкілі етіп сайлады, ол төртінші және бесінші шақы­ры­­лым­­дағы қалалық мәслихаттың де­пу­та­­ты мандатын иеленді. «Депу­тат­­тық кор­пустың құрамы өте күшті бол­ды», – дейді Ахметжан Шар­динов. – Құрамына көптеген өнді­ру­шілер мен экономистер кірді. Бірте-бірте біз шиеленіскен мә­селелерді шеше бастадық. Электрді кезекпен өшіру проблемасын то­лығымен шеш­­кен жаңа транс­фор­маторлық қо­салқы станциялардың бірқатар же­лісі салынып, іске қо­сылды. Бір­неше тұрғын аудандар мен же­ке­леген объектілерді газ­дан­дыру бас­талды. Қала жаңа жол ай­рық­тарына ие бол­ды. Зейнетақы мен жалақыны кешік­тіру және бас­қа да көптеген мәселелер шешілді, – деп еске алады қайраткер. Егер Ахметжан Бәкрімұлының қоғамдық жұмысы туралы сөз қоз­ғайтын болсақ, оның Қоғамдық кеңестегі, «AMANAT» партия­сын­дағы қызметін де назардан тыс қалдыруға болмайды. Алматыда партияның алғашқы қоғамдық қабылдауларының бірі АЗМК-да ашылып, осы жылдар ішінде өз проблемаларының шешімін іздеп келген көптеген адамға көмектесті. Бүгінде Ахметжан Бәкрімұлы Шардиновтың есімі Қазақстанда ға­на емес, одан тыс жерлерде де ке­ңінен танымал. Көптеген шет­елдік әріп­тестері оны табан­ды­лығы, тағ­дырдың сынақтарынан сүрінбей өту қабілеті, сарқылмас еңбекқор­лы­ғы және стратегиялық ойлау мен бола­шақты бүгіннен бастап құра білу та­лассыз талан­ты үшін жол құ­ры­лы­сының ақса­қалы, темірбе­тон­нан жа­салған тұл­ға деп атайды.

А.СҰЛТАН