Қазақ тіліне қатысты аты шулы мәлімдемесінен кейін басы дауға қалған Chocofamily Holding басшысы Рамиль Мухоряпов Instagram желісінде қазақстандықтардан кешірім сұрады.
Кәсіпкер өз сөзінде бейнежазбаны қайта қарап шыққанын айтып, онда кей сөздің «расымен де дөрекі айтылғанын» мойындаған.
«Видеодағы сөздерге ренжіген барлық отандасымнан кешірім сұраймын. Менің ешкімді ренжіткім келмеген еді. Өзім Қазақстан азаматымын. Алматыда туып-өстім. Осы жерде компания аштық. Ол компанияда жұмыс істейтіндердің 99 пайызы – қазақстандықтар. Біз мұнда салық төлейміз», – деді Рамиль Мухоряпов.
Ол қазақ тілін дамытудың маңыздылығын жақсы түсінетінін айта келе, компанияда қазақ тілінде барлық өнімге қолдау көрсетілетініне сендіруге тырысты.
«Кей өтінімдер қазақ тіліне аударылған, кейбірі аударылып жатыр, мен бұл жұмысты жақын арада аяқтаймыз деп үміттенемін. Ал өз басым қазақ тілін аздап түсінемін, бірақ жақсы сөйлей алмаймын. Бұдан былай үйренуге тырысамын. Тағы да кешірім сұраймын», – деді Р. Мухоряпов.
Еске салсақ, кәсіпкердің мәдениет пен қазақ тіліне қатысты сөздері жұртшылықтың ашу-ызасын туғызған еді.
Күні кеше жиындардың бірінде Мухоряпов орысша сұраққа қазақша жауап берген азаматтардың бойында «сәл ұлтшылдықтың көрінісі барын, бұл жағдай үлкен мәдениеттің белгісі емес екенін» айтқан.
«Егер мұндай болса (орысша сұрағандарға қазақша жауап беріп жататын болса) қатты қапаланар едім. Меніңше, бұл сәл біртүрлі. Сәл ұлтшылдықтың көрінісі. Бұл үлкен мәдениеттің белгісі емес. Біздің қонақжайлығымыз бәрін көтеріп кетуі керек», – дейді ол.