Рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдады
Рақымшылық жасау туралы заң жобасын мақұлдады
321
оқылды
Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыстың күн тәртібінде бюджет туралы үш заң жобасы қаралды. Олар – Ұлттық қордан кепілден­дірілген трансферт туралы, республикалық және облыс­тық бюджеттер, республи­калық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасын­дағы жалпы сипаттағы транс­ферттердің көлемі туралы және 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюд­жет туралы заңдар. Сон­дай-ақ депутаттар баста­машы болған рақымшылық жасау туралы және Салық кодексіне өзгерістер мен то­лықтырулар енгізу туралы заң жобалары мақұлданды. Республикалық бюджет туралы заң жобалары жөнінде Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуан­тыров пен Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Анатолий Бой­чин баяндама жасады. Жиынға Премьер-Министр Әлихан Сма­йы­лов пен Үкімет мүшелері қатысты.
«Заң жобасы Бюджет кодек­сі­нің жаңа талаптарын ескере оты­рып әзірленді. Ұлттық қордан бе­рілетін кепілдендірілген транс­ферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескере отырып айқындалды және болжам бойынша мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайтын болады», – деді Ұлттық экономика министрі.
Министр Парламент депутат­тары мен Есеп комитетінің ұсы­нымдары бойынша өңірдің салық­тық әлеуетін ескеретін тәсілдер әзірленгенін атап өтті. Заң жобасы донор өңірлер үшін бюджет қара­жатын алу көлемін қысқарту мә­селесін де кезең-кезеңімен шешеді. «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде Ұлттық эконо­мика министрімен бірге Қаржы вице-ми­нистрі Ержан Біржанов және Ұлт­тық банкінің төрағасы Ғалымжан Пірматов баяндады. Үш заң жобасын да Мәжіліс депу­таттары мақұлдады. Мемлекет басшысының қыр­күйектегі Жолдауында айтылған тапсырмасын жүзеге асыру үшін депутаттардың бастамасымен «Ра­қымшылық жасау туралы» заң жобасы әзірленген болатын. Бүгін осы құжат жөнінде Мәжілістің Заң­нама және сот-құқықтық ре­форма комитетінің мүшесі Гүлнар Бижанова баяндама жасады. Заң жобасы ғылым өкілдерінің, сарап­шылардың, адвокаттар алқасының, Бас прокуратураның, соттардың және басқа да мемлекеттік орган­дардың қатысуымен дайындалды. Депутат жобада рақымшы­лық­қа іліккен азаматтар тобы анық­талғанын айтты. Бұл үшін тәртіп­сіздіктерге байланысты нақты уақыт кезеңі 4-7 қаңтар аралығы болып белгіленген. Басқа қыл­мыс­тар бұл заңда қарастырыл­майды. Сондай-ақ депутат терро­ристер, экстремистер, рециди­вистер, тәртіпсіздіктерді ұйым­дас­тырушылар және азаптаулар жасаған адамдарға рақымшылық жасалмайтынын айтты. Қылмыстық кодекстің жауап­кершіліктен ішінара немесе толық босату көзделген баптарының ішінде қажетті қорғаныс шегінен асып кеткенде жасалған кісі өлтіру, ұрлық, тонау, бұзақылық және т.б. қарастырылған. Үкімет пен барлық комитет заң жобасына оң қорытындысын бер­ді. Ғылыми-құқықтық, лингвис­тикалық және сыбайлас жемқор­лыққа қарсы сараптамалары бар. Мәжілісмендер заң жобасын қолдап, мақұлдады. Мәжіліс Салық кодексі мен «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының ко­дексін қолданысқа енгізу туралы» заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Заң жобасы бойынша жалпы отырыста Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Сергей Симонов баяндама жасады. Оның айтуынша, жұмыс тобының қара­уына 300-ден астам түзету келіп түскен. Депутат олардың негізгі­леріне тоқталды.