Астықшылар Азаттық мерекесіне үлкен тарту жасады: миллиард пұт астық жинады. Ауыл шаруашылығы министрі бұл көрсеткіш барлық оптимистік болжамнан асып түсті деп шаттанды. Себебі биыл астық шығымдылығы әлдеқайда аз болады деп күтілген. Аграршылар бабаларымыздың «арық айтып, семіз шық» деген аталы сөзіне сай болды. Дегенмен, салада көңілге қаяу түсірер күрмеулі проблемалар қордаланған. Сол астықты тасуға вагон жетпей жатыр. Тасымал тарифі екі есе артты. Ал Қазақстанды дәстүрлі экспорттық нарықтарынан Ресей ығыстыруда. Ел мерейін ерен ерлер өсіреді Елде орақ науқаны аяқталып та қалды. Мысалы, 2021 жылы егін жинау 17 қарашада ғана соңына жеткен. Ал биыл фермерлер бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдар өскен барлық алқаптың 15,9 млн гектарынан немесе 99,5%-ынан қар түспей тұрып, астықты жинап алды. Бұл да қуантарлық жетістік. Кеңес кезіне осыдан кейін елде қаптаған Социалистік Еңбек ері пайда болатын. Ол заманда барлық студент, оқушы, тіпті армияны жұмылдырып жинайтын миллиард пұтты қазіргі аграршыларымыз ың-шыңсыз, өз күшімен-ақ өсіріп, қамбаға құя алды. Олардың арасынан озаттарына таяуда Астанада өткен слетте ауыл шаруашылығы министрі мемлекеттік наградалар табыстады. Жаппай егін орудың аяқталуына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық диқаншыларды орасан табысымен құттықтап, ерен еңбектерін атап өтті. Мемлекет басшысы астықшыларымыздың жоғары кәсібилігінің, ісіне адалдығының және қажырлы еңбегінің арқасында агроөнеркәсіп кешені азық-түлік қауіпсіздігінің сенімді кепіліне және экономикалық дамудың басты қозғаушы күшіне айналғанына екпін түсірді. Жалпы, астық деген сөз ауыл шаруашылығы дақылдарының бәрін қамтиды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, биыл бункерлік салмақта небары 19,5 млн тонна астық бастырылады деп жоспарланыпты. Ал енді бұл көрсеткіш 21,7 млн тоннадан асып түсті. Бұл қорытынды сан емес, алда шамалы өседі. Соның ішінде 2022 жылы бункерлік салмақта бар-жоғы 13,4 млн тонна бидай жиналады деп болжанған. Қуаныштысы сол, қазір 16,3 млн тоннадан астам бидай алыныпты. Ауыл шаруашылығы министрі «түпкі нәтиже ең батыл болжамдардан кем дегенде 1 миллион тоннаға асып түскенін» мәлімдеді. Салыстыра кетсек, өткен 2021 жылы Қазақстан 11,8 млн тонна ғана бидай жинады. Салдарынан ас атасының шикізаты өзімізге жетпей қалуы мүмкін деген қауіп туып, ел Үкіметі бүкіл жаз бойы бидай мен ұнның шетелдік экспортын шектеп тастады. Жаңа астықтың бітік шығуына байланысты Үкімет 14 қыркүйекте экспортқа шектеуді жойды. Бидай мен бұршақ тұқымдас дақылдардың шығымдылығы 2022 жылы бір гектардан 13,5 центнерден айналды. Былтырғыдан тәуір: 2021 жылы шығымдылық әр гектардан небары 9,3 центнерден келген. Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов қазан ортасындағы жағдай бойынша 1,9 млн гектар алқаптан майлы дақылдардың 55,7% жиналғанын, жалпы түсім 1,5 млн тоннаны құрағанын жеткізді. Картоп 185,1 мың гектардан немесе бүкіл алқабының 93,8%-ынан жиналды, жалпы түсім 3,8 млн тонна. 161,2 мың гектар егістен көкөністің 93,4% жиналып, түсім 4,6 млн тоннаны құрады. Қажымас еңбегінің арқасында егіншілеріміз отандық нарықты астыққа қарық етті, сонымен бірге сапасы әлемде жоғары бағаланатын қазақ бидайын шет мемлекеттерге саудалауға жол ашылды. Астықшылар қаптаған қыспаққа тап болды Әйткенмен, дәл осы тұста, яғни тасымалдау мен экспорттауда үлкен тосқауылдар мен түйткілді проблемалар туындап жатыр. Себебі, еліміздің орталығы мен солтүстігіндегі мол астықты оңтүстікке жеткізу мұңға айналыпты. Фермерлер мен трейдерлер жеткізілімдердің кешігіп жатқанына шағымдануда. Оған теміржол желісінің шектен тыс жүктелуі және локомотивтердің жетіспеуі себеп. Мысалы, вагондар астық артылып жөнелтуін күтіп, босқа қаңтарылып тұрған көрінеді. Оларды тіркеп алып, сүйрей жөнелетін локомотив тапшы. Министр Ербол Қарашөкеев проблеманы шешуге уәде етті.
«Аграршыларымыз кезіккен түйткілдер туралы білеміз. Бүгінде вагондарды ұсыну, астықты жеткізу уақытынан кешігіп жатқанын көріп отырмыз. Сіздерді сендіргім келеді: мүдделеріңізді қорғау үшін, сіздерге экспорттық әлеуеттеріңізді іске асырып, астықты дәстүрлі өткізу нарықтарына шығаруға көмектесу үшін біз қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз», – деді Ербол Қарашөкеев KazAgro/KazFarm-2022 халықаралық аграрлық көрме аясында өткен Егіншілер слетінде.Бірақ мәселе түбегейлі шешімін тапқан жоқ. Астықшылар және астық экспорттаушы трейдерлер өнімді ішкі нарыққа, өз облыстарымызға жеткізу үшін де, сондай-ақ жаһандық нарыққа тасымалдау үшін де вагон жетіспей жатқанын айтып, дабыл қақты. Қазақстанда кезінде жекешелендіру жүргізілгенде астық тасушы вагондардың басым көпшілігі «Астық Транс» компаниясының қолына көшкен. Бұл компания вагон жеткілікті екенін, алайда «тәулік бойғы жүктеуге қатысты Қазақстан темір жолы енгізген шектеулерге байланысты қазан айында астық тасу өтінімдерінің орындалмай қалу қаупі төнгенін» мәлімдеді. Өйткені вагон паркінің бір бөлігі астық тиелуін күтіп, босқа тұрған көрінеді. Компания өз хабарламасында экспортқа емес, бірінші кезекте ішкі республикалық бағыттарда астық жөнелтуге басымдық бергенін және соған бар күшін салатынын мәлімдеді.
«Ішкі мартшруттарда вагондар бағасы экспорттыққа қарағанда шамамен 30% арзан болатын. Мұның әлеуметтік маңызы барын түсінгендіктен, бір жарым жыл бойы ішкі бағыттарға тариф көтермедік. Тарифтердің төмен болуы және вагондардың айналымының аздығы салдарынан, 2021 және 2022 жылдары ішкі қазақстандық тасымалдар Астық Транс үшін шығынды болды. Біз бұған ұзақ төзе алмас едік. Мұның сыртында бүгінде тасымал маусымы шырқау шегіне жетті. Астық тасушы вагондар бағасы да айтарлықтай қымбаттады. Саладағы бағаны нарықтық тетіктер айқындайды. Оның үстіне отандық нарық ашық, онда біз жалғыз вагон операторы емеспіз. Ресейлік экспедиторлар да кіре алады. Біздің бағамыз бәсекелестерден жоғары емес», – деді Сергей Мосолкин.Оның түсіндіруінше, экспедиторлардың көбі вагонын ұсынғанда клиенттен жеткізудің нормативтік мерзімі үшін ғана ақы алады. Дегенмен, локомотивтердің жетіспеуі, теміржолдың жүктелуі және басқа кедергілер салдарынан вагон жолға іс жүзінде 20-40% артық уақыт жұмсайды. Оның шығынын вагон иесі көтереді. Сол себепті вагондардың теміржол желісімен қозғалыс мерзімінің артуы аграршылар мен трейдерлерді ғана емес, вагон иелерін де шығынға отырғызады. Яғни, бұл проблеманың теріс мультипликативтік әсері бар. Сарапшының мәліметінше, қазақстандық компаниялар астық тасушы вагондарды әлі күнге Ресейден сатып алуға мәжбүр. Ал рубль қымбаттады. Былтыр бір вагон 3,4 млн рубль немесе 19,4 млн теңге тұрса, биыл бұл баға кем дегенде 4,1 млн рублге немесе 32,8 млн теңгеге дейін шарықтаған. Қымбаттау 70%-ға жетті. Бұл жағдайда ескі тарифтерді сақтау қиын. Астық өндірушілер мен трейдерлер де толарсақтан проблема кешуде. Мәжіліс депутаты Бауыржан Сартбаев олардың әлемдегі ең жақсы бағадан айырылып қалғанын айтады. Кремль көрші елге шапқыншылық жасап, Батыс оған қарсы санкция енгізгенде, жазға қарай әлемде бидай, күнбағыс сияқты ауыл шаруашылығы дақылдарының құны шығандап кетті. Себебі, жаһандық нарық сұранысының 20 пайызына дейін Ресей мен Украина өтеп келген еді.
«Маусым айында АШМ бидай мен ұн экспортына шектеу енгізді. Онысын таяуда, қыркүйекте ғана жойды. Диқандарымыз тамызда жаңа астыққа қол жеткізді, бірақ шетелге өткізуге қатаң квота мүмкіндік бермеді. Мұндағы ең үлкен кемшілік сол, отандық өндірушілер әлемдегі ең жоғарғы бағадан қағылды. Бүгінде жаһандық баға төмендеді. Соның кесірінен, көптеген фермерлер кредиті бойынша қарызын өтей алмай жатыр. Бұған енді басқа проблемалар жамалды. Астық тасушы вагондар жетіспей жатыр. Жүк тасушылар элеваторлардан астықты қашан тиеп жөнелтетінін нақты жоспарлай алмауда. Шетелдік клиенттермен арадағы контрактілер бойынша жеткізу мерзімі бұзылды. Бұдан бөлек, тасымалдау жоспарын орындамағаны үшін деп ҚТЖ айыппұл салады. Қалпымен шығынға батты», – дейді депутат.Қазір элеваторлардың көбі аузы-мұрнынан шыға толған. Бұл ретте өркениетті елдерден оқшауланған Ресей Азияға бет бұрып, мол астығымен Орталық Азия, Ауғанстан нарығынан Қазақстанды ысырып шығаруда. Мәселен, қазақ бидайын биыл іргедегі Қырғызстан 20 есе аз сатып алған. Қырғыздың Ұлттық статистика комитетінің дерегінше, биылғы 8 айда осы елге ресейлік бидай экспорты былтырғыдан 2,3 артыпты. Былтырғы қаңтар-тамызда 50,9 мың тоннасын ғана жеткізсе, биыл 117,2 мыңнан асырған. Ал қазақ бидайының экспорты 20 есе кеміп, өткен жылғы 72,9 мың тоннадан биыл 3,4 мыңға құлдырады. Оның өзінде малға жемазық түрінде ең құнсызын алады: 8 айда Қазақстаннан азық-түліктік бидайдың бірде-бір келісін алмаған. Өзге дәстүрлі нарықтарда да ұқсас жағдай қалыптасқан. Қазақстан бүкіл астығының 90 пайызын ТМД елдеріне, Ауғанстанға сатады. Сарапшылар алыс шетелдің нарығын игеруге оралуды ұсынды. Мысалы, Ауғанстан биылғы бірінші тоқсанда 227,4 мың тонна қазақ бидайын небары 58,5 млн долларға сатып алыпты. Ал алыстағы Италия 110,1 мың тоннасын осыған жетеқабыл бағаға, 41,2 млн долларға сатып алды. Яғни, астықты өз аймағымызда емес, Батысқа сатқан тиімдірек. Бірақ ол үшін тасымал құнын қайтадан Үкімет субсидиялауы тиіс. Қорыта айтқанда, егіншілеріміздің тынбай еңбек етіп, қамбаға құйған мол астығын ұқсата жұмсап, зор табыс көзіне айналдыру бағытында тиімді шаралар мен пәрменді іс-қимыл талап етіледі. Оның шешімдері бар.