Жарқын болашақ кепілі: Ақтөбе үшін маңызды келісімдер жасалды
Жарқын болашақ кепілі: Ақтөбе үшін маңызды келісімдер жасалды
859
оқылды
Астанада өткен Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов метал­лургия, құрылыс, денсаулық сақтау, экология және логис­тика салалары бойынша 735 миллион АҚШ доллары болатын 5 меморандумға қол қойды.
«Ақтөбе облысы – еліміздегі экономи­калық және стратегиялық маңызы зор ең ірі өңір. Аймақ – хром, титан, никель қоры бойынша дүниежүзінде көшбасшы. Оның аумағында көмірсутегінің болжамды қоры­ның 30 пайызы шоғырланған, өнеркәсіптік мұнай қоры бойынша республикада үшін­ші орында. Біз таза, инновациялық және әртарап­тан­дырылған экономикалық модель ұстанып келеміз. Міндетіміз – ин­вестор тарту және инвестициялық жоба­ларды жан-жақты қолдау», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
KGIR 2022 барысында қол жеткізілген келісімдердің қатарында мультимодальды көлік-логистика­лық хаб салу жобасы бар. Хаб ай­мақ­тық көлік-логистикалық жүйе­нің негізгі элементіне айналады деп күтілуде. Ол барлық қатысушының ке­лісіл­ген өзара іс-қимылын, сон­дай-ақ көлік, инвентар, сер­вис, ақпарат және қаржы ағы­нын бірік­тіруді қамтамасыз етеді. Жоба­ның өзектілігі – облыстың көлік-ло­гис­тика тұрғысынан қолайлы орнала­суы, экономикалық әлеуе­тінің қар­қынды да­муы, қалыптасып келе жатқан Ақтөбе агло­ме­рациясы және мил­лион тұрғыны бар қала болу жоспарына байланысты екенін айта кету керек. Сондай-ақ өңір басшысы QazSpetsSteel ЖШС-мен болат балқыту зауытының құрылысы бойынша бірлескен ме­морандумға қол қойды.
«Зауыт еліміздің өндірісіндегі темір рудасы, флюс, ферроқорытпа, отынды пайдаланумен ерекшеле­неді. Бұл жоба шетелдік жабдықтау­шыға тәуелді болудан толық арылуға мүмкіндік береді. Жобаның өңір үшін де, жалпы ел үшін де маңызы зор. Оны жүзеге асыруда жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз», – деді Е.Тоғжанов.
Жоба рельс, теміржол дөңгелегі, құ­рылыс арматурасы мен пішінді болат өн­діруге арналған блюмдер дайындайды. Жылына жалпы жиын­тығы 990 млн доллар болатын дайындамалар мен құрылыс ар­ма­тураларының импортынан арыл­тып, отандық өндірушілерді сапалы өніммен қамтиды. QazSpetsSteel ЖШС аталмыш жобаға 587 миллион АҚШ долларын инвестициялайды. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 800 мың тонна өнім. Зауыт толық жұмыс істесе 1500 адам жұмыспен қамтылады. Тоқжанов Бұдан өзге, «Еуропалық қайта құру және даму банкі» инвести­циялық жобаны қаржыландыруға дайын. KGIR 2022 барысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен ЕҚДБ Қазақстан бойынша директоры Хусейн Озхан бірлескен меморан­думға қол қойды. Сондай-ақ аймақ басшысы түр­киялық OrhunMedical компаниясы­ның басқарма төрағасы Гоненч Ды­рыкпен денсаулық сақтау сала­сын­дағы жобаны жүзеге асыру ту­ралы келісімге келді. Ақтөбедегі Ядр­о­лық медицина және томо­терапия орталығымен OrhunMedical көпсалалы клиникасын салу, екі позитронды эмиссиялық томо­графия, сондай-ақ бір фотонды эмиссиялық компьютерлік томогра­фия орталықтарын ашу туралы ке­лісім жасалды. OrhunMedical ком­па­ниясының инвестиция көлемі 35 млн доллар. Медицина орталығы әлем­дік озық әдістер негізінде онко­логиялық ауру­ларды кешенді диаг­ностикалауды жүзеге асырады. Пози­тронды-эмиссиялық томо­гра­фия онкологияны алғашқы клини­калық көрінісі болмаған кезден анық­тауға мүм­кіндік береді. Ядро­лық медицина орта­лығының өн­дірістік қуаты – айына 6000 ОФЭКT/КТ және 8000 ПЭТ/КТ зерттеу болмақ.
«Маңызды жобаның арқасында батыс өңірінің тұрғындары жоғары білікті маман­дандырылған медици­налық көмекке қол жеткізеді. Орта­лық қызметі Ақтөбенің ме­дицина­лық туризм саласындағы тартым­дылығын арттыруға ықпал етпек. Оның са­лынуына мүдделіміз және жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге дайынбыз», – деді Е.Тоғжанов.
Ақтөбе облысы өнеркәсібі да­мыған өңір болғандықтан өнер­кәсіптер қоршаған ортаның өз­геруіне әсерін тигізіп жатыр. Ай­мақта су айдынының ластануы, қалдық­тардың жиналуы және кәріз суын тазарта­тын қондырғылардың тозуы сияқты бір­қатар экологиялық проблемалар бар. Әбден тозығы жеткен, қайта жөндеуді қажет ететін қондырғыдан шығатын жағымсыз иіс өңірдегі өзекті экологиялық мәселенің бірі. Облыс басшысы бұл проб­леманы тез арада шешу міндетін қойды. Осыған байланысты қор­шаған ортаның сапасын жақсарту бойынша шаралар қабылданды. Кәріз жүйесін қайта құру және жөндеу, өндірістік қалдықты та­зарту, қоқыс жинағыштарды жою бойын­ша жұмыс жүргізілуде. Ұзақ уақыт бойы қол­да­нылған кәріз тазарту қондырғыларын жаңарту бойынша келіссөздер жүрді. Аймақ басшысы Ералы Тоғжанов бұл шара уақытша нәтиже беретінін және кәріз та­зар­татын жаңа қондырғы салу қажет­ті­лігін атап өтті. Қондырғы салу жоба­сы ағын­ды судың ластануын айтар­лықтай азай­тып, суаруға жарамды су сапасын арт­тырады, қаланың санитарлық-эпидемио­ло­гия­лық ахуалын жақсартады. Ағынды суды тазарту үшін заманауи энергия үнемдейтін технология мен ана­ғұрлым жетілдірілген жабдықтарды пайдалану қарастырылған. Жоба құны – 30 млрд теңге. Кәсіпорынның қуаттылығы – тәулігіне 100 мың м³. Ақтөбелік бизнес-қоғамдастық өкіл­дері серіктес іздеу, өткізу нары­ғын кеңейту үшін диалог алаңын тиімді пайдаланды. Шетелдік серіктестермен В2В форматында бірқатар кездесу өткізіп, әлеуетті жоба­ларды жүзеге асыру мәселелерін талқы­лады.