Тәуелсіздіктің отыз жылында еліміздің зейнетақы жүйесін жетілдіру мақсатында бірнеше қайтара реформа жасалды. Бірақ одан оңып кете қойған дүниені көріп отырғанымыз жоқ. Басқасын айтпағанда, Қордың қоржынында Қазақстанның жылдық бюджетіне пара-пар қыруар көп ақша жатқанымен, оның шығынға батуы түсініксіз. 2022 жылдың жеті айында Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) кірісі 9,6 пайызды құраған, ал бұл уақытта ақшаның жылдық инфляциясы 16,1 пайызға дейін құлдыраған. Яғни, жұрттың зейнетақылық жинағындағы ақша қордаланып, көбеюдің орнына, керісінше әжептәуір құнсызданып кеткен. Бұл БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясының жоқтығын айғақтап тұр. Сондай-ақ Қор активтерінің 44 пайызы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынғанын ескерсек, оның кірісінің қомақты бөлігі бюджет есебінен қамтамасыз етіліп отырғанын көреміз. Басқадай құралдар арқылы табатын табысы мардымсыз. Яғни, БЖЗҚ екі аяғын салбыратып қойып, мемлекеттің мойнына мініп алған. Өздеріңіз білесіздер, Зейнетақы қорының активі қазақстандықтар табысының 10 пайыз мөлшеріндегі жинағынан құралады. Ал 2023 жылдан бастап оған жұмыс берушінің әр қызметкері үшін 1,5 пайыз көлемінде қосымша үстемесі қосылатын болады. Биыл базалық және ынтымақты зейнетақы мөлшері ұлғайғандықтан бюджеттен қосымша 421 миллиард теңге бөлініп отыр. 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Қордың салымшылар шотындағы зейнетақы жинағы 13,97 трлн теңге құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,02 трлн теңгеге немесе 7,9 пайызға көп. Осы соманың 13,6 трлн теңгесі салымшылардың ақшасы, 416 млрд теңге міндетті кәсіби зейнетақы жарнасы және 3 млрд теңгедей ерікті зейнетақы жарнасы. Бұл ақшадан БЖЗҚ жыл басынан бері 1 трлн теңге төлем жасаған. Оның 868,3 млрд теңгесі тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу үшін берілген бірреттік төлем, 75,9 млрд теңге – зейнетақы төлемі, 43,2 млрд теңге – мұра бойынша берілген ақша, 34 млрд теңге – басқа мемлекетке қоныс аударушыларға, 17,5 млрд теңге – сақтандырушы ұйымдарға, 3,7 млрд теңге – жерлеуге және 1,6 млрд теңге мүгедектік бойынша төлемге жұмсалды. Бұл жерде Қордың қаржысы халықтың салымдарынан қордаланатынын еске сала кеткіміз келеді. Сондықтан қазақстандықтар өз салымдарын қай мақсатқа пайдаланса да, оны мемлекеттен берілген көмек ретінде қабылдаудың еш жөні жоқ.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында БЖЗҚ-ның ұтымды инвестициялық стратегиясын әзірлеуді тапсырды. Зейнетақы активтерінің сенімді басқарушысы болып Ұлттық Банк бекітілді. Қордың инвестициялық саясатын жүргізетін де, оның қызметіне бақылау жасайтын да соның өзі. Сондықтан барлық кемшілік-кетіктікті осы тұрғыдан іздеу керек», – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Аманжан Жамалов.БЖЗҚ мемлекеттік ұйым бола тұра, көпшілік үшін жабық құрылым. Оның басқаруында отырған ат төбеліндей аз ғана шоғыр халықтан жиналған ақшаны қайда, қалай жұмсап жатқаны белгісіз. Ұйымның миллиардтаған кірісі мен шығысы бюджеттік процедурадан шығарылып, Есеп комитетінің бақылауынан тыс қалған. Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Кейбір сарапшылар салымшылардың зейнетақы жинақтары бюджеттің жоқ-жітігін жабуға пайдаланылады екен деген пікір айтып жүр. Осыған орай біз БЖЗҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановқа сауал салғанымызда, ол мұндай жағдайдың болуы мүмкін емес екендігін жеткізді.
«Қазақстандықтардың зейнетақылық жарнасы жеке зейнетақы шоттарында сақталады. Ол сіздердің өз ақшаларыңыз, біз оны ешқайда жұмсамаймыз, ол сіздердің меншіктеріңіз, сондықтан оған алаңдаудың еш жөні жоқ»,– деп жауап берді Жанат Құрманов.Айта кетейік, бүгінде БЖЗҚ-ның әкімшілік шығыстары 13 миллиард теңгеден асып жығылады. Салыстыру үшін айталық, еліміздегі бүкіл әлеуметтік саясатқа жауапты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жылдық әкімшілік шығындары 10 миллиард теңге шамасында. Сонда Қор басшылығы мұншама мол ақшаны қайда жаратып жатқаны ақылға сыймайды. Сондай-ақ БЖЗҚ-ның штаттық құрылымы да тым қампайтылған. Мұнда штаттық кесте бойынша 1 495 адам жұмыс істейді. Олардың тек жалақысына ғана 7,9 миллиард теңге жұмсалады. Соған қарап, бұл қайдан келіп жатқан есепсіз ақша, көл-көсір байлық деп бас шайқайсың.
«Былтыр Зейнетақы қорының комиссиясы 15 миллиард теңгеден асты. Одан бөлек, Қорға бағалы қағаздар операциясынан түсетін қосымша кіріс бар. 2021 жылы БЖЗҚ-ның жалпы табысы 35 миллиард теңгені құраса, мұның 23,4 миллиарды таза табыс. Бір қызығы, олар салымшылардың жинағына қарағанда өз қаржысын анағұрлым тиімді басқарады. Әйтсе де, акционерге, яғни Үкіметке бір тиын да дивиденд төлемейді»,– деп наразылық білдірді А.Жамалов.БЖЗҚ құрылғалы бері қазақстандықтардың зейнетақылық жарнасына салынған комиссияның есебінен 211 миллиард теңге табыс тапқан. Бұл ақшаны Қор ешкіммен ақылдаспай, өз қалауынша жұмсай алады. Рас, заңдық тұрғыдан алғанда, бұл енді салымшылардың жинағы емес, Қордың өзінің қаржысы болып саналады. Әйтсе де «жұмыртқадан жүн қырқып», өзгенің есебінен көл-көсір байлыққа кенеліп отырған БЖЗҚ-ның бұл ісін әділдікке балай алмаймыз. Сол себепті де Есеп комитетінің оның қаржы айналымының тиімділігін тексеретін кезі жетті. Одан бөлек, Үкімет ұйымның басқаруында жатқан 211 миллиард теңгені дивиденд ретінде бюджетке аудартып, елдегі жоқ-жітікті, әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсаса анағұрлым ақыл болар еді.