Ақтауға жыл сайын екі жүзге жуық қоқиқаз ұшып келетін. Биыл бас-аяғы мыңға тарта қоқиқаз Каспийге қонды. Ақтау қаласы маңындағы Қаракөл – олардың жыл сайын тұрақтайтын мекені. Бұл аймақ облыстағы табиғат қорғау инспекторларының жіті бақылауында. Қоқиқаздар Қаракөлде бір тынығып алады да, әрі қарай Маңғыстаудан да ыстық Иран, Түркіменстан, Пәкістан жаққа қарай ұшып кетеді. Қоқиқазды қазақ жырға қоспаса да, өзге ұлттар оны сұлулықтың символына теңейді. Ертегі құсы, лирика құсы деген атаулары да бар. Ұшып бара жатқан кезде қоқиқаздың қанаты лапылдап жанған отқа ұқсас болғандықтан, оларды кейбір халықтар «от немесе жалын құс» деп атайды екен. Дене бітімі ерекше, тұмсығы имек болып келеді. Тұмсығы орта тұсынан бірден төмен қарап иіліп, қоқиып тұратындықтан «қоқиқаз» деп атаған. Аймақ экологы Әділбек Қозыбақовтың айтуынша, соңғы үш жылда 1 000-4 000-ға жуық қоқиқаз тұрақты түрде Қаракөл қорығына қонақтайды. – Еліміздегі «Қорғалжын» қорығындағы «Қорғалжын» көлдер жүйесіндегі сулы батпақтар алқаптарында 20 мыңдай қоқиқаз ұялайды. Олар жазда сол жерде болып, балапан басып шығарады да, күзде олардың бір бөлігі оңтүстікке қарай ұшқанда, Қаракөлге және Каспий теңізінің Түпқараған елді мекені аумағындағы «Тюленьи» аралына келеді. Тюленьи аралында мұз қатса, Қаракөлге келеді. Себебі Қаракөлде су жылы, сондықтан қатты суықта Қаракөлде болады. Осылайша, екі ортада жүреді. Наурыз, сәуір айларында ұшып кетеді. Ал Түркіменстан, Иран жаққа қарай ұшып бара жатқан қоқиқаздар көп аялдамастан екі-үш күннен екі-үш аптаға дейін демалады, – дейді «Табиғи орта» Батыс Қазақстан үкіметтік емес ұйымдар өңірлік ассоциациясының кеңес төрағасы Әділбек Қозыбақов. Жергілікті халық қоқиқаз көруге Қаракөлге келіп тұрады. Әсіресе, олардың топ боп жүргендегі әдемі қызғылт пішін беретін түсі мен ұшқан кезде қанат асты қою қызылға боялатыны табиғаттың сұлу жаратылысына куә болады. Анаргүл ЖЕКСЕМБАЙҚЫЗЫ, Маңғыстау облысы