Қорғаушы ма, қорлаушы ма?
Қорғаушы ма, қорлаушы ма?
499
оқылды
Қоғамда құқықбұзушылыққа жол берілсе, әділдік іздеген жұрт алдымен құқық қорғау орындарының есігін қағары сөзсіз. Өйткені, олар азаматтардың тыныштығын күзетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ант береді. Ал егер сенгенің сенімге селкеу түсіріп, құқыңды қорғаушыға емес, құқыңды қорлаушыға айналса, қайтпек керек? Бұл күні құзырлы орындардың есігін торуылдап, табанынан таусылып жүрген арызданушылар көп. Әділдікке араша сұрағандар арасында арызын қабылдату үшін айлап емес, жылдар бойы жүгіріп жүргендер де бар. Осының өзі Ішкі істер органдарында өз ісіне салғырттық танытып, қылмысты ашуда «бармақ басты, көз қыстыға» жол беретіндердің азаймай отырғанын көрсетеді. Мәселен, биыл жыл басында бір ғана Шымкентте сыбайлас жемқорлық бойынша тіркелген 77 қылмыстың 20-сы құқық қорғау сала­сына тиесілі болғаны белгілі. Яғни парақорлық пен жымқыру дерек­тері­мен тіркелген қылмыстардың басым бөлігі погон таққандардың үлесіне тиген. Осыдан соң «жұртқа жақын полицей» қағидаты «жұртқа қарсы полицей» деген түсінікке алып келмегенде, қайтеді? Бұ­дан бөлек, ара-тұра тергеушілердің тепкі­сін көргендер де, арызын әрең қабыл­датып, көрініп тұрған қылмыстық істер­ден қылмыстық құрам таба алмай тоқта­тып жататын жағдай да ара-тұра кездесіп қалатынын жоққа шығаруға болмас. Осылайша, жәбір көргендердің өзі екі ор­та­да футбол добына айналып, сергел­деңге түскен соң құзырлы орынға сенім білдіру қиынға соғары хақ. 149 полицей ауыр қылмыс жасаған Әнебір жолы Ішкі істер министрлігі погон таққан қылмыскерлер саны азайып келетінін мәлім етті. Бірақ бұл саптағылар­дың түйсігі өзгеріп, жемқорлыққа қарсы иммунитеті оянғанын көрсетпейді. Неге дейсіз бе? Биыл қаңтар-тамыз айларында Ішкі істер министрлігінің 199 қызметкері түрлі қылмыстық құқықбұзушылық жасаған. Иә, бұл бір жыл бұрынғы статистикамен салыстырғанда 12,7 пайызға аз. Алайда алдын ала қуану әлі ерте. Өйткені, осы қылмыстың басым көпшілігі, яғни 149-ы ауыр қылмыстық құқықбұзушылықтарға жатады. Демек, осынша қызметкер Отан алдындағы антын бұзып, ауыр қылмысқа барған. Министрліктің дерегінше, 22 қызметкер жеңіл емес, 25 қызметкер орташа ауырлықтағы, бір қызметкер аса ауыр қылмыс жасаған. Ал былтыр осы кезеңде еліміздің Ішкі істер министр­лігінің 228 қызметкері түрлі қылмыстық құқықбұзушылықпен ұсталыпты. Өңірлік тұрғыдан алғанда, ведомство өкілдерінің тәртіп бұзуына қатысты деректің басым бөлігі Алматы қаласында тіркелген. Одан кейін Ақтөбе, Алматы, Солтүстік Қазақ­стан, Шығыс Қазақстан, Атырау және Жамбыл облыстарында байқалған. Зерт­теушілердің дерегіне сүйенсек, Ішкі істер министрлігі қызметкерлері арасындағы құқық бұзушылардың жартысы сыбайлас жемқорлық, мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы өзге де қылмыстық құқық бұзушылықтарға жол беріпті. Мысалы, дәл осы айып тағылып отырған істерде 100 адам ұстал­ған. Бұл бір жыл бұрынғымен салыстар­ғанда екі пайызға аз көрсеткіш болғаны­мен, саладағы ең көп таралған құқық бұзушылықтардың қатарында пара алу, немқұрайлық және билікті немесе лауа­зым­дық өкілеттіктерді асыра пайдалану кіреді екен. Айталық, меншікке қарсы құқықбұзушылық бойынша 50 адам ұсталған. Бұл жерде кең тараған заңбұзу­шылықтар қатарында алдау, ұрлық және сеніп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемдену немесе жымқыру деректері көп тіркелген. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларында азаматтардың конституциялық және өзге де құқықтары мен бостандығына қарсы 14 қызметкер қылмыстық құқық­бұзу­шылық жасаса, былтыр осы уақытта 12 қызметкер дәл осындай бассыздыққа жол беріпті. Ұсталған қызметкерлердің барлығы тікелей азаптау дерегімен ұс­талған. Сыбайластыққа қарсы сана-сезім өзгеруі керек
Бір қуантарлығы, бұрынғы жылдары парақорлыққа қатысты ашылған қыл­мыс­тарда «көш бастайтын» ішкі істер ор­ган­дары соңғы кездері оң жағынан өз­геріпті. «Жаңару» сыбайлас жемқор­лыққа қарсы республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Дәулеткерей Рахметуллин осылай дейді. Оның айтуынша, биыл тамыз айына дейінгі қылмыстардың статистикасы 500-ден астам жемқорлыққа қатысты іс тіркелгенін растайды. Соның ішінде 177-сі ­іс Ішкі істер министрлігіне тиесілі. Оның 69-ы учаскелік инспекторларға, 16-сы тергеу бөліміне қатысты тіркелген құқық бұзу­шылықтар. «Соған қарағанда жем­қор­лыққа қатысты алдын алу шаралары нәтижесін берген секілді. Біздің бірлестік екі жыл бойы погон таққандардың пара­қорлыққа бармауы үшін парасаттылықты, адамгершілікті, патриоттық тәрбие беру­ге мән беріп келеді. Қазір Ішкі істер ми­нистр­лігінің Өзіндік қауіпсіздік депар­таменті ашылған істер бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Біз де әр істің соңына дейін орындалуын қадағалап отырмыз», – дейді Дәулеткерей Рахметуллин.
Сондай-ақ ол жаза басқан жауапты қызметкерлерді жүгендеу жазаны қатаң­дату арқылы жүзеге аспайтынын жеткізді. Қоғамдық бірлестік өкілі «құқық қорғау­шыларды жөнге салатын қолданыстағы заң қатаң» деп отыр. Бірлестік өкілінің сөзінен түсінгеніміз, погонды қылмыс­кер­лерді азайтудың әзірге жалғыз амалы – ашықтықты күшейтіп, бұрыннан қатып қалған ескі сана-сезімге сілкініс жасау. Себебі, сана-сезімді өзгертуге жұмыс жасалмаса, жауапкершілікке тартылатын құқық қорғау қызметкерін азайту мүмкін емес. Басшылықпен байланыс жоқ
Халықпен тікелей жұмыс істейтін сала­ларда сыбайлас жемқорлық қылмысы баршылық. Мысалы, осы жемқорлық бойынша сотталғандардың жартысынан көбі, яғни 57 пайызы – полиция қызмет­керлеріне қатысты. Бұл деректі Ішкі істер органдары қызметінің мәселелері жөнін­дегі қоғамдық кеңес мүшесі Дулат Әби­буллаев айтып отыр. Оның сөзінше, заң бұзатын қызметкерлер қатары СҚО мен Түркістан, Қарағанды облыстарында және Астана қаласында көп. Сол үшін Ішкі істер органдарындағы ішкі қауіпсіз­дікке жауаптылар қылмыс­тың алдын үшін қадр таңдауды күшейтіп, саланы цифрландыруға көңіл бөле бастаған. Бұл бастамалардың қаншалықты нәтиже бергенін уақыт көрсететінін айтқан ол: «Қатардағы полиция мен басшылықтың арасындағы қарым-қатынасты заманауи байланыс құралдары арқылы қамтамасыз ету керек. Осы арқылы қылмысты төмен­детуге болады», – дегенді айтады. Ал «AMANAT» пар­тиясы фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров погондылардың жаза басуы өзекті болып отырғанын жасырмайды. Айтуынша, Ішкі істер министрлігі тарапынан жаса­лып жатқан нақты қадамдар қажетті нә­ти­жеге қол жеткізе қойған жоқ. Сон­дықтан қоғаммен тікелей жұмыс істейтін құқық қорғау қызметі қоғам өкілдерімен дискуссия жасаудан қашпауы қажет.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні сол, погон таққан полицейлердің қылмысын азайту үшін салаға ашықтық керек. Өкінішке қарай, өздері «құқық қорғау саласы – жабық мекеме» деп есік-терезесіне дейін қымтап, қоғаммен байланыс орнатуға асықпайтындарына қарағанда, саладағы қылмыстың санын кеміту туралы айтылған ұсыныс-пікірді жүзеге асырудың ауылы алыс секілді.