Роза десе, ылғи да ойыма нәзік әрі төзімді гүл оралады. Алғаш рет осы бір ғажайып гүл ежелгі Римде өсіріле бастапты. Көне Рим ақындары V ғасырдан бастап гүлдің сұлулығын жырлаған екен. Осыдан бірер жыл бұрын Алматы көшелерінде келе жатып, дәл осы гүлді күздің алғашқы қары түскенде көзім шалды. Ақ розаның қауызына толған аппақ қар сондай үйлесімді көрінген. «Суыққа да солмайтын неткен гүл!?» деп таңғалып едім сонда. Бүгінгі кейіпкеріміздің аты да, заты да – Роза. Сұлу да нәзік, төзімді де талантты ақын биыл қайтадан он сегізге толды. Иә, дұрыс оқып тұрсыз. Ол он жылдан кейін де он сегізге толады. Себебі оның жан дүниесі мөлдір, тап-таза балаң болмысын сақтап қалған. Уақыт пен жағдаяттан тәуелсіз ақын Роза СЕЙІЛХАНМЕН өлең төңірегінде тілдескен едік. – Туған жер деген ұғымды біз ауызша айтқанымызбен, мәніне жете бара бермейтіндейміз. Ақын, жалпы адам баласы туған жеріне тартып туа ма? Сіз туған жер жайлы сөз қозғалғанда алдымен нені еске аласыз?
– Туған жердің қадірін адам баласы одан жырақ кеткенде білетін болуы керек. Туған топырақтан нәр алып, суын ішіп жүріп те оның бағасын білмей өтетіндер болады. Оның бір уыс топырағын иіскей алмай, зар болып кеткендер қаншама. Жалпы туған жер дегенде менің есіме балалық балғын шағым, әжем, әкем мен шешем, бауырларым елестейді. Барлығымыз дін аман, бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүрген сәттер ойыма оралады. Меніңше, туған жер, туған үй, бұлар бір-бірімен сабақтасып жатқан терең ұғым іспетті. Аты айтып тұрғандай, туған жердің қасиетін сезіне білген адам ғана оны сағына алады. Ал перзенті туған жеріне тартып туады дегенге өз басым келіспеймін. «Бір анадан ала да, құла да туады» демекші, өз ата-анасына жақсылық жасай алмаған адамды туған жерінің қадірін біледі дегенге сене алмаймын.
– Жырларыңыздың табиғаты мұңдылау. Өлеңдеріңізде мұңды көркем кестелейсіз... Мұң деген не жалпы?
– Пенде болғасын, мұңаясың, қуанасың. Ал адам әрі ақын болып өмір сүрудің азабын өзім ғана білемін. Сендегі алапат дүниені басқалар қайдан ұқсын. Кейде неге осылай жаралдым екен деп кейіп қалатын кездерім болады. Мұның барлығын өлеңдерімде айтқанмын. Жалпы менің болмысыммен мына жұтып жіберуге әзір қоғамда өмір сүру оңай емес. Алла маған мүжілмеуді үйретті, сынақтарын жіберді. Сүрінсін, сүрініп алып, қайта тұруға дағдылансын деді. Аллаға сансыз шүкір, тұрдым. Мүлде басқа адам болып кетпесем де, қиындықтарға қарсы тұра алдым, күрестім. Жолымда жақсы адамдар көп кездесті. Жаман адамдар демей-ақ қояйын, адасып жүргендер жолымды бөгеді. Жақын адамдарымнан көз жазып қалдым. Ол да жанымды жаралады. Қателескен кездерім де көп. Сонда да өмірді Алланың шексіз сыйы деп қабылдадым. Ал мұң ақынға ғана тиесілі нәрсе емес, ол кез келген адамға тиесілі. Ақындар оны тек сезіне алады, санамен қабылдап, құлақпен естиді. Артықшылығы сол. Мен көрген, білгенімнің бәрін алдымен жүрегімнен өткіземін. Ол денсаулығыма әсер етті... Көңілді өлең жазбақ болып көрдім, қолымнан келмеді. Ал елжірей еске алатын тәтті сәттер менің өмірімде болды. Ол жағынан бақытты жанмын. Мүмкін, мұң деген сол тәтті сәттерді қимаудан туындайтын дүние шығар.
– Өлең жазу үшін ақынға білім қаншалықты дәрежеде қажет?
– Өлеңге білімнің қажеті жоқ десем, қате пікір болар еді. Бірақ ізденгеннің артықтығы болмайды деп ойлаймын. Өлеңге ойшылдық та, парасаттылық та қажет. Шын талант үшін ешнәрседе шекара болмайды.
– Қазақ ақындарынан үлгі еткен, ұнатқан тұлғаңыз кім?
– Қазақ ақындарынан ең алғаш сүйіп оқыған ақыным – Мұқағали. Ол ер, мен әйел болсам да, табиғатымыздан көп ұқсастық көремін. Бірақ шығармаларымызда өзімізге тән өзгешелік те, ерекшелік те көп. Бұл өзімді ақиық ақынмен теңмін дегенді білдірмейді. Қате түсініп қалмаңыздар.
– Алыс-жақын шетел ақындарынан кімді құрметтеп, оқисыз?
– Орыстың талантты ақындары Сергей Есенинді, Анна Ахматованы, Омар Хаямды, басқа да ақындарды оқып тұрамын.
– Өлең уақыт пен кеңістікке бағына ма?
– Өлең уақытқа да, кеңістікке де бағынбайды. Туғысы келген өлеңге тосқауыл жоқ. Өлең ұйықтап жатқанда да санаңды кезеді. Түсіңде де өлең жазу деген сұмдық қой. Тек қанатыңды еркін қағуға уақыт, тіршілік мүмкіндік бермейді.
– Роза Сейілхан үшін өлең дегеніміз не? Өлеңге деген өз ойыңызбен бөліссеңіз.
– Өлең – кез келген адам түсініп кете алмайтын құбылыс. Ол сенің өз әлемің, өз болмысың. Өлең сенің бір бөлшегің сияқты. Одан қашып құтылу мүмкін де емес. Айырмашылығы – сен кетесің, ол қалады. Оның кейінгі ғұмырының қалай боларын тек уақыт шешеді. Біреуден артық болуға талпынған да, күшенген де емеспін. Алланың ауызға салғанын ғана қағазға түсірдім. Ол таңғы шықтай таза, сұлу, көркем болғанда ғана өзіне ынтықтырады.
Көзді ашып-жұмғанша орта жасқа да келіппіз. Басқаларды қайдам, өзім кешегі қырықты аңсап тұрамын. Қазір уақыт тез өтеді деген сөздің ақиқаты бар-ау. Расында да, бүгінгі адамдар жас көрінеді. Кешеге дейін «қарындас», «қызым» деген атауға үйренген маған «тәте» деген сөз басында түрпідей тиді. Кейіннен оған да үйрендім. Шынымды айтсам, депрессияға түстім. Денсаулықтың сыр бергені бет-әлпетімнен көрінді. Қатты өзгертті. Негізі туған күнім сәуір айы ғой, ойлана келіп, кешімді күз айына қойдық. Қарагөз Смәділ, Гүлзина Бектас сияқты тілеулес сіңлілерім рухани қолдау танытып, өткізуге бел будық. Жамбыл аудандық мәдениет үйінің талантты режисері Ғалымжан Сайлаубеков бастаған бір топ қыз-жігіттер түн демей, күн демей еңбек сіңіріп, өзімді сол елдің қызы ретінде сезінуіме көмектесуде.
Осыдан он жыл бұрынғы уақыт пен бүгінгі уақытты салыстыру қиын. Айырмашылығы – жер мен көктей. Олай дейтінім, кешегі кең заман артта қалды. Бүгін жаңашыл заманның ырқына қарай жүретін болдық. Қазіргі уақыт ізденісті жақсы көреді. Алға жүруге мүмкіндігі мол кезең. Мұнымен тоқтап қалуға болмайтынын түсінемін. Келер күн қазақ еліне тек жақсылық ала келсін деп тілеймін.
– Әңгімеңізге рақмет!