Жабай Қалиев: Биыл – саяси реформалар қарқынды жүрген кезең
Жабай Қалиев: Биыл – саяси реформалар қарқынды жүрген кезең
Фото: inform.kz
2,601
оқылды
– Биыл Қазақстанның саяси реформалары қарқынды жүрген кезеңіне айналды. Өз басым, әсіресе, күздегі Президент Жолдауына баса назар аударғым келеді. Мемлекеттің іргетасын нығайтатын басты күш бар, ол – білім берудің өркендеуі. Соңғы Жолдауда осыған қатты мән берілгенін көрдік. Елдің ерекше даму жолына ұмтылысын байқадық. Мұның бәрін оңды қадамға бағалаймыз. Әрине, басқа да саяси жаңалықтардан хабарсыз емеспіз. Таяуда Рим Папасы Францисктің елімізге арнайы қонақ болып келгенін естідік. Тарихтағы қай кезеңді алсаңыз да, Рим Папасы болған тұлғаларды дүниежүзі құрмет тұтқан, олар кез келген елге себепсіз бас сұқпаған. Яғни, оның осы жолы Қазақстанға келгеніне қарап, еліміздің әлем жұртшылығы алдындағы беделі артқанын тұспалдауға болады. Бұндай мәртебеге жетуде еліміздің бейбітшілік пен ынтымақ жолын мықтап ұстанғаны септігін тигізді. Рим Папасының әр сапары тарихта ойып тұрып жазылады. Сонда мемлекетіміздің аты аталатыны көңілге сенім ұялатады. Әлемде көп мәселеге ұшырасқан мемлекеттер одақтас болып әрекет жасайтыны бұрыннан аян. Бізде де көршілес һәм арасында қандас елдердің басын құраған ТМД ұйымы болатын. Соңғы жылдары қарқыны біршама бәсеңдеп қалды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік саясаттағы ахуал күрделенген заманда осы ұйымның жұмысына дем беруді мақсат етіп, басшыларын шақырып, үлкен жиындар өткізді. Мұнда да келелі мәселелер талқыланып, кейбір күрмеулер шешімін тапқанын көрдік. Жалпы, осы кездесулердің бәрін елдегі саяси реформалардың заңды жалғасы ретінде қарастыруға болады.