ЖСДП кандидаты Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат науқанын Қарағанды облысынан бастады
ЖСДП кандидаты Нұрлан Әуесбаев үгіт-насихат науқанын Қарағанды облысынан бастады
259
оқылды
Республикалық сайлауалды штаб кеңсесінде Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан президенттікке үміткер Нұрлан Әуесбаевтың сайлауалды штабын ашу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің жиыны өтті. Шараға партияның Саяси кеңесінің мүшелері мен қоғам белсенділері қатысты. Жиын барысында Сайлауалды штабтың үгіт-насихат кампаниясына дайын екендігі айтылды. Кандидаттың сайлауалды бағдарламасы әзірленді, үлестіру материалдары, сыртқы жарнаманың дизайны әзірленді, өңірлердегі мәселелер жөнінде халықтың пікірін жинау бойынша үлкен жұмыс жүргізілді. Жиынға қатысушылар Сайлауалды штабтың жетекшісі қызметіне кандидатқа дауыс берді. Жетекшілікке бірауыздан  ЖСДП төрағасы Асхат Рахымжанов сайланды. Партия басшысы жиналғандар алдында үгіт-насихат алдындағы жұмыс қорытындысын баяндады. Спикердің айтуынша, ЖСДП атынан кандидатты қолдау мақсатында елдің түкпір-түкпірінен 121 мыңнан аса қол жиналған. Оның 119 мыңнан астамы есепке алынды. «Өкінішке қарай, аумақтың сайлау комиссиялары жиналған қолдың бір бөлігін түрлі сылтаумен кері қайтарды. Бұған қарамастан біз заңнамада белгіленген көлемді артығымен жинадық», – деп хабарлады Сайлауалды штаб жетекшісі Асхат Рахымжанов. Штаб өкілдерінің мәлімдеуінше, ЖСДП кандидаты үгіт-насихат науқанын Қарағанды облысынан бастады. Кандидат Шахтинск қаласына жолға шықты, ол жерде жергілікті сайлаушылармен ертеңге кездесу жоспарланған. Жиын барысында штаб өкілдері алдағы жұмыс барысын талқылады, сондай-ақ штаб алдында тұрған негізгі мақсаттар мен міндеттерді белгіледі.