Сенат Төрағасы өнер қайраткерлерімен кездесті
Сенат Төрағасы өнер қайраткерлерімен кездесті
263
оқылды
Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Көркемөнер академиясы» қоғамдық қорының 15 жылдығына орай Ұлттық музейдің бастамасы бойынша ұйымдастырылған «Ұлы дала сазы» көрмесіне барды. Мәулен Әшімбаев мұражайды аралау барысында академия мүшелерімен әңгімелесіп, жаңа жәдігерлермен танысты. Экспозицияда 150-ден астам кескіндеме, 30-дан астам графикалық жұмыс және мүсін бар. Олардың көпшілігі соңғы жылдары дүниеге келген және әлі де өнерсүйер қауымының назарына ұсынылмаған туындылар. Сенат Төрағасы мәдениет пен өнер ұлттық ерекшелікті сақтаудағы аса маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.
«Көшпенділердің эстетикасы мен дүниетанымы өте терең және ерекше. Көшпенділерде адам табиғатпен етене жақын болып, әлемнің үйлесімді бөлігіне айналды. Қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау номадтардың дүниетанымындағы маңызды ерекшеліктердің бірі болды. Осының бәрі көшпелі халықтардың бейнелеу өнерінде де көрініс тапты», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасының пікірінше, бүгінде көптеген отандық суретші көшпенділердің өнерін заманауи тұрғыда зерделеп, оны әлемдік мәдениеттің маңызды бөлігіне айналдыру жолында еселі еңбек етіп келеді.
«Суретшілер арасындағы біздің құрметті ақсақалымыз Амандос Ақанаев номадтардың эстетикасы туралы өз түйген танымды бейнелеуге бүкіл өмірін арнады. Оның бұл бағытта қол жеткізген жетістіктері ауқымды, лайықты шәкірттер шоғырын тәрбиеледі», – деген Мәулен Әшімбаев өнер қайраткеріне алғысын білдірді.
Сенат Төрағасы сонымен қатар «Ұлы дала сазы» көрмесі ұлттық кодты сақтау тұрғысынан аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. «ҚР Өнер академиясы» қоғамдық қоры» Қазақстан аумағында да, одан тыс жерлерде де түрлі көрме өткізуде белсенді қызмет атқарып келеді. «Ұлы дала сазы» көрмесі Қазақстанның бейнелеу өнерін кеңінен қанат жаюы және академия мүшелерінің шығармашылығын дәріптеу мақса­тында өткізіліп отыр. Көрменің ашылу салтанатына Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов, дипломатиялық корпус пен шығармашылық зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениеттанушылар қатысты.