Қорғансыздың күші – күресте
Қорғансыздың күші – күресте
660
оқылды
Зорлық-зомбылық белең алған жерде ешқандай әділет болмасы анық. Сондықтан мемлекет Әділетті Қазақстанды құруда отбасындағы әлімжеттікпен күреске баса мән бермек. Биылдың өзінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 668 қылмыс тіркелді. Полицияға 100 мыңнан астам шағым түскен, 7,5 мыңнан аса әйел дағдарыс орталықтарынан пана іздеген. Қылмыс өршіп бара жатқандай. Айтпақшы, отандық кейбір дағдарыс орталықтары әйелдерді төбелесуге үйрете бастапты. Сондай-ақ осы күресте түрлі көзбояушылық та анықталды. Тәңірден басқа тірегі жоқ «Жол патрулі» және «Жан Ботанов» қоғамдық ұйымдарына Орал қала­сының тұрғыны жүгініпті: әйел құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне шағымданған.
«Жас келіншекті күйеуі – әкімшілік полиция капитаны Жексенов үнемі соққыға жығатыны белгілі болды. Жұбайы кезекті рет мас күйде оралып, үйінде 3 жасар қызымен отырған зайыбын төмпештеуге кіріседі. Полицей өз жұбайын шашынан сүйреген күйі суға түсетін бөлмеге сүйреген. Жолда оны суға батырып өлтіру ниетін жариялайды. Келіншектің көрешегі бар екен, бақытына орай дәл сол күні жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты суды уақытша тоқтатып тастапты. Краннан су ақпайтынына көз жеткізген Жексенов әйелін жұдырығымен-ақ соққылап өлтіруге бел буады. Содан аяусыз ұрғылап жатқанда бүлдіршін шыңғырып жылап қоя берген. Соған селт етіп, елеңдеген күйеуін итеріп үлгерген әйел қашқан бойы көршілеріне тығылады», – деп баяндады қоғамдық ұйым өкілдері.
Көршілері полиция мен жедел жәрдем жеткенше, байғұс анаға араша болады. Зомбылық салда­рынан келіншектің мұрны мен жағы сынған. Бас сүйегі зақым­данған. Оңалтудың азапты, ұзақ процесінен өтуге мәжбүр. Оны ұдайы бас ауруы, ұйқысыздық, түнгі қорқынышты түстер қинай­тыны белгілі болды. Бұдан бөлек, анасына қарсы асқан қатыгездікке куә болған үш жасар бөбек пси­хологиялық жарақат алып, тыр­нақтарын қанағанша кеміріп тас­тайтынды шығарған. Өкінішке қарай, шиеленіс құқықтық өрісте шешілмеген. Әрине, келіншек әл­сіз жанға жұдырық сілтеп, қол көтеруден арланбайтын қызғаншақ күйеуімен ажыраса алды. Алайда қоғамдық ұйымдардың құқық­танушы мамандарының мәлі­ме­тінше, Орал полициясы әйелдің шағымын қарауға ықылас таныт­папты: полиция өкілдеріне қара күйе жақпаған жөн екенін мең­зеген. Қылмыстық іс материал­дарында ауыр жарақат әйелдің сүрініп құлау салдарынан болғаны жазылған көрінеді. Әділдік іздеген әйел қоғам белсенділерінен көмек сұраған. Ақырында Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, Жексенов теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды. Жауыр сөздей естілер, бірақ халықтың қорғаны болуы тиіс тәртіп сақшылары осындай болса, «тұз сасыса, не себесің?» Жәбірленуші неге қорғаныстан бас тартады? Ішкі істер министрі Марат Ах­метжанов бүгінде тұрмыстық зор­лық-зомбылық өзекті, көкейкесті мәселелердің біріне айналғанын жасырмады. Отбасы тыныштығы – қоғамның тұрақтылығы, мем­лекеттің орнықты дамуы деген сөз. Сондықтан бұл мәселені Мемлекет басшысы ерекше назарына алып, бірқатар тапсырма берген екен. Атап айтқанда, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық жә­не балаларға қарсы ауыр қыл­мыс­тар үшін жаза қатайтылды. Поли­цияның осы мәселемен шұғыл­да­натын жеке бөлімшелері нығай­тыл­ды. Жәбірленушімен жұмыс­тың ескі тәсілдері қайта қаралды. ІІМ басшысының айтуынша, бұл проблемаға қоғамның көз­қа­расы өзгерді. Бұрынғыдай, «ұрса, сүйгені де» немесе «бас жарылса, бөрік ішінде» сияқты кесірлі тү­сініктен жұртшылық арылу үстінде. Соның арқасында зорлық-зом­бы­лық құрбандары мұндай фактілер туралы полицияға белсенді хабар­лай бастады. Биыл полицияға тұр­мыстық қорлық туралы 100 мың­нан астам шағым түскен. Оның көп­шілігі Шымкент, Астана, Ал­маты қалаларында, сондай-ақ Қа­рағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында тіркелді. Алайда олардың 60 пайызы бойынша по­лиция тиісті шара қолдана алмаған. Өйткені полиция оқиға орнына келген кезде жәбірленушілер өті­ніш беруден бас тартқан. Ішкі істер министрінің бай­ламынша, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жәбірленушінің өтінішінсіз полицейлер «үй тирандарын» жа­заға тарта алмайды. Салдарынан олар әйелін қанша ұрса да жа­заланбайтынын сезініп, еркінсіп, құтырып кетеді. Қол жұмсау әдетке айналып, түбінде ауыр зардаптарға соқтырады. Осы жылдың өзінде отбасылық-тұрмыстық салада 668 қылмыс жасалған. Яғни, ойраншыл құрбанын не мертіктірген, не өлті­ріп тынған сыңайлы. [caption id="attachment_223571" align="aligncenter" width="1803"]зорлық-зомбылық © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Сонда тәртіп сақшылары тәртіп орнату үшін не бітірді?
– Министрлік тұрмыстық зор­лық-зомбылық туралы дабылдарға қатысты шара қабылдап та жатыр. Жыл басынан бері отбасылық бұ­зақыларға қатысты 35 мың әкім­шілік хаттама толтырылды. Оның ішінде сот шешімі бойынша 10 мың­нан астам адам қамауға алы­н­ды. 8,5 мың адамға ескерту берілді, 675 адамға айыппұл салынды, – деді Марат Ахметжанов.
Оның түсіндіруінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәй­кес жәбірленушімен жұмысты ұйымдастыру тәсілдері қайта қа­ралды. Бұл салада әйел-тергеу­шілердің мамандығы енгізілді. Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау жөніндегі инспекторларға ерекше көңіл бөлінеді. Ішкі резерв есебінен олардың саны 2 есе кө­бейтілген. Бүгінде мұндай лауа­зым­дар әрбір аудандық полиция бөлімшесінде бар. Жалпы, зорлық зомбылықпен күрес бағытына ІІМ қоғам өкілдерін белсенді тартып, 50 үкіметтік емес ұйыммен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді. Көзбояу тірлік күреске кедергі Алда қылышын сүйретіп, қы­тымыр қыс келеді. Үскірік аяз бен ақтүтек боран жәбірленушілерді үйді-үйге қуып тығады, олар зор­лықшылдармен қамалуға мәжбүр болады. Қазақ классиктері шығар­маларында қаскүнемнің ұдайы ұрып-соғуына, тоқтаусыз тепе­рі­шіне шыдамай, далаға қашқан әйелдердің ақ боранда адасып, үсіп өлгені туралы талай жазылды. Қа­зір заман басқа, заң басқа. ІІМ бас­шысының дерегінше, Қазақ­стан­да 57 дағдарыс орталығы от­басылық ойраннан зардап шек­кендерге уақытша баспана беріп, әлеуметтік оңалту қызметін көр­сетеді. Биыл полиция өмірлік қиын жағдайға тап болған 7,5 мыңнан астам әйелді осы орталықтарға жіберді. Олардың 2 мыңнан астамы баспанаға орналасты. Дегенмен орталықтардың саны жеткіліксіз. Мысалы, Шымкентте полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық бо­йынша 11 мың хабарлама келіп түс­кен. Ал ол жерде тек бір ғана дағ­дарыс орталығы бар. Атырау мен Солтүстік Қазақстан облыс­та­рында да ұқсас жағдай. Абай және Қы­зылорда облыстарында мүлдем жоқ. Ішкі істер министрінің ай­туынша, әкімдіктер өңірлерде ор­талықтардың жұмысын ұйымдас­тыруды және осы бағытта мем­лекеттік әлеуметтік тапсырысты ұл­ғайту мәселесін қолға алуы керек.
«Проблеманы тек күштеу, мәж­бүрлеу шарасымен шешу мүмкін емес. Полицияның қылмыстық не әкімшілік шаралары – тек салдар­мен күрес қана. Мәселелердің түп­кі тамыры – әлеуметтік проб­лемаларда жатыр. Оның арасында әлеуметтік теңсіздік, маскүнемдік, нашақорлық, психикалық ауру, құмар ойындармен әуестену, мо­ральдық-адамгершілік құнды­лық­тың әлсіреуі сияқты қоғамдық ке­селдер бар», – деген министр М.А­х­метжанов оны шешу үшін бар­лық мүдделі органдар, әкім­дік­тер, үкіметтік емес ұйымдар, бүкіл қоғам болып жұмылған жөн деді.
Орталықтарды ұстау жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бөлінген қаражат кө­лемі шамамен 1,4 млрд теңгені құ­райды. Мұнда көзбояушылық бар: дағдарыс орталықтарында зар­дап шеккендерге қызметтер жыл он екі ай бойы көрсетіле бермейді. Егер орталық тәулік бойы істесе, 6 айға дейінгі жұмысы қаржылан­дыры­лады. Ал егер жыл бойы жұ­мы­сын жалғастырғысы келсе, қыс­қар­тыл­ған режимге көшуі ке­рек: жәбір­ле­нушілерді күндізгі уақытта, 6 сағат мерзімге қабыл­дайды. Жыл басы­нан орталықтар 3 975 адамды қам­тыды: 3 055 адам медициналық кө­­мек ал­ды. 277 адам жұмысқа ор­на­лас­ты­рылды. 350 бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріне орналас­ты­рылды. 528 адам құжат алды. 764 адам от­басыларымен қайта қауышты.
– Екі фактіге назар аударғым келеді. Біріншіден, өтініш білдір­гендердің 67 пайызы немесе 2 661-і – зорлық-зомбылыққа ұшы­­­раған немесе куә болған ба­лалар. Екін­шіден, қызметтерге көп жүгі­не­тін­дер – негізінен, көп ба­лалы от­ба­сы­лар. 220 осындай от­ба­сы дағ­дарыс орталығында бас сау­ға­лаған. Көмек сұрағандардың ең көп саны Пав­лодар облысында – 636 адам, Же­тісу облысында – 470 адам, Шым­кентте – 358 адам, Ал­маты қала­сында – 343 адам. Соны­мен қатар жоғары көрсеткіш Ас­танада (290 адам), Қызылорда (271 адам), Ақтөбе (265 адам) және Жам­был (238 адам) облыстарында да бай­қалады, – деді Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Тамара Дүйсенова.
Тағы бір көзбояушылық: орта­лықтардың орналасқан жері зор­лық-зомбылық құрбандарының көпшілігі үшін қолжетімді емес. Автобус қатынамайтын жерлерде ашылған. Ал жәбірленушілердің көліктері бола бермейтіні, таксиге ақшасы жетпейтіні түсінікті. Пав­лодар, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарынан басқа өңірлерде дағдарыс орталық­тары­ның желісі дамымаған. «Expert» қоғамдық ұйымының директоры Мирхат Серікбаевтың айтуынша, отбасылық зорлық-зом­­­былыққа қарсы «Өз құқығыңды қор­ға» жобасы аясында nasilyunet.kz порталы ашылды. Тұғырнама аясында жәбірленушілерге заңгер­лер құқықтық көмек көрсетеді, ал психотерапевт өзіңді қорғаудың пси­хологиялық тәсілдеріне үйре­теді. Ең бастысы, әлімжеттікке ұшы­раған әйелдер Qorgan Self Defense курсы аясында өзін-өзі қорғау (самооборона) тәсілдерін меңгеріп шыға алады. Себебі күні кеше ғана қорғансыз құрбан болған адамнан келесі жолы кенет қар­сы­лық көріп, тұмсығы бұзылып, таяқ жесе, тиранның беті қайтып, саба­сына түсуі әбден мүмкін. Психолог Бақыткүл Сыдықованың ай­туын­ша, зорлықшылдарды шабыт­тан­дыратыны да – жазасыздық сезімі. Мемлекет жазалауға қауқары жетпегенде, әр адамның өзін-өзі қорғауға мүмкіндігі болғаны абзал. Осы аптада зорлық-зомбылықпен күрес мәселелері Үкіметтің отыры­сында жеке қаралды. Сонда тек қорлық құрбандарымен ғана емес, құқықбұзушылармен де оңалту жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылды. Осыған орай Денсаулық сақтау министрлігіне психо-түзету курстарын қолданудың алгоритмін әзірлеп, тиісті мамандар дайындау жұмыстарын ұйымдастыру тапсы­рылады. Қорыта айтқанда, билік бұл проблеманы шешудің мемлекет пен қоғам үшін маңыздылығын тү­сініп отыр. Оны шешуге ел бас­шылығының да саяси ерік-жігері бар. Яғни, проблеманы жасырып, жауырды жаба тоқу деген жоқ, ашық мойындалды. Ендігі ең ке­ректісі – айтылған істер, алға қо­йыл­ған міндеттер сөз жүзінде қал­­май, пәрменді орындалуы шарт.