Мерейтойға жиналған қауым Асанбай Асқаровтың 100 жылдығына арналған республикалық ғылыми конференцияға қатысты. Конференцияға қатысушыларға алдымен А.Асқаровқа арналған деректі фильм көрсетілімі ұсынылды. Деректі фильмде біртуар азаматтың өмір жолы, ел үшін атқарған шаруалары, жетістіктері мен соқтықпалы соқпалы өмірі де көрсетілді. Одан соң алғашқы сөзді алған Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қоғам қайраткерінің елі үшін атқарған ерен еңбегін, қажыр-қайратын сөз етті. «Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров саналы ғұмырында шарықтауды да, құлдырауды да басынан кешті. Халқының сүйспеншілігіне, құрметіне бөленді. Елге қызмет етудің үлгісін көрсеткен Асанбай Асқаровтай тұлғаның аңызға бергісіз еңбегін осы залда отырған ағалар көзбен көрген. Оның жарқын бейнесін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу біз үшін азаматтық парыз, мәртебелі міндет. Оның бұл қасиеттері Алматы, Жамбыл және Шымкент облыстарында партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарған жылдары ерекше көрініс берді. Үш облыстың тізгінін ұстаған 26 жылда Асқаровтай ерен тұлға елдің қасиетін, жердің қадірін кемел жүрекпен сезініп, өзі өскен өлкесінің өркендеуі жолында аянбай еңбек етті. Шымкент шаһарының гүлденуіне де өлшеусіз үлес қосты. Асқаровтың кезінде салынған көптеген көпқабатты үйлер мен дендросаябақ, хайуанаттар бағы және спорт кешендері бұл күндері қаламыздың ең көрікті жерлерінің бірі», –деді қала басшысы.
Сонымен қатар, Асанбай Асқаров есімін ұрпақ жадында жаңғырту үшін бүгінде біршама істер атқарылып жатқаны, қазіргі таңда Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражай бар екені айтылды. Осыдан екі жыл бұрын шаһарымыздағы дендросаябаққа Асанбай Асқаровтың есімі берілген.
Бұдан кейін ғылыми конференцияда асқаровтанушы Мұхтар Қазыбек Асқаровты ХХ ғасырда халқымызға ерекше еңбегі сіңген 3 адамның бірі деп атап өтті. Ал, профессор Сәбден Оразалы болса, оның тұлғалық келбетінің әлі ашылып болмағанын, мемлекеттік басқаруда рейтинг қойылса Асқаров сөзсіз бірінші орынды еншілейтінін жеткізді. «Асқаровтың бойында ерекше 10 қыры бар. Ол басқарудың шыңына шыққан адам», – деді ол.
Жиында бұдан кейін сөз алғандар да тау тұлғаның қасиеттері мен ерекшелігіне тоқталды. Өз кезегінде ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері бүгінгідей конференцияның тарихтан тағылым алып, болашаққа нық қадам жасауға арналған бағдаршам боларын айтып өтті. «Асанбай Асқаров есімі – шымкенттіктер үшін ғана емес, күллі қазақ халқы үшін алтын әріппен жазылған есім. Тау тұлғаның өмір жолы мен жасаған еңбегі ұлт жадында мәңгі сақталмақ», – деді олар.
Мерейтой Асанбай Асқаров атындағы дендросаябақта ағаш отырғызу рәсіміне, Ж.Шанин атындағы қазақ академиялық драма театрында М.Байғұттың «Асқаровтың ақ қайыңдары» қойылымына ұласты.
Шымкент қаласы