Тәуелсіздік декларациясы мемлекеттіліктің негізін құрады
Тәуелсіздік декларациясы мемлекеттіліктің негізін құрады
© коллаж: Әсел Балтақызы
970
оқылды
Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1990 жыл­дың 25 қазанындағы Қа­зақ КСР Жоғарғы Ке­ңе­сінің қаулысы негізінде қа­был­дан­ды. Ел тәуелсіз­дігін рә­сім­деудің бастапқы қа­да­мы болған бұл құжат сол кез­дердегі кеңестік империя кеңістігінде бо­лып жатқан экономикалық және саяси хаос жағда­йын­да әзірленді. Рас, КСРО Жоғарғы Кеңесінің басшылығы Қазақстанның мемле­кеттік егемендік туралы декларация қабылдауына алуан түрлі кедергі жасады, сондықтан халқымыз үшін тағдыршешті осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық батыл­дықтың актісі болды. 1990 жылғы 16 қазанда, Декла­рация жарияланғанға дейін он күн бұрын, Қазақ КСР Президенті, Қазақ КСР Компартиясы Орта­лық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.Назарбаев он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мә­жілісіне қатысты. Ол «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның жобасы туралы сөйлеген сөзінде былай деген бо­латын: «... біз Декларациядан рес­публикадағы ұлттық мемлекеттілік мәселесін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісе алмаймыз. Бізді бұл жағдай КСРО-ның басқа ұлттарымен тең емес жағдайға түсіреді әрі бұны қазақ халқы дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Одақтас республикалардың осыған ұқсас декларацияларының кез келгенін алыңыз – барлық жерде ұлттық мемлекеттілік туралы ереже бар. Бұл тезисті біздің құжаттан тек республика аумағындағы қазақ халқының саны басым емес деген сылтаумен алып тастау саяси тұр­ғыдан дұрыс емес. Қазақ халқы өзі­нің бүкіл тарихында интерна­цио­нализм идеяларын ұстанатынын дә­лелдеп, өздеріне деген мұндай көз­қарасқа лайық емес еді». Сол күні он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің II сессиясының кешкі пленарлық оты­рысында Президент Декла­рацияның қайта қаралған жобасына аса ыждаһаттықпен зер сала үңілді. Сырттай дауыс беру процесінде 261 депутат құжатты қолдап дауыс бер­се, оған 18-і қарсы шықты, 2 адам қалыс қалды, бір депутат дауыс бер­меді. Сөйтіп, дауыс беру нәтижесі бойынша Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Республи­касының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады. Декларация 17 тармақтан тұрды. Мұнда алғаш рет Қазақ КСР-нің басқа егемен республикалармен ерікті одаққа бірігіп, келісімшарт негізінде қатынас жасай алатын еге­мен мемлекет мәртебесін жа­риялады. Ел тарихында тұңғыш рет демократиялық құқықтық мемлекет құру ел дамуының мақсаты ретінде жарияланды, сол арқылы азаматтық қоғамның қалыптасу негізі қаланды. Алғаш рет социалистік мемлекеттің нормативтік заңнамалық актісінде мемлекеттің негізі таптық көзқарас тұрғысынан қаралмады және одан «жұмысшылар», «шаруалар» және «интеллигенция» ұғымдары алынып тасталды. Жабай Қалиев Декларацияда республиканың тең құқылы шарт негізінде егеменді республикалар одағына кіруден бөлек, алғаш рет Қаз КСР-нің еге­менділігі үшін аса принципті мем­лекеттік-құқықтық ережелер бекі­тілді. Мемлекеттік егемендігінің бар­лық атрибуттары көрсетілді: ау­мағы, азаматтық және ұлттық тең­дік, мемлекеттік биліктің үстемдігі, тәуелсіздігі мен толыққандылығы, ұлттық Конституция мен заңдардың үстемдігі, меншіктің алуан түрлері, мемлекеттік бюджеті және қаржы-несие жүйесі, мемлекеттік қауіп­сіздік пен ішкі істер органдарының халықаралық қатынастарда тәуелсіз субъекті ретіндегі құқығы, сондай-ақ мемлекеттік егемендік нышан­дары – Елтаңба, Ту және Әнұран. «Қазақ КСР-нің мемлекеттік еге­мендігі туралы» Декларация Қа­зақ­станды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде бекіткен алғашқы консти­туциялық маңызы зор акт болып табылды. Ол тәуелсіз қазақ мем­лекеттілігін қалыптастырудың бас­тауы және ұлттық заңнаманы құру­дың негізі болды. Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп танылды. Ал Қазақстан хал­қы ұғымына республикадағы барлық этнос өкілдері жатқызылды. Мемлекеттік егемендік жарияла­нып, елдің саяси-құқықтық тәуел­сіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәс­түрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндетте­рінің бірі ретінде көрсетілді. Конс­ти­туциялық құрылысқа қарсы жа­салатын кез келген күштеу әре­кет­тері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономи­калық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Сондай-ақ республиканың барлық азаматтары лайықты және теңқұ­қылы жағдайда өмір сүру керектілігі айтылды, экологиялық қатер көзі саналатын объектілердің жұмысына тыйым салатын экологиялық қа­уіпсіздік қағидаттары бектілді. Декларацияда: «Қазақ КСР-і Рес­публика үлесіне сәйкес жалпы­одақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, рес­публика аумағында ядролық қа­рудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. Сондай-ақ «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға құқы бар» делінді. Мемлекеттік билікті заң шыға­рушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принципі жарияланды. Прези­дент – Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі деп танылды. Заң шы­ғарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырды, ал жоғарғы сот билігін Қазақ КСР Жоғарғы Соты жүзеге асырды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Дек­ларация қағидаттары негізінде «Қа­зақстан Республикасының Мем­ле­кеттік тәуелсіздігі туралы» Конс­ти­туциялық заң қабылданды. Ол «Тә­­­уелсіздік күні» ретінде атап өтіледі. 1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конститу­ция­лық заң 1991 жылы 16 желтоқсанда жаңа мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін қалады. Қос құ­жатта қамтылған негізгі мемле­кет­тік-құқықтық және қоғамдық-сая­си идеялар 1993 және 1995 жыл­дардағы ел конституциясында және республиканың егемен мемлекет мәртебесін жүзеге асыратын заң­на­малық актілерінде көрініс тапты.

Жабай ҚАЛИЕВ, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары