Мемлекеттік егемендік туралы декларация 1990 жылдың 25 қазанындағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы негізінде қабылданды. Ел тәуелсіздігін рәсімдеудің бастапқы қадамы болған бұл құжат сол кездердегі кеңестік империя кеңістігінде болып жатқан экономикалық және саяси хаос жағдайында әзірленді.
Рас, КСРО Жоғарғы Кеңесінің басшылығы Қазақстанның мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдауына алуан түрлі кедергі жасады, сондықтан халқымыз үшін тағдыршешті осы саяси-құқықтық құжатты әзірлеу азаматтық батылдықтың актісі болды.
1990 жылғы 16 қазанда, Декларация жарияланғанға дейін он күн бұрын, Қазақ КСР Президенті, Қазақ КСР Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Н.Назарбаев он екінші шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің мәжілісіне қатысты. Ол «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның жобасы туралы сөйлеген сөзінде былай деген болатын: «... біз Декларациядан республикадағы ұлттық мемлекеттілік мәселесін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісе алмаймыз. Бізді бұл жағдай КСРО-ның басқа ұлттарымен тең емес жағдайға түсіреді әрі бұны қазақ халқы дұрыс түсінбей қалуы мүмкін. Одақтас республикалардың осыған ұқсас декларацияларының кез келгенін алыңыз – барлық жерде ұлттық мемлекеттілік туралы ереже бар. Бұл тезисті біздің құжаттан тек республика аумағындағы қазақ халқының саны басым емес деген сылтаумен алып тастау саяси тұрғыдан дұрыс емес. Қазақ халқы өзінің бүкіл тарихында интернационализм идеяларын ұстанатынын дәлелдеп, өздеріне деген мұндай көзқарасқа лайық емес еді».
Сол күні он екінші сайланған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің II сессиясының кешкі пленарлық отырысында Президент Декларацияның қайта қаралған жобасына аса ыждаһаттықпен зер сала үңілді. Сырттай дауыс беру процесінде 261 депутат құжатты қолдап дауыс берсе, оған 18-і қарсы шықты, 2 адам қалыс қалды, бір депутат дауыс бермеді. Сөйтіп, дауыс беру нәтижесі бойынша Жоғарғы Кеңес «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияны қабылдады. Декларация 17 тармақтан тұрды. Мұнда алғаш рет Қазақ КСР-нің басқа егемен республикалармен ерікті одаққа бірігіп, келісімшарт негізінде қатынас жасай алатын егемен мемлекет мәртебесін жариялады.
Ел тарихында тұңғыш рет демократиялық құқықтық мемлекет құру ел дамуының мақсаты ретінде жарияланды, сол арқылы азаматтық қоғамның қалыптасу негізі қаланды. Алғаш рет социалистік мемлекеттің нормативтік заңнамалық актісінде мемлекеттің негізі таптық көзқарас тұрғысынан қаралмады және одан «жұмысшылар», «шаруалар» және «интеллигенция» ұғымдары алынып тасталды.
Декларацияда республиканың тең құқылы шарт негізінде егеменді республикалар одағына кіруден бөлек, алғаш рет Қаз КСР-нің егеменділігі үшін аса принципті мемлекеттік-құқықтық ережелер бекітілді. Мемлекеттік егемендігінің барлық атрибуттары көрсетілді: аумағы, азаматтық және ұлттық теңдік, мемлекеттік биліктің үстемдігі, тәуелсіздігі мен толыққандылығы, ұлттық Конституция мен заңдардың үстемдігі, меншіктің алуан түрлері, мемлекеттік бюджеті және қаржы-несие жүйесі, мемлекеттік қауіпсіздік пен ішкі істер органдарының халықаралық қатынастарда тәуелсіз субъекті ретіндегі құқығы, сондай-ақ мемлекеттік егемендік нышандары – Елтаңба, Ту және Әнұран. «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация Қазақстанды тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде бекіткен алғашқы конституциялық маңызы зор акт болып табылды. Ол тәуелсіз қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың бастауы және ұлттық заңнаманы құрудың негізі болды.
Қазақстан халқы Қазақ КСР-індегі егемендіктің жалғыз иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі деп танылды. Ал Қазақстан халқы ұғымына республикадағы барлық этнос өкілдері жатқызылды. Мемлекеттік егемендік жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде көрсетілді. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды. Сондай-ақ республиканың барлық азаматтары лайықты және теңқұқылы жағдайда өмір сүру керектілігі айтылды, экологиялық қатер көзі саналатын объектілердің жұмысына тыйым салатын экологиялық қауіпсіздік қағидаттары бектілді.
Декларацияда: «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. Сондай-ақ «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға құқы бар» делінді.
Мемлекеттік билікті заң шығарушы, атқарушы және сот билігіне бөлу принципі жарияланды. Президент – Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі деп танылды. Заң шығарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырды, ал жоғарғы сот билігін Қазақ КСР Жоғарғы Соты жүзеге асырды.
1991 жылы 16 желтоқсанда Декларация қағидаттары негізінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Ол «Тәуелсіздік күні» ретінде атап өтіледі.
1990 жылғы 25 қазандағы «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» Декларация мен «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң 1991 жылы 16 желтоқсанда жаңа мемлекеттің конституциялық-құқықтық негізін қалады. Қос құжатта қамтылған негізгі мемлекеттік-құқықтық және қоғамдық-саяси идеялар 1993 және 1995 жылдардағы ел конституциясында және республиканың егемен мемлекет мәртебесін жүзеге асыратын заңнамалық актілерінде көрініс тапты.
Жабай ҚАЛИЕВ,
Мемлекет тарихы институты
директорының орынбасары