Қазақстан Азаттығын жариялағалы оның экономикасы, мемлекеттің қуаты, халықтың әл-ауқаты көп өзгерді. Еліміз экономикалық дамудың қазақстандық моделін қалыптастырып, соған кезең-кезеңмен көшті. Бұл макроэкономикалық көрсеткіштердің артуына, халық тұрмысының едәуір жақсаруына ықпал етті. Дегенмен бірқатар ғалым, сарапшылар ел егемендігін жариялаған 1990 жылы республиканың экономикалық дамуы жоғары болғанын, өнеркәсіптік өндірісі өркендегенін, оның бәрі кейінгі жылдардағы «есеңгірету терапиясы», жосықсыз жекешелендіру салдарынан нашарлағанын айтып жүр. Шынымен солай ма? Азаттық алған тұста қандай едік? Америкалық саясаттанушы, зерттеуші, тарихшы, Орталық Азия бойынша маман Марта Брилл Олкотт Карнеги қорының қолдауымен жарияланған «Қазақстандағы кеңес мұрасы» атты еңбегінде қызықты байлам жасайды: егемендік алған тұста Қазақстан Африка не Латын Америкасы елдеріндей артта қалған емес, белгілі бір деңгейде индустриясы дамыған елдердің бірі болды.
«Ешқандай дау тудырмас факті бар: Қазақстанның экономикалық диверсификациялануының негізі елді Д.Қонаев басқарған жылдары қаланды. Республика астанасы Алматы жасыл желекке көмілу сыртында заманауи космополиттік мегаполис бейнесіне енді. Ұлан-байтақ елдің төсінде өндіріс орындарының көрігі қызды. Республика жаңа инфрақұрылымдарды түзуге зор қаражат бағыттады. Ауылда қаншама суармалы жерлер пайда болды. Дала төрт түлік малға толды. Білім беруге мемлекеттік инвестициялар молынан салынды. Кеңес Одағында тоқырау заманы болып жатқанда, Қазақстанда осындай көрініс орнады», – деді Марта Брилл Олкотт.Ендеше осының бәрі артынша қайда кетті? Неге индустриялық дамыған Қазақстан 90-шы жылдары алапат дағдарысқа килігіп, экономика күйреді? Белгілі ғалым, экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгелов сол кездегі экономиканың екі ерекшелігіне назар аудартады. Біріншіден, КСРО қабылдаған Жалпыодақтық еңбек бөлінісі және кооперациясы тұжырымдамасы аясында Қазақстанның бай табиғи ресурстары барынша пайдаланылды, шикізат сыртқа әкетіліп, бізге шаңы қалды. Екіншіден, Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ еліне ұжымдарымен бірге көшірілген кәсіпорындар мен сан алуан жабдықтар негізінде кейін отандық машина жасау, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салалары өркен жайды.
«Бұл жердегі ең ірі проблема сол, қазақстандық экономика КСРО-ның бірыңғай, терең интеграцияланған халық шаруашылығы кешенінің құрамдас бөлігі ретінде өзге одақтас республикалардың экономикаларына қатты тәуелді болды. Қазақстаннан алапат ауқымда шикізат арзанға әкетілді, оның орнына еліміз өзге одақтастардан үлкен көлемде дайын өнімді қымбатқа сатып алды. Республикааралық тауар айналымдағы қайшылықтар, осындай қатты деформацияланған құрылымы қазақстандық экономиканы қасақана жеңілісті жағдайда қалдырды. Ал КСРО ыдырап, жеткізілім тізбектері бырт-бырт үзілгенде әрі республикалар нарықтық экономикаға көшкенде әлгі аталған факторлар Қазақстандағы өндірістің терең шыңырауға ұзақ уақыт бойы құлдырауына соқтырды. Бұл экономикалық дағдарыс тудырды», – деп түсіндірді Арыстан Есентүгелов.Бодан елдің байлығы өз аузына жетпеді Орталықтандырылған бөліс бойынша Қазақстаннан Одаққа барлық мұнайдың 71%-ы, мазуттың – 100%-ы, машиналар мен жабдықтардың – 80-100%-ы, синтетикалық каучуктың – 86%-ы, тракторлардың – 60%-ы, темір рудасының – 55%-ы, негізгі химия өнімдерінің – 54%-ы, қара металдың – 46%-ы, көмірдің – 43%-ы, түсті металдың – 37%-ы әкетілді. Қалғаны да Қазақстанның қажеттіне жаратылмады: үлкен бөлігі елімізде орналасқан одақтық құрылымдарды, қорғаныс өнеркәсібін қамтуға, яғни одақтық мәселелерді шешуге жұмсалды. Қазақстанға теміржол саласындағы қажеттілігінің 96%-ын, жеңіл өнеркәсіп жабдықтарының – 95%-ын, химия және мұнай өнеркәсібі саласындағы жабдықтардың – 85%-ын, металлургияда – 72%-ын, тұрмыстық аспаптардың – 60%-ын өзге одақтастарынан тасуға тура келген. Ғалымның дерегінше, Қазақстан конструктивті материалдар, халық тұтынатын тауарлар, электр энергиясы, машиналар, жабдықтар және басқасы бойынша өзін жете қамти алмады. Қазақстан түрлі салада өз мұқтаждықтарының 20-дан 100%-ға дейінгісін өзгелерден тасып, өтеуге мәжбүр болды. Бұл жайт қосылған құны жоғары өнім шығаратын өндіріс орындары бар өзге одақтастарға: «Қазақстанды біз асырап отырмыз» деп кергуіне себеп болды. Өзге республикаларға қарағанда Қазақстанда тауар тапшылығы жоғары еді. А.Есентүгеловтың пайымдауынша, кеңес заманы аяқталар тұста Қазақстан техникалық және технологиялық тұрғыдан артта қала бастады. Жабдықтар жаңартылмады. 90-шы жылдары бұл процесс тек күшейді. 1990 жылы Қазақстанда көптеген өнеркәсіптік кәсіпорын физикалық және моральдық тозған техника мен технологияларда жұмыс істеуін жалғастырды. Сол кезде ескірген жабдықтардың, станоктардың, қондырғылардың және басқасының жалпы үлесі 42%-ға, ал кейбір салада 70%-ға жетті. Қорытынды тұжырым қандай? Ия, 1990 жылы Қазақстан индустриялық өркендеген елдің бірі болды. Алайда КСРО-ның «шикізат қоймасы» рөлін атқарып, қазба байлықтарын негізінен сыртқа шикізат күйінде сатуға мәжбүрленді. Ал өңделген өнімдері халықаралық стандарттарға сәйкес келмеді. Сапасы жөнінен шетелдік өнімдерге бәсекеде шыдас бермеді. Кеңес Одағы келмеске кетіп, өзге одақтастар ол өнімдерді сатып алуды тыйғанда, қоймалары керексіз тауарға толған отандық көптеген кәсіпорын жабылып тынды. Қазақ дәуірлеген заман туды Жасыратыны жоқ, кейбір сала әлі күнге 1990 жылғы көрсеткішіне жете алмапты. Мысалы, 1990 жылы Қазақстанда 9,8 миллион бас ірі қара мал, 35,7 миллион қой мен ешкі, 59,9 миллион құс өсіріліпті. Салыстырсақ, 2022 жылғы тамыздағы жағдай бойынша ірі қара мал саны 9,4 миллионды құрады. Қой мен ешкі саны – 21 миллион, құс саны – 48 миллионнан әзер асты. 1990 жылы Қазақстан бір жылда 2 млн 633,7 мың тонна ет өндіріпті. Ал 2020 жылы республика бір жылда 931,4 мың тонна ет өндіре алды. Егемендік алған жылы Қазақстан аграршылары 5 миллион 641,6 мың тонна сүт тапсырыпты. Ұлттық статбюро дерегінше, 2021 жылы Қазақстанда 3 млн 925 мың тонна тауарлық сүт өндірілді. Тәуелсіздік жылдарында мал шаруашылығы дағдарыстан құтылып, даму динамикасына қол жеткізді. Соған қарамастан, сала 1990 жылғы биігіне әлі күнге шыға алмай келеді. Экономика ғылымдарының кандидаты, аграрлық сала зерттеушісі Жанар Жаңабаеваның түсіндіруінше, бұған бірнеше қолайсыз фактор ықпал етіп отыр. 90-шы жылдары мал шаруашылығы өнімдері қаптаған кеңшар (совхоз), ұжымшар (колхоз) аясында орталықтандырылған түрде өндірілді. Ал қазір Қазақстанда ұсақ тауарлы өндіріс басым. Колхоз-совхоздар жекешелендіріліп, таратылғанда төрт түліктің көбі жеке қолда шоғырланды. Мемлекет оларды бақылай алмайды. Қорасында мал ұстайтын жеке тұлғалар асылтұқымды мал шаруашылығын қарқынды дамытуға үлес қоспайды. Асылтұқымды малды сатып алуға да, оларды сапалы жемазықпен қамтуға да жекенің қаражаты жетпейді. Салыстырсақ, Беларусьте малдың 100%-ға жуығы, Ресейде – 50%-дайы ұйымдасқан ірі шаруашылықтарда, фермерлік шаруашылықтарда шоғырланған. Қалай болғанда, Азаттық Қазақ елінің бағын ашты. Бірқатар секторларды айтпағанда, экономиканың барлық саласы дамудың жаңа даңғылына шықты. Қазақстандықтардың әл-ауқаты әлдеқайда жақсарды. Медицина дамыды, бұрын тек шетелде ғана мүмкін болған операциялардың біраз түрі қазір өзімізде жасалады. Нәтижесінде, 1990 жылы Қазақстан халқының орташа өмір сүру ұзақтығы 66,7 жас қана болса, 2021 жылы 70,2 жасты құрады. Мемлекет 2025 жылы өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін өсіру міндетін қойып отыр. Айтпақшы, 1990 жылы азат Қазақстан республикасы алғаш рет БҰҰ Даму бағдарламасының «Адами даму индексі» рейтингіне еніпті. Сол жылы ҚазКСР-і 0,650 бал жинап, жүздікке де кірмеді: адами капиталы орташа дамыған санатта болды. Ал 2022 жылы 0,811 балмен 56-шы орын алды. Алдыңғы жылдары 50-ші тұғырда тұрақтағанын ескерсек, қазір біршама төмендеді. Бірақ соның ішінде еліміз «адами капиталы өте жоғары елдер» санатында есептеледі. Біздің алдымызда тұрған жақын көршілеріміз Түркия, Черногория, Кувейт, Оман сияқты елдер. Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 1990 жылы 7 676 долларды құрапты. Ал 2021 жыл қорытындысында бұл көрсеткіш 11 265 доллар болды. Бір қарағанда, сонша көп өспеген. Әйтсе де, осы аралықта халық саны да өскенін назарға алған жөн. Егер Егемендік декларациясына қол қойылған 1990 жылы қазақстандықтардың саны 16,35 миллион адамды құраса, ал 2022 жылғы қыркүйекте Қазақстан азаматтарының саны 19 млн 666,8 мың адамнан асты. Әрине, қазақстандықтардың сол кездегі өмірін қазіргімен салыстыруға болмайды. 1990 жылға кері қайтып, сондағы қазақстандықтарға азаттық алған қазақ елінің азаматтары 30 жылдан соң әмиян дегеннің не екенін ұмытып, барлық жерде қалтадағы телефонының көмегімен есеп айырысатын болады десе, бұл бір қиял-ғажайып ертегідей көрінер еді. Сонда республика егемендігін жаһанға жария еткен соң, төл банк жүйесін құруға кірісті. 1990 жылдың желтоқсанында «Қазақ КСР-інің банктері және банктік қызметі туралы» заңы қабылданды. Ал бүгінде қазақ банктерінің ТМД-да теңдесі аз өнімдер ұсынып, елді технологиялық тұрғыдан дамуға жетелегеніне РФ, Беларусь, Украинадан келген релоканттар таң-тамаша болуда. Бұл елдердің ешқайсысы қазір «Қазақстанды біз асырап отырмыз» деп айта алмайды. Азаттық Қазақ елі үшін ордалы жерден орын әперіп, олжалы жерде үлесті қылды. Ғасырлар бойы ұтылумен келген ұлтымыздың ұпайын түгендеп, өзгеге жұтылуға аз-ақ қалған құндылықтарын қайта түлетті. Осыдан 32 жыл бұрын жарияланған қазақтың Егемендігі қуатты мемлекетімізді бақуатты болашаққа жетелеп келеді. Қазақтың шығар биік белестері алда. Ынтымақты бірлігін, берекелі тірлігін сақтаса, халқымыз үшін алынбас асу болмайды.