1990 жылдың 25 қазанында қабылданған Егемендік туралы декларацияның маңызы қандай? Республика күні мен Тәуелсіздік күнінің айырмашылығы неде? Декларацияда қамтылған құқықтық, қоғамдық, саяси идеялар Конституциямызда қалай көрініс тапты? Осы және басқа да мәселелер жөнінде заң ғылымдарының докторы, профессор Жамаладен Ибрагимовпен әңгімелескен едік.
– 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация мен 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңның айырмашылығы неде?
– 1990 жылы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация – саяси-құқықтық құжат қана, оның заңдық күші болмайды. «Декларация» сөзінің мәні «жариялау» дегенге саяды. Бұл саяси құжаттың заңды күші жоқ, оның тараулары мен баптарын ешкім орындауға міндетті емес. Оның мақсаты – барша әлемге, халықаралық қауымдастыққа, одақтас мемлекеттерге еліміз ондаған жыл бойы болған Кеңестер Одағының құрамынан шығатынын, егемендік алу ниетін паш етті. Ал Конститутциялық заң дегеніміз – республика аумағында қолданылатын күші бар жоғары нормативтік-құқықтық акт, оны орындау – барлық азаматқа міндет. Оның нормаларына сүйеніп, мемлекет ретінде талап ете аламыз. Әйтсе де, бұл декларация – ел тәуелсіздігін бекітуге деген алғашқы қадам, оның саяси-құқықтық маңызын еш жоққа шығара алмаймыз.
– 90-жылдары одақ құрамында болған мемлекеттердің көбі Егемендік туралы декларациясын жариялады. Соның ішінде Татарстан да бар. Бірақ олардың бәрі тәуелсіздік алған жоқ. Осы орайда Қазақстан декларациясын жариялаған күннен бастап тәуелсіздік алған бір жыл ішінде қандай дұрыс саяси-құқықтық қадамдар жасады деп ойлайсыз?
– Кеңес Одағынан шығу процесі туралы тарих беттерінде көптеген дерек бар, әйтсе де бұл тарихи оқиға әлі де кешенді әрі жүйелі зерттеуді қажет етеді. Өйткені Кеңес Одағынан шығу шеруі туралы айтқан кезде кейбір құнды деректерді қазақшылыққа салып бұғып қаламыз. Бұл процесті көбіне коммунистік партияның идеологиясымен, жеке бір көсемнің ұрандатуымен байланыстарымыз. Ол ғана емес, бұл саяси, экономикалық, әлеуметтік және көптеген басқа да фактордың жиынтығымен байланысты. Бұл шеруді 80-жылдардың соңында Балтық елдері бастады. Олар о бастан Кеңес Одағының көп саясатын дұрыс қабылдамады. Керек десеңіз, 1945 жылы Кеңес Одағының көптеген елді фашистік диктатура әскерінен босатуын Балтық елдері басқыншылық деп қабылдаған. Әу бастан Еуропаға қарап, бой тіктеген Балтық елдерінің одақтан бөлініп шығу қадамы сәтті аяқталды, оны тарихтан жақсы білеміз. Ал Кавказ елдері үшін одақтан шығу процесі күрделі өтті және әлі күнге дейін БҰҰ тарапынан мойындалмай отыр. Одан соң Тәжікстан да егемендік алу жолында біраз қиындықты бастан кешті, олар Кеңес Одағынан шығу мәселесін бастаймын деп өздерінің бауырлары арасындағы соғысқа тап болды. Оған КСРО әскері қатысты. Тарихқа зер салсақ, Кеңес Одағынан азаттық алу қай мемлекет үшін де оңай болған жоқ. Көбі тәуелсіздігін ала алмады, егемендікке қол жеткізгендерінің өзі талай қиын кезеңдерді бастан кешті. Біздің мемлекет бұл одақтан ең соңғы болып шықты. Ғалымдар арасында бұл шешім түрлі сипатта тәпсірленеді. Сарапшылардың бірі Қазақстан одақтың әрі қарай жанданып кететініне, жаңа тұрпатта дамитынына сенді әрі күтті десе, енді бірі КСРО-дан шығу процесін қадағалады деген пікір айтады. Яғни, 14 мемлекеттің егемендік алуға деген ұмтылысын және сол жолдағы іс-әрекетін зерттеді, ұтымды һәм тиімсіз қадамын зерделеп, өзімізге керегін алды. Бұл – еліміздің егемендік алу жолындағы саяси-құқықтық тұрғыда сауатты қадамы болды деп есептеймін. Өйткені Кеңес Одағының бүкіл жүйесіне, өндірістік өнеркәсіп ошақтарына, нарықтық-экономикалық қаржы жүйесіне сүйеніп отырған біздің ел үшін қандай да бір қателікке бой алдыру қауіпті еді. «Ақырын жүріп, анық басу» арқылы еңбек еш кетпеді, егемендік бұйырды.
– 1990 жылғы 25 қазанда қабылданған «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация еліміздің конституциялық-құқықтық негізін қалап, мемлекет тәуелсіздігін бекіту жолында іргелі құжат еді. Бұл құжатта қамтылған негізгі құқықтық, қоғамдық, саяси идеялар Конституцияда қалай көрініс тапты?
– Жалпы, декларацияның қабылдануы оңай болған жоқ, үлкен саяси текетірестер көп болды. Әркім өзінің көрпесіне тартып, тіпті «Қазақ деген кім?», «Бұл сөздің қажеті қанша?» деген пікірлерге дейін айтты. «КСРО азаматтары» деген «қастерлі» ұғымнан ажырағысы келмей, «қазақ халқы» деген сөздің өзіне тірелген жайттар жайында мұрағат құжаттарынан білеміз. Кейін осындай үлкенді-кішілі мәселелер тумас үшін декларацияны тәптіштеп, сауатты жазу маңызды болды. Бұл құжаттың жасалуына қазақтың беткеұстар ғалымдары, академиктер Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Қайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов айтарлықтай үлес қосты. Мемлекеттің саяси-құқықтық дамуындағы маңызды құжаттың мазмұнын құрастыруға, әрине, саясаттанушы, әлеуметтанушы, инженер мамандар да қатысты. Әйтсе де, негізгі салмақ заңгерлерге түсті.
Егемендік алғанға дейін біз 1978 жылғы Конституцияға сүйеніп, өмір сүріп келдік. Бұл негізгі құжатты жамап, жалғап, түрлі өзгеріс енгізіп, толықтырып отырды. Алайда Кеңес Одағының бұл Конституциясы 90-жылдардағы әлеуметті басқаруға әлеуеті жетпеді. КСРО конъюнктурасына, талабына, жүйесіне негізделген мәртебелі құжат жаңадан пайда болып жатқан әр саладағы қарым-қатынастарды реттей алмай отырды. Мәселен, 1978 жылғы Конституцияда жұмысшылар, шаруалар, интеллигенция деген ұғымдар қолданылды, ал бұл – қоғамды тапқа бөлу. Карл Маркс, Фридрих Энгельс, Лениннің салып кеткен идеологиясы дамушы, демократия құрушы елдің негізгі стратегиясына қайшы түсіп, түрлі кереғар жағдаяттар көп болды. Ал 1990 жылы 25 қазанда Қазақ КСР жариялаған декларацияда қазақ елін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет деп жариялап, осы басқару моделіне қайшы келетін мәселелерді түгел жойып тастады. Алғаш рет социалистік мемлекеттің нормативтік-заңнамалық актісінде мемлекеттің негізін анықтауға таптық көзқарас болмады және «жұмысшылар», «шаруалар» және «интеллигенция» ұғымдары алынып тасталды. Егемендік декларациясы 1993 және 1995 жылы қабылданған қазіргі қолданыстағы Конституциямыздың алғышарты болды, негізгі іргетасын қалады. Ондағы көптеген құқықтық, қоғамдық, саяси идея қазіргі Ата Заңымызда көрініс тапты. Мәселен, Конституцияның 1-бабындағы басты идея декларациядан алынды: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары».
Одан кейін декларация билік үш тармақтан тұруы керектігі (заң шығарушы, атқарушы және сот) туралы идеяны алға тартты. Бұл қазіргі Конституциямыздың 3-бабында көрініс тапты: «Республикада мемлекеттік билік біртұтас, ол Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы, өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады». Қазақ КСР Президенті республиканың басшысы болды және жоғары әкімшілік және атқарушы билікке ие болды. Заң шығарушы билікті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі жүзеге асырды, ал жоғарғы сот билігі Қазақ КСР Жоғарғы Сотына тиесілі болды. Әлемге әйгілі заңгер, құқық қорғаушылар француз Шарль Луи Монтеске, ағылшын Джон Локк, голландиялық Томас Скобс биліктің бірнеше тармағы болуы керегін ХVІІІ ғасырда айтып өткен болатын. Бұл қазір біздің құқықтық мемлекет ретінде мақтанатын дүниеміз болуы керек.
Декларациядағы егеменді елдің дипломатиялық қызметінің болуы туралы идеясы Ата Заңның 8-бабында көрініс тапты – «Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтық принциптері мен нормаларын құрметтейді, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынас жасау, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, халықаралық дауларды бейбіт жолмен шешу саясатын жүргізеді, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тартады». Жалпы, кез келген мемлекеттің әлемдік кеңістікте дамуы, танылуы оның халықаралық құқық субъектілігімен айқындалады. Бұл дегеніміз – БҰҰ таныған 193 мемлекет бізді халықаралық құқық субъектісі ретінде тануы керек. Бұл орайда декларация ауқымды жұмыс істеді, онда еліміз болашақта өз алдына тәуелсіз болып, басқа мемлекеттермен саяси-экономикалық қарым-қатынас жасай алатыны нақты көрсетілді. Бұл – 90-жылдардың танымымен айтқанда, сенсация болды.
Жалпы, декларация республиканың барлық азаматы үшін лайықты және тең өмір сүру жағдайларын жасауға ұмтылысты көрсетті. Декларацияда Қазақ КСР-нің маңызды міндеттерінің бірі – ұлттық мемлекеттілікті қорғау және нығайту, төл мәдениетті, дәстүрлерді, тілді жаңғырту мен дамыту және қазақ ұлтының, Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың ұлттық қадір-қасиетін нығайту біріктірілді. Бұдан өзге, еліміздің өз алдына Қарулы Күштерінің, Ішкі әскерінің, кеденінің болуы туралы идея да егемен ел болудағы маңызды қадам еді және Конституциядан көрініс тапты. Айта берсек, мұндай идея көп. Яғни, декларация – заңдық күші жоқ саяси-құқықтық құжат қана дегенімізбен, ол тәуелсіз Қазақстан елінің басты құжатының негізін қалады.
– Алғаш рет декларация мемлекеттік биліктің үстемдігін, оның республика ішіндегі тәуелсіздігі мен толықтығын қамтамасыз етті. Қазақ КСР-нің аумағы бөлінбейтін және қол сұғылмайтын болып жарияланды. Саяси құжаттың бұл бөлімдері кейін қалай жүзеге асты? Декларация қабылданғаннан кейін қандай маңызды заңнамалық актілер қабылданды?
– «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация жарияланғаннан кейін бірқатар маңызды заңнамалық акті қабылданды. Оның бірі – «Банктер және банк қызметі» туралы заң, 1991 жылы қабылданған құжат банктердi құру мен олардың қызметiнiң негiздемесi мен шарттарын бекітті. Кез келген елдің, оның ішінде жас мемлекеттің тұралап қалмай, алға басып, дамып кетуіне себепші маңызды фактор – қаржы. Өмір бойы Сбербанкке жүгініп келген біз үшін бұл жүйе егемендік алған соң үзілді. Сондықтан жеке-дара банк жүйесін қалыптастыру, қаржы қатынастарын реттеу, әлеуметтік қаржылық әлеуетін көтеру күн тәртібінде болды. 90-жылдары Сбербанкте ақша сақтау тренд болды, КСРО бұл идеясын жақсы насихаттады. Бұл уақытта студент болдым, жоғары шәкіртақы алатынмын. Қаражатымның бір бөлігін үнемдеп, мен де осы банктегі шотыма жинақтап жүрдім.
Сонымен қатар «Жер кодексі» қабылданды. Бұл құжаттың көмегімен еліміздің шекарасын делимитация, демаркация жұмысы жүзеге асты. Соның нәтижесінде бүгінде Қазақстанда көрші елдермен шекара дауы жоқ. Бұл жерде де көп даулы мәселелер болды, ірі-ірі келіссөздер жүрді. Жасыратыны жоқ, бізге тиімді де, тиімсіз де шешімдер болды, десек те, шекара бекіту ісін құжат жүзінде ресімдей алдық.
Одан кейін «Қазақстан Республикасының меншігі туралы» заң қабылданды. Ол уақытта Кеңес Одағының меншігі, қазақ елінің меншігі деген ұғымдар болды. Сондай-ақ «Тұтынушылық кооперациялар туралы», «Шетелдік инвестиция туралы», әлеуметтік салаға байланысты «Тұрғындарды қамту туралы» заңдар қолданысқа енді. Ол уақыттағы мақсат – жаңадан дамып келе жатқан мемлекеттің басқару, даму механизмдерін жолға қою болды. Ол үшін міндетті түрде сауатты жазылған заңдар керек. 90-жылдары декларация жарияланған соң бірқатар маңызды заңнамалық акті қабылданды. Бәлкім, сол құжаттарды сапалы жүзеге асыру тетіктерінде кемшіліктер болған да шығар (мәселен, «Шетелдік инвестиция туралы» заңда инвесторға қойылатын әлеуметтік талап, бенефициармен келісім жасаудың ашықтығы және тағы басқа тетіктер күшейтілуі керек еді). Десе де, уақытында әр саланы дұрыс игеруге бағытталған тиісті құжаттар қолданыста болды. Мәселен, «Тұрғындарды қамту туралы» заңға сай, еңбек қатынасын реттеп қана қоймай, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын жүйелей алдық. Бұл жүйе күні бүгінге дейін тиімділігін көрсете алды, мультипликативті әсер берді, көрші елдердің біздің БЖЗҚ қызығып жататыны бар. Бір қызығы, 90-жылдары қабылданып, бүгінде күші жойылған бұл заңдардың әлі де өзектілігі жойылған жоқ.
Оның үстіне, бұл заңдар таза қоғамның жағдайын, ұлттың менталитетін, халықтың әл-ауқатын ескере отырып, соған сүйеніп жасалды. КСРО уақытында бүгінгідей шетелмен байланысу, тәжірибе алмасу әсте мүмкін болмады. Шекаралардың тас қапас болып бекітілгені соншалық, іс-сапармен сырт мемлекетке шығып, қайтар жолыңда екі зат алсаң, біреуін сату ойың болған деп жауапқа тартатын. Осындай «темір тордың» ішінде отырып, сыртпен еш байланыссыз декларация жариялау, заңдар жазу – нағыз ұлтжандылық, ерлік. Заңдардың сауатты жазылуына сол уақыттағы білімді де білікті ғалымдардың қосқан еңбегі зор. Бұған қоса, Салық Зиманов, Сұлтан Сартаев, Қайрат Сапарғалиев, Мұрат Баймаханов сынды академиктеріміз консерватор, нағыз батыл адамдар еді. Олардың сұсты, қатқыл мінезі де көп дүниені шешті деп ойлаймын.
– Бұл құжаттың, жалпы осы айтулы оқиғаның кеңестік идеологияның ықпалынан құтқару рөлі қандай болды?
– «Қойын құрттап, сорпасын ұрттап» томпиып жүрген момын елдің бір уақытта егемен ел боламыз деп жарияға жар салуының өзі кеңестік идеологияның ықпалынан құтылуға деген ұмтылысы еді. Сәйкесінше, қазақ елінің барлық ықылас-ниетін қамтитын декларацияның КСРО шеңберінен құтқарудағы рөлі орасан. Алаш ардагерлерінің аңсап кеткен арманы – Егемендік декларациясы кеңестік модельден құтылып қана қоймай, тәуелсіз ел болып, жеке-дара демократиялық мемлекет құруға бастады. Жоғарыда айтқан билікті үш тармаққа бөліп басқару идеясы да Кеңес Одағының моделінен бас тарту болып табылады. Декларацияға бұдан бөлек те одақтың идеологиясымен келіспейтін тармақтар енгізіліп, оның заңдық күші болмағандықтан, әр саладағы идеялар жеке-жеке заңдармен бекітілді. Сондықтан, әлбетте декларация – кеңестік шаблоннан, касаң қағидадан құтылудың һәм құтқарудың алғышарты болып, еліміз үшін маңызды тенденцияларды бастады деп айта аламыз.
– Биылдан бастап 25 қазанда Республика күнін қайта тойлайтын болдық. Бұл күннің құқықтық маңызын қалай түсініп жүрміз?
– Жоғарыда екі құжаттың айырмашылығын атап өттік. Ел егемендігін алғаннан бері, 1991 жылы 16 желтоқсанда қабылданған «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заңды қабылданған күннен бастап 16 желтоқсанда Тәуелсіздік күнін тойлаймыз. Республика күнінің маңызы да аталмыш айтулы мерекеге пара-пар. «Республика күнін не қыласың, Тәуелсіздік күні бар ғой» деген пікірлерге Салық Зиманов: «Әке болмаса бала қайдан дүниеге келеді» деп жауап береді. Сондықтан бұл мерекенің қайта аталып өтетіні қуантарлық жағдай. Десек те, Республика күнін атап өту дегеніміз – сән-салтанат құрып, той-думан жасау емес. Бұл – өткенге тағзым, бүгінге шүкір ету. Патриоттық, тарихи, танымдық, білім беру шараларын өткізу арқылы да Республика күнін атап өтуге болады. Бүгінгі қоғам экономикалық, құқықтық сауатының төмендігімен көптеген алаяққа есе жіберіп жатады. 90-жылдары құқық, заң білетін академиктердің қайсар мінез, қалтқысыз қызметімен егемендікке қол жеткіздік. Сондықтан Республика күнінде тарихқа тағзым етіп, тәуелсіздікті аңсап өткен арыстарды еске алып, егемендіктің мәнін түсініп, болашақтың кепілі болатын білім, құқық, ұлтжандылық қасиеттерін насихат қылғанымыз абзал.
– Әңгімеңізге рақмет!