«Мен сені сағынғым келеді». Осы бір лирикаға толы әдемі әнді білмейтін жан кемде-кем шығар. Бірде «Аралым – айдын шалқарым» атты ән кешінде аталған туындының үш тілдегі нұсқасын тыңдап таңдай қаққанымыз бар. Әннің орындаушысы – Роза Аманова. Құдайдың өзі Роза есімділердің көмейіне бұлбұл ұялатып, халық ықыласына бөленуді маңдайына жаза ма, кім білсін?! Сондай бір хас таланттың бірі, Қырғыз Республикасының халық әртісі Роза Амановамен сұхбаттасудың сәті түсті.– Роза ханым, сіз өнер жолын ерте бастадыңыз. 25 жасыңызда-ақ мансабыңдағы биік марапатқа ие болдыңыз. Шығармашыл ортада жүрген қыз-келіншекке қандай кеңес бересіз?
– Иә, 25 жасымда маған Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Бұл – жүгі ауыр марапат. Сол үшін халық пен мемлекет алдындағы борышымды ұмытқаным жоқ. Сол шақта Анатай Өмүркановтың сөзіне жазылған «Мен сені сағынғым келеді» атты авторлық туындым ел-жұрттың ыстық ықыласына бөленді. Қайда барсам да құрмет пен қошемет көріп жүрген кезім. Осы биікте қалу үшін барынша тырысамын. Қырғыздың қыран ақыны Байдыла Сарногоев айтпақшы, елуді бағындырып, шығармашылық кеште халыққа есеп беретін күн келсін.
Ал уақыт, өмір ағысы, күйбең тіршіліктегі жағдай мен жол түрлі ойға жетелейтіні даусыз. Сол үшін халқымыз «керексіз ойдан сақта» деп бекер айтпаған. Мұны неге айтып отырмын? Шығармашыл ортада жүрген әйелдерді табиғаттан бөліп қарау мүмкін емес. Табиғаттың төрт мезгілі де әсерлі. Әр мезгіл жанға өзінше шуақ сыйлайды. Табиғаттың өзі ағартушы екенін, онымен үндестікте өмір сүру үлгісін көшпелілер өркениетін құрған ата-бабамыздың жүрген жолынан аңғарамыз. Бұған дәлел болар тарихи деректер де бар. Олардың тіршілікпен гармонияны сақтау моделін музыкалық шығармалардан байқаймыз.
– Өнерде еркін көсілуге туған өлкенің әсері болған шығар?
– Өз басым Тоқтоғұл, Ешманбет, Бекназар, Қорғол, Тууганбай, Сейдана сияқты өнерпаздар шыққан Кетмен-Төбе өңіріненмін. Өзгелер сияқты мен де туған жерімді аңсаймын, бара қалсам аунап-қунап еркелеймін. Балалық шағымның аспаны деп жатады. Бала кезімде көк аспанда бұлттардың қозғалғанын тамашалағанды жақсы көретінмін. Олар маған төбешік арасында жиын өткізетіндей көрінетін. Сол жиынға өзімнің қатысқанымды, сөз сөйлегенімді елестетемін. Кейінірек бойжеткенімде бұлттардың жиынынан өзімді таппағаныма өкіндім. Кейде сол аспан менің түсіме кіреді. Балалық шақтағы арман-тілек орындалуы үшін білім алу керегін білемін. Сол шақта ойға алған мақсатқа жеткен сайын қиялымда сол аспан, сол бұлт, тұрады. Бастысы, жаратқанның қолдау білдіргенін сеземін.
Ата-ана тақырыбына келсек, мені асырап алған. Дәлірек айтқанда, марқұм атам Асан Аманов немересі (қызының қызы) болғаныма қарамастан, фамилиясына тіркеді. Қайтыс болған ұлдарының орнына ұл көріп, бала кезімнен тілеуімді тілеп, үкілеп өсірді. Әкем мені тек мойнында көтеріп жүретіні есімде, ол алты жасымда дүниеден өтті. Анамның мені қалай тәрбиелеп, қалай өсіргенін айтсам, ол – бір кітапқа арқау боларлық әңгіме. Уақыты келгенде кітап та жазылады.
– Сіздің қырғыз дәстүрлі ән өнеріне қосқан үлесіңіз көпке белгілі. Осы орайда дәстүрлі ән тыңдарманы азайып бара жатқаны алаңдатады. Ел ықыласын төл өнерге аудару үшін не істеу керек?
– Қырғыздар дәстүрлі әнді салтты музыка деп атайды. 1998 жылы Алматыдағы Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияны бітірдім. Саида Еламанқызы жетекшім болды. Кейінірек 2006 жылы «Қырғыздың ұлттық музыкасы» атты диссертациямды қорғадым. Сонда жанр өзгешелігі, класификациясы туралы бірқатар мәселе көтердім. Фольклордағы мысалдардың ұлттық музыкамен үндесін, айырмашылығын да зерттедім. Осы тұста айтарым, маған Қазақстандағы консерваторияның берері көп болды. Дүлдүлдер мектебінен тәлім алғаныма ризамын. Әсіресе, ұстаздарға алғысым шексіз. Расында, қазір дәстүрлі ән тыңдарманы азайып бара жатыр. Сондықтан оның жаһандану заманында жұтылып кетпеуіне ден қойғанымыз жөн. Өйткені дәстүрлі ән – кез келген ұлттың өнердегі визит картасы. Дәстүрлі музыканы насихаттап жүргендер ұрпақтар сабақтастығын сақтағаны жөн. Бірақ олар еркін жұмыс істеп, өркен жаюы үшін мемлекет ұлттық өнерді қанатының астына алғаны абзал. Егер қандай да бір осыған қатысты мемлекеттік бағдарлама болса, дәстүрлі ән өкілдері өзінің маңызды тұлға екенін сезінуі керек. Неге? Себебі саф өнерді ғасырдан-ғасырға таратып, жаңғыртып жүргендер тек қошеметке лайық.
– Халықаралық дәрежеде қырғыздың дәстүрлі өнерін насихаттап жүрсіз. Шетел қалай тамсанады, сахна сыртына келіп сұрайтын тыңдарман бар ма?
– Жақында ғана Бельгияда өткен өнер симпозиумына қатыстым. Симпозиумды халықаралық дәстүрлі музыка жөніндегі халықаралық кеңес ұйымдастырды. Аталған кеңес 1947 жылдан бері ЮНЕСКО-ның қолдауымен жұмыс істейді. Кеңес төңірегінде түрлі топқа бөлініп, тақырып талқылаймыз. Кезекті жиын архив материалдарына арналды. Дәстүрлі музыка үшін архив материалы нағыз құнды қазына. Мысалы, өзім архив материалын білім беру бағытында қолдану туралы баяндама жасадым. Әрине, оқушылар дәстүрлі өнерді насихаттап жүргендермен тікелей сұхбаттасса жақсы. Бірақ көбі дүниеден өтіп өткен. Сол үшін архивтегі бейне, жазба, ән – құндылық мәнін түсіну үшін таптырмас құрал. Аталған симпозиумға қатысқанымда бір дүниеге тағы да көзім жетті. Дәстүрлі ән тек ұлттың өнердегі визит картасы емес, тілдің шұрайын, мәйегін сақтап, этностың рухани қайнар көзі болып отыр. Әсіресе, қырғыз халқы үшін мұның маңызы зор. Бұл – Мәдениет министрлігінде қаралып, Үкімет назар аударатын мәселе.
– Қомыз күйлеріндегі оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілі көпті таңдандырады. Ғылыми ізденіске неше жыл уақыт кетті?
– Иә, бұл тақырыпта 2017 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. Қомыз күйі шеберлерінің арқасында бізге түрлі қағыс жеткен. Сол кісілермен кездесіп, мәлімет жинау арқылы оң қол қағысындағы 28 түрлі ойнау тәсілін қағазға түсірдім. Бұған қомыздағы «қол биі» деп атау берсек болады. Себебі мұнда мнемотехника мен синкрезис бар. Ол музыканың бірегейлігін білдіреді. Көбіне еліміздегі қомыз күйлері, қағыс түрлері Ниязалы мектебінің арқасында ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Оның айтуынша, қолдың әр қимылының мағынасы бар. Мысалы, ертеректе аңға шыққан қырғыздар жемтікті үркітіп алмау үшін бір-біріне қолмен ымдап сөйлеген. Байқасақ, сол кездегі ым-ишараттар қомыз күйлерінде сақталып қалған.
– Күй өнері мен аңыз-әңгімелерді жинақтап жүретініңізді білеміз. Оған қоса, дастаншы екеніңіз бір төбе. Сондай бір дастан оқиғасын әңгімелеп берсеңіз.
– 2000 жылы батырдың 500 жылдығына орай «Құрманбек» дастаны жайында айтқаным таспаланды. Қазір мұрағатта сақтаулы. Әлеуметтік желідегі оқырманның өтінішімен арагідік жариялап жүрмін.
Баяндар болсам, осыдан бірнеше ғасыр бұрын қырғыз-қыпшақ халқының Тейітбек деген ханы ғұмыр кешкен. Тұрғылықты жері Анжиян бағытында, Елорда Жазы деген жерде орналасқан. Сол кезде қырғыз-қыпшақ қалмақтардан көп жәбір көреді. Тейітбек ханның әйелі Зулайқа қырық жасқа дейін бала көтермейді. Тейітбек ойланып, мұңайып: «Баласыз өмір сүремін бе, жеті әйел алдым, ешқайсысынан бала көрмедім, тағы жеті әйел алайын, он төрт әйелден бала болмаса, Құдайдың жазғаны деп қабылдайын...» – деп тағы жеті әйел алады.
Алдыңғы жеті әйелдің үлкені Зулайқа перінің қызы еді. Ойлана келе, «Тейітбектің сымбатына, нұрына қызығатынмын. Бала көтермегенімнен, он үш әйел алыпты. Ешкімге ондай бақыт бұйырмады» деп мұңайыпты. Тейітбек хан бір жағынан «баланың үнін естіп өлсем» деп армандайды. Біраз уақыттан кейін Зулайка жүкті болып, ұл туады. Бірнеше күн той жасап, ұлына Құрманбек деп ат қояды. Құрманбек ойнап жүріп қатарластарын оп-оңай жеңеді.12 жасында өзінен үлкен жігіттерді ұрып-соғатын болады.
Қырғыз-қыпшақ халқынан қырық жігітті іріктеп алып, қол жинайды. Жігіт санын қырыққа толтырып, жауға аттанады. Қырық жігітіне қырық қара ат дайындап, қылыш, дулыға, қалқан, найза, қылыш, барлық қару-жарағын сайлап, бас болады. Сондағы батырдың жасы он алтыда еді. Осылайша, Құрманбек қырғыз-қыпшақтың қырық жігітіне «Қалмақтан кек аламын, қалмаққа барамын» деп ұрандатады. Осындай тәрбиелік маңызы зор дастанды ел ішінде таныту – әркез мәртебе. Әлі күнге оқырмандар сұрап, іздеп оқиды.
– Қазақ пен қырғызды мәдениет, әдебиет, кинематография мен өнер тығыз байланыстырады. Қалай ойлайсыз, қазір бұл байланыс қай деңгейде?
– Қазақ пен қырғыз – төскейде малы, төсекте басы қосылған ел. Маған «саған қай ел жүрегіңе жақын?» деп жиі сұрақ қояды. Сонда ойланбастан қазақ елі деп жауап беремін. Мәдениеті, музыкасы, фольклоры, тіпті аңыз-әңгімесі бізге жақын ел. Жан дүниеміз бен руханиятымыз да бірге тыныстап тұрғандай. Сол себепті кинематография, өнер болмасын байланысымыз үзілмейді деп ойлаймын. Осыған қатысты бірқатар жобаны жүзеге асырсақ құба-құп. Бірақ дәстүрлі өнер, ән әлемінде екі елдің музыкадағы ерекшелігін, мәдени байланысын жеткізетіндей дүние әлі өмірге келмеді. Жалпы, бір-біріне ән сыйлау, композиторлар арасында байланыс бар.
– Сүйінбай мен Қатаған, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматов. Бұл тізімді шексіз жалғастыруға болады. Ал екі елдің ән әлемін байланыстыратын кімдер? Әсіресе, дәстүрлі ән өнеріне тоқталсаңыз.
– Әрине, аталған тұлғалардың екі елдің мәдени дамуына қосқан үлесі зор. Осы турасында аңызға бергісіз әңгіме айтуға болады. Өз басым консерваторияда бірге оқыған курстастарыммен қарым-қатынасымды үзгенім жоқ. Қазір өнерде бірге жол салып жүрміз. Соның бірі – Елмұра Жаңабергенова. Бізден бір курс төмен оқыса да Бағлан Бәбижан, Айгүл Байбек, Раушан Малдыбаеваны да ерекше атап өткім келеді. Мысалы, Айгүл Қосановамен шығармашылық байланысымыз берік. Қызығы сол, қырғыз қыздары да Роза Рымбаева мен Бағдат Сәмединованы өнердегі әпкеміз деп атайды. Одан бөлек, Майра Ілиясова Қазақстанда қандай да бір мерекелік кеш ұйымдастыра қалса, үнемі мені шақырады. Өзім де бауырлас елге барып ән шырқап, арқа-жарқа болып қайтамын.
– Білесіз, қазаққа Республика күні қайта оралды. Осы орайда бауырлас елге тілегіңіз болса, мархабат.
– Республика күні – егемендіктің айғағы. Ал егеменді ел болу – бақыт. Көкте желбіреген байрағыңды көріп кеудеңді қуаныш кернеп, рухың таситын мереке. Сондықтан Алатаудың етегіндегі қос елдің байланысы үзілмей, мерейі таси берсін. Қазақ елі, елдік мәңгілік, тәуелсіздік тұғырлы болсын! Барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаймын!
– Әңгімеңізге рақмет!