Өртенген шахта қайта іске қосылды
Өртенген шахта қайта іске қосылды
227
оқылды
Өткен сенбіде «АрселорМитталТеміртау» АҚ тиесілі «Қазақстан» шахтасында өрт шығып, жүзден аса адам сырта шығарылған болатын. Жүз метр тереңдіктегі көмір алқабы жарығынан метан шығып, арты өртке ұласты. Демалыс күндері Қазақстан шахтасында болған апатқа орай жапа шеккендер жоқ екенін тағы бір ресми түрде айтқым келеді. Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында адам өліміне жол берілген жоқ,- деді Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек. ТЖ мамандарының мәліметі бойынша, оқиға салдарынан 116 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Өртті сөндіруге 60 қызметкер мен 6 бірлік өрт сөндіру техникасы жұмылдырылды. «100 м тереңдікте көмір массивінің жарығынан жанып жатқан метанның қысқа мерзімді шығарындылары орын алды. Өрт 03:40-та сөндірілді. Содан кейін осы учаскеде көмір массивін суыту жұмыстары жүргізілді. Кеніш ауасындағы көмірқышқыл газының құрамы нормадан аспайды. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ» делінген  ТЖ Комитетінің ақпаратында. – Тау-кен диспетчерінің пультіне өрт ошақтары туралы хабарлама келіп түскеннен кейін 15 минуттан кейін өртті жою жұмыстары басталды. Апатты учаскеде 12 адам болған. Шахтада болған барлық адамдар, шахтерлер денсаулық жағдайына шағымданған жоқ. Қазір комиссия құрылып, оқиғаның себептері анықталады. Шахта штаттық режимде жұмыс істейді – жұмысты кеше қайта бастады, осы учаскеде газ жағдайын бақылау жүргізілуде, ауа сынамасы алынады, қазір барлығы нормаға сәйкес келеді, - деп хабарлады «Қарағанды облысының өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармасы» ММ басшысыҒалымжан Жұмасұлтанов. Шахта жұмысын қайта бастады, жану себептерін анықтау үшін арнайы комиссия құрылды. Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы