Ұлытау облысы әкімін әуежайда күтіп алып, жеке көлікке отырғызды: әкімдік оқиғаға қатысты пікір білдірді
Ұлытау облысы әкімін әуежайда күтіп алып, жеке көлікке отырғызды: әкімдік оқиғаға қатысты пікір білдірді
© baq.kz
Жезқазғанның әуежайында ұшақтан түскеннен кейін жеке көлікке беттеген Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлын белгісіз ер адам видеоға түсіріп алған. Оқиғаға қатысты әкімдік баспасөз қызметі пікір білдірді.  Облыс орталығы Жезқазған қаласының әуежайына ұшақ қонғаннан кейін аймақ басшысы өзгелерден бөлініп, жеке шағын автобусқа отырды. Ал жолаушылар көпшілікке арналған автобусқа қарай бет алған. Сол кезде көпшілік арасынан шыққан белгісіз азамат әкімнің жеке көлікке отырғанына қарсы шығады. «Әкім жеке көлікке бет алды. Оны vip көлік күтіп алды. Сіз неге әкімді күтіп аласыз? Ана жерде арбада әже отыр. Әкім мырза, сіз неге бөлек көлікке отырасыз? Ана жерде халық тұр», – деп сұрады бейнежазбаға түсірген ер адам. Осыдан кейін облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жеке vip көліктен түсіп, көпшілікке арналған автобусқа кірді. Шағым білдірген жолаушының сұрағанына жауап берген шенеунік көппен бірге әуежайға қарай автобуспен жетті. Ұлытау облысы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 20 қазанда болған. Әкімді шағын автобуспен күтіп алу әуежай басшылығының ұсынысы болған. «Жезқазған әуежайының иесі - «Қазақмыс» корпорациясы. Облыс бюджетінде басшылықты жеке көлікпен күтіп алуға қаражат қарастырылмаған. Әкімді шағын автобуспен алып жүру әуежай басшылығының ұсынысы болған. Жалпы, өңір басшысы іссапарлары кезінде қаланың көпшілікке арналған көлігімен жүреді», - деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.