Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Жақсыбек Құлекеевтің «Қаңтар оқиғасы: Ақорда үшін күрес» атты кітабы жарық көрді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Facebook-тағы парақшасында жазды.
«Бұл – елімізге кеңінен танымал қоғам қайраткері, ғалым Жақсыбек Құлекеевтің кітабы. Атауының өзі бұл туындының негізгі арқауы мен тақырыбын айғақтап тұр.
2022 жылдың қаңтарын қазақ халқы ешқашан ұмытпайтыны хақ. Жыл басында елімізде орын алған қасіретті оқиға басқаша аяқталғанда қандай мемлекетте өмір сүріп жатқанымызды дәл бүгін көзге елестетудің өзі қиын... Бұл саяси әдебиет, талдаулар мен зерттеулер. Тың ойлар... Ерекше туынды деп білеміз. Көпшілікке ұсынылған бұл жаңа кітап күні кеше баспадан шықты», – деп жазды Еділ Жаңбыршин.
Бұған дейін экономист Жақсыбек Құлекеев Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған еді. Президентке жаһандық геосаяси дағдарыс кезінде ұлттық экономиканы дамыту жөнінде ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ мұнай-газ секторының ғылыми-инжинирингтік әлеуетін күшейту мәселелесін талқылады. Әлеуметтік-экономикалық даму перспективалары туралы өзінің көзқарасын айтып, маман даярлау проблемасын қозғаған болатын.
Айта кетейік, Жақсыбек Құлекеев бұрын Білім және ғылым, Экономика және сауда министрі болған.