Сенат «Рақымшылық жасау туралы» заңды қабылдады.
Inform.kz-тің жазуынша, заң Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қаңтар оқиғасына қатысушыларға бірреттік рақымшылық жасау туралы тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді.
Депутат Ләззат Сүлейменнің айтуынша, рақымшылық дүрмекке ілескендердің іс-әрекетіне қарай жасалады.
«Тергеу органдары Қаңтар оқиғасы кезінде қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 1 600-дей адамды анықтап, оларды жауапқа тартты. Оның ішінде 1 112 адамға сот үкімі шықты. Қалғаны тергеу сатысында. Рақымшылық сотта да, тергеуде де қолданылады. Ауыр қылмыстарға қатысты сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар бойынша мерзімінің жартысы қысқарады.
Егер сотталған адамның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толықтай жазаны өтеуден босатылады. Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл – Қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы Президенттің шешімі.
Жалпы, рақымшылық 1 500-ге жуық адамды қамтиды. Негізінен, заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлікке қатысып, өрт қойғандар. Бұлар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылып жатыр. Яғни, гуманизм қағидасы қылмыс жасаған адамдарға осыған дейін де қолданылды», – деді депутат.
Террорист, экстремист, рецидивист, алаңдағы адамдарды азаптағандар, тәртіпсіздікті ұйымдастырушылар мен мемлекетке опасыздық жасағандарға рақымшылық жасалмайды.