Қазақстандық ірі банктердің шын қожайындары кім екені жария етілді. Бұл Әділетті Қазақстанның, мемлекеттің өркениеттілігінің бір нышаны болса керек. Отандық жетекші банктер өз акцияларын ұстаушылардың тізімін Қазақстан қор биржасына (KASE) ұсынды. Сонда қаржылық институттардың артында кімдер тұр? Жалпы, банк секторы қандай жағдайда? Осыны талдап көрсек. Оның үстіне сала жылдың алдын ала қорытындыларын шығарып жатыр. Үш соққыға есеңгіреп, құламады S&P Global Ratings рейтинг агенттігінің Қаржылық институттар бағытының директоры Сергей Вороненконың байламынша, қазақстандық банк секторы 2022 жылы естен тандырар 3 соққыны өткерді. Алдымен жыл басында елді бейберекетсіздік жайлап, Қасіретті қаңтар оқиғалары болды. Бүліктен ең көп зардап шеккен Алматы мегаполисінде бірнеше ірі банктің бөлімшелері тоналды, кеңселері қиратылып, өртелді. Ол шығындарды банктердің өзі көтерді. Әйтпесе, әлеуметтік нысан емес, мемлекеттен тағы көмек сұраса, жарамас. Артынша, 24 ақпанда Ресей көршісіне соғыс ашып, Батыстың ауыр санкцияларының астында қалды. Бұл қазақстандық банк секторына теріс ықпал етті. Себебі, Сбербанк сол кезде еліміздегі №2 банк атанып үлгерген: активі 3 трлн 166,8 млрд теңгеге жетті, онда меморгандар, ұлттық компаниялар, бизнес пен халық 2,2 трлн салымын сақтады. Бұл алпауыт банкрот болып, қаржы секторын және ел экономикасын алатайдай бүлдіргелі тұрғандықтан, оны амалсыз мемлекет «Байтерек» холдингі арқылы сатып алып, атауын «Береке банк» деп өзгертті. Ресейлік Альфа банк те алыптар қатарында, 6-шы орында тұрған болатын: активі 758,7 млрд теңгені құрады, онда сақталған жинақтар көлемі 534,3 млрд теңгеге жетті. Санкциядан жүрелеп қалған ресейлік банктің 100% акциясын 2022 жылғы 6 сәуірде ЦентрКредит банкі сатып алды. 13 мамырдан бастап, ол «Eco Center Bank» АҚ аталды. Қыркүйектің басында бұл банк ЦентрКредит банкіне жұтылды: толық қосылудың аяқталғаны мәлімделді. Тиісінше, Eco Center Bank қызметін тоқтатып, лицензиясының күші тоқтатылды. Яғни, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, 1994 жылы Қазақстан нарығын игеруге бірінші болып кіріскен ресейлік бұл банк өз тарихын осылай абыройсыз аяқтады. Бүгінде Қазақстанда жалғыз ресейлік банк қалды, ол – ВТБ. Ол жабылмайтынға ұқсайды: Ресей мемлекеті қолдау көрсетуде. Өйткені қаржыгерлердің түсіндіруінше, Қазақстандағы Ресей елшілігі, консулдықтары, РФ Үкіметі қаржыландыратын түрлі ресейлік ұйымдар, орыс православ шіркеуі осы банк арқылы қаржыландырылады екен. Банктер саны азаю үстінде Үшінші соққы – аймаққа салмағын салған санкция қауіп-қатерлерінен және геосаяси дауылдардан ушыққан экономикалық дағдарыс болды. Жыл басында халық, бизнес жинақтарының үлкен бөлігін банктерден әкете бастады: біразы үйінде сақтауға көшті немесе көлік сатып алды, енді бірі шетелге әкетті, өзге елдердегі жылжымайтын мүлікке салды. – Қаңтар оқиғалары, Ресей-Украина қарулы жанжалы, батыстық санкциялар аясында 2022 жылғы қаңтар-мамыр аралығында банк секторынан клиенттер шамамен 1,6 трлн теңгесін алып кетті. Бірақ банктер өздеріне деген сенімді тез қайтара алды. Жаздың үш айында банктерге 4 трлн теңге түскен. Бұл барлық клиенттің банктердегі жинағының 14%-ына тең. Әрине, оның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдардың, компаниялардың қаражаты бар. Жалпы алғанда, біздің рейтинг агенттігіміз Қазақстанның банк секторын орнықты деп санайды. Ол барлық стресті жағдайларға шыдас бере алды. Бұл қорытынды S&P рейтинг агенттігінің 10 қазанда жарияланған есебінде көрініс тапты, – деп жоғары бағалады қаржыгер Сергей Вороненко. Оның тұжырымдауынша, коммерциялық банктердің капитализация және өтімділік көрсеткіштері биыл жақсы қарқынмен өсіп жатыр. Қаржыгер бұрынғы дағдарыстар тұсында басталған отандық банк секторының проблемалық активтерін реттеу ісі аяғына таяп қалғанын айтты. Жалпы алғанда, әлемді және елді қанша күйзеліс қысқанымен, банктер баюын жалғастырды. Мұны Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова да жасырмады. Оның дерегінше, банк секторының активтері 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 41,5 трлн теңгеге жеткен. Осылайша, жыл басынан бері актив-ауқаты 10,3%-ға немесе 3,9 триллион теңгеге өсті. Бірақ бұл байлықтың 80 пайыздан астамы небары 9 банкке тиесілі. Яғни, саладағы активтер бір топ банктің қолында шоғырланған. Қазіргі кезде Қазақстанда 21 банк қалды. Оның 13-і – шетелдік үлесі бар банктер. Банктерге иелік еткен бақыттылар кім? Қазақстанның ең ірі мемлекеттік емес қаржылық ұйымы саналатын Халық банкі, ресми түрде «Қазақстан халық жинақ банкі» АҚ 2022 жылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша өз акционерлерінің тізімін Қазақстан қор биржасына ұсынды. Оған сәйкес, Халық банкінің жай акцияларының жалпы саны 25 миллиард дананы құрайды. Соның ішінде 13 447 544 782 жай акциялары биржада орналастырылған. Бұл банктің қос акционері бар. Соның ішінде «АЛМЭКС» Холдингтік тобы» АҚ бақылаушы пакетке ие: 7 583 538 228 жай акция немесе жалпы санының 69,52%-ы тиесілі. Ал екінші номиналды ұстаушы The Bank of New York америкалық холдингтік компаниясының еншісінде банктің 3 109 033 040 акциясы немесе 28,50%-ы бар. Еліміздің тағы бір көшбасшы қаржылық ұйымы «Kaspi Bank» АҚ биржаға жай акцияларының жалпы саны 39 млн данасын шығарған. Оның артықшылықты-привилегиясы акцияларының саны – 500 мың. Каспи банктің қожайыны жалғыз – «KASPI GROUP» АҚ. Оның меншігінде 17 668 952 акция (банктің орналастырылған акцияларының жалпы санының 88,34%). Мұндағы басты тұлғалар: Вячеслав Ким және Михаил Ломтадзе. Атап өту керек, Kaspi.kz компаниясында жағдай өзгешелеу: Baring Vostok қорына жай акциялардың 54 808 099 данасы немесе 28,67%-ы, В.К.Кимге – 46 380 152 данасы немесе 24,26%-ы, М.Ломтадзеге 44 774 453 данасы немесе 23,42 пайызы тиесілі. «Bereke Bank» АҚ (бұрынғы Сбербанк) жай акцияларының жалпы саны – 18 млн. Соның 12 839 114-і биржада саудаланады. Бүгінде оның жалғыз қожайыны – Қазақстанның «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі. «ForteBank» АҚ да өз акционерлерінің тізілімін жария етті. Банктің жарияланған жай акцияларының жалпы саны – 150 млрд дана. Соның ішінде 92 387 104 089 жай акциялары биржада орналастырған. Банктің жалғыз қожайыны – миллиардер, меценат, кәсіпкер Болат Өтемұратов. Оның меншігінде банктің шамамен 80,8 млрд жай акциясы (жалпы санының 89,32%) бар. «Еуразиялық банк» АҚ-ында биылғы 1 қазанындағы жағдай бойынша жай акцияларының жалпы саны 2 миллиардтан асады. Артықшылықты акциялар саны – 3 млн. Банктің 20 960 389 жай акциялары биржада орналастырылған. Ал привилегиялы акциялары сатылмайды. Бұл банктің жалғыз акционері «Еуразиялық қаржы компаниясы» АҚ. 2021 жылғы 15 шілдеден бұл компанияның акционерлері болып, Мукадасхан Ибрагимова, Патох Шодиев, Александр Машкевич есептеледі. Әрқайсысының иелігінде 33,3% акциялар бар. «Банк ЦентрКредит» АҚ жай акцияларының жалпы саны 1 211 140 611 дана, ал артықшылықты акцияларының саны – 39 249 255 дана екені анықталды. Оның 188 029 035 жай акциялары және барлық артықшылық акциялары биржада орналастырылған. 1 қазанындағы жағдай бойынша оның екі қожайыны тіркелген: басты иесі, негізгі акционері 64 жасар қаржыгер, тәжірибелі банкир, Қазақ КСРО қаржы министрі Рымбек Байсейітовтың ұлы Бақытбек Байсейітов 91 146 273 жай акцияларға (48,47%) ие. Ал экономист Владислав Ли 20 984 491 жай акциясын (11,16%) қанжығалапты. Қазақстандағы ресейлік «Home Credit Bank» АҚ санкцияға түсіп қалмау үшін өз активтерін чехиялық акционерлеріне сатуға күш салып жатқаны хабарланған. Ол ниетін жүзеге асыра алыпты. 1 қазандағы жағдай бойынша банктің жарияланған жай акцияларының жалпы саны 160 240 дана екені, оның 34 890 жай акциялары биржада орналастырылғаны белгілі болды. Қожайындары келесілер: «Хоум Кредит энд Финанс Банк» ЖШҚ (үлесі 25%), Home Credit Бас атқарушы директоры Иржи Шмейц (9,70%), Home Credit BV Бас директоры Жан-Паскаль Пьер Александр Дювьесар (9,70%), Ладислав Бартоничек (9,70%), Павел Розегнал (9,60%), Катерина Йираскова (9,60%), Павел Горак (9,60%) және Карел Горак (9,60%. Бұлардың бәрі де – чехтар. Жусан банкке ие «First Heartland Jusan Invest» АҚ 2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша жай акцияларының жалпы саны 110 млн екенін хабарлады. Компанияның 19 934 411 жай акциялары биржада орналастырылған. Оның қожайыны жалғыз: «First Heartland Jusan Bank» АҚ: 18 937 691 жай акциясы (100%) соның меншігінде. Биылғы шілдедегі жағдай бойынша Jusan банкінің 78,23% акциясы «First Heartland Securities» (FHS) АҚ-ының, қалған 20,11% акциясы «Қазфосеаттың» және АТФ Банкінің бұрынғы қожайыны Ғалымжан Есеновтің еншісінде. «Bank RBK» Банкі» АҚ жай акцияларының жалпы саны 160,6 млрд екенін жеткізді. Артықшылықты акциялар саны – 500 мың. Банктің 1,6 млрд-тан астам жай акциялары және 450 000 артықшылықты акциялары биржада орналастырылған. Оның 2 қожайыны көрсетілген. Біріншісі «КСС Финанс» ЖШС 1,4 миллиардтан астам акцияны немесе 89,71%-ын меншіктеген. Оның ақырғы акционері – Владимир Ким. Компанияның басқарма төрағасы және ірі өкілі – Болат Жәмішев. Банктің қалған 104 228 751 акциясын, 6,49%-ын осы банктің басқарма төрағасы Наталья Акентьева қанжығасына бөктерді. Қорыта айтқанда, отандық банк секторында қуантарлық та, көңілге қаяу саларлық та жайттар жетерлік. Жақсысы сол, сала дағдарысқа төтеп беруде. Жаманы сол, банктер саны барған сайын азаю үстінде. Егер 1993 жылы елде 204 банк болса, қазір 21 ғана қалды. Салыстырсақ, қырғыз Ұлттық банкінің 2022 жылғы 3 қазандағы мәліметіне сай, 7 миллиондай ғана тұрғыны бар Қырғызстанға бүгінде 23 банк қызмет етеді. Қырғызда да банк саны бізден көп. Яғни, қожайыны кім болсын, әйтеуір қазақстандық банк секторын олигархтар басып алып, шектен тыс олигополияландырғаны байқалады.