27 қазанда Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Салтанат Тұрсынбекова Қарағанды облысынан кейінгі екінші – Ақмола облысына сапарлады.
Көкшетауда көпсалалы облыстық аурухананың дәрігерлерімен кездесіп, мамандарды не мазалайтынын тыңдап, олардың мұң-мұқтажы мен мәселелерін талқылады.
Жиынға бөлім меңгерушілері, хирургтар, медбикелер және басқа да қызметкерлер қатысты. Мамандар жұмыс орнындағы қателіктері үшін дәрігерлердің жауапкершілігі туралы мәселені көтерді.
Құқық қорғаушы дәрігерлерді қолдады.
«Дәрігер – адамдар тағдырын шешетін ерекше мамандық. Дәрігерлер өз көлеңкесінен қорықпауы керек және оларды сотқа бермеу үшін қажетті қозғалыстар жасалуы керек. Операцияның күрделілігіне қарамастан, әрқашан тәуекелдер бар, кейде науқастың өмірін сақтап қалу үшін кәсіби тәуекелге баруға тура келеді. Осының кесірінен медициналық ортада қиын жағдай қалыптасты: адамдар, әсіресе хирург, акушер-гинеколог, анестезиологтар мамандығын тастап кете бастады. Тіпті кейбіреулері елден де кетіп жатыр. Сондықтан медициналық қателіктің салдарынан денсаулыққа қасақана зиян келтіру мәселесін декриминализациялау керек», – деді Салтанат Тұрсынбекова.
Үміткер елімізде дәрігерлердің мәртебесін көтеру керектігін де баса айтты.
«Денсаулық сақтау саласындағы заң жобалары Мәжілісте немесе Сенатта талқыланған сайын мен бұл құжаттар дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің, жүйе қызметкерлерінің құқықтарын қорғай ма, жоқ па, соған мән беремін. Әлеуметтік құқықтар қаншалықты қорғалады? Бүгінгі күні медицина қызметкерінің, дәрігердің, медбикенің әлеуметтік жағдайы жеткілікті ме? Дәрігерлеріміз лайықты өмір сүріп жатыр деп айта аламыз ба? Дәрігерлердің әлеуметтік мәртебесін көтеру керек деп есептеймін. Пандемияға дейін де дәрігерлердің мәртебесі туралы заң жобасы әзірленіп жатқан болатын. Бірақ әлі де кемшіліктер бар. Жағдайды өзгертіп, тиісті заңнаманы қабылдайтын уақыт жетті», – деді Салтанат Тұрсынбекова.
Аурухананың бас дәрігері облыста кәсіподақ ұйымдарының нәтижелі жұмыс істемейтінін атап өтті.
Сонымен қатар, дәрігерлер облыстық емдеу мекемелерінің қаржы тапшылығы мәселесін алға тартты.
Еске салайық, 26 қазанда үміткер сайлау науқаны аясында аймақтарды аралай бастады. Ол Қарағанды облысына бірінші болып барып, құқық қорғаушылармен, заңгерлермен, магистранттармен, сарапшылармен, құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға, мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қорғауға атсалысып жүрген түрлі үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен, және сотталғандармен кездесті. Кейін ол тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін дағдарыс орталығында әйелдермен сөйлесуге барды.